Ыбырай Алтынсариннің «Дала қоңырауы» екендігін дәлелдеп жазыңыз

0
5594

Адамның бала күннен армандап, аңсары ауған бір саласы, яғни ма­ман­дығы болады. Ол өзін соған ба­ғыт­тап, білім-білігін жұмсайды. Сон­­дай ма­ман­дықтың бірі ұстаз болу. Әу баста ниет білдірген жас талаптың бар­лы­ғы дерлік оның тұтқасын ұстап кете алмайды. Оған себеп біріншіден, аяу­лы да ардақты мамандықтың адам көзін ашудағы қиын тұстарына төтеп бере алмауы болса, екіншіден, аса табанды­лық­тың кем болуы дер едік. Өз басым осы қиындықтарды жеңдім деп ойлаймын. Сөйтіп ұстаз бол­дым. Бұл жолды таңдап, ғұмы­рымды бер­ген аяулы мамандық иесі бо­лып, зейнетке шыққан маған оған бет бұруы­ма сөз жоқ, тұңғыш ағар­ту­шы Ыбы­рай Алтынсариннің ұр­пақ­қа қал­дыр­ған тәлім-тәрбиеге то­лы өсиет­тері мен ғибратты мысал­дарына сусындауым­ның әсері мол болды десем, жаңсақ­тық бола қой­мас. Оған мен бітірген, мен ғана емес қазақтың менмін деген талай марқасқалары білім алған ұлы ұс­таздың өз қолымен тұрғызған білім ошағын қоссаңыз, мұғалім болуым­­ның заңдылық екенін айт­пай-ақ тү­сі­несіз. Осы тұрғыда ұлы ағар­тушы тұрғызған мектептің тү­ле­гі ретінде және сол бабамыздың биыл туғаны­на 170 жыл толуына орай мектеп тарихы мен тұңғыш дала қоңы­рауы иесінің мектептер ашуы жайын­дағы аз-кем білгенімді оқырман­мен бөліссем деп отырмын. Орынборда 1850 жылы алғаш ашыл­­ған қазақ-орыс мектебіне оқу­­­ға түскен Ы.Алтынсарин келе-келе Шы­­ғысты зерттеуші ғалым, профессор В.В.Григорьевтің көмегі­мен оның бай кітапханасынан су­сын­­дайды. Сол жерде туған халқының өнер-білім­нен, оқу-ағар­ту ісінен кенде қал­ғанын біліп, алған ілімін халқына пайдалану ниетіне кіріседі. Бойында жоғары ағар­ту­шылық ынта туады. 1860 жылы Орал сыртындағы қазақтар үшін мектеп ашу ұйғары­лып, Ы.Алтынсарин Орынбор об­лыс­тық басқармасының шешімімен Торғайға келіп, өзі арман­даған мақ­сатты ісіне кірісуді бастайды. Әри­не, бұл өте қиын шаруа болса да халқының бола­шағы үшін тәуекел­ге бел бай­лайды. Мектеп ашуға өкімет тарапы­нан қаражат кешіктіріледі. Жергілікті билік түрлі сыл­тау айтып, жәр­дем көрсетуден бас тартады. Осындай қиын­­дыққа кезіккен Ыбы­­рай ұстаз ойынан қайт­пай­ды. Тың жерден тү­рен тартып, дән сепкен диқандай қазақ дала­сына білімнің ал­ғаш­қы нәрін себуге белсене кіріседі. Білімге су­саған қара­па­йым халық бұл маңызды баста­маны қуа­­на қарсы алады. Тор­ғайдағы наға­шысы, әй­гі­лі Шеген би әулетімен Ыбырай мақ­са­­тына қыз­мет етсе, игілікті іс бас­таған немересіне қолдау білдірген Бал­қожа би де беретін көмегін ая­май­ды. «Ба­лаң мектептің ірге­тасын көтеріп жатыр», дегенді естіген ол кісі үйір­лі жыл­қы­ны айдатып, 500 ша­қырымдай жердегі Аманқара­ғай­дан бөренелер тиетіп жіберіп жа­тып­ты дейді білетіндер. Әйтсе де мек­тептің құры­лыс жұмыстары өте баяу жүріп, ол 3-4 жылға созылады. Ұлы ұстаз мектеп үйінің әр кірпішін өз қолы­мен қа­лап, көп қиын­ды­қ­тар­дан соң мақ­са­ты­­на жетеді. Сөй­тіп 1864 жы­лы Тор­­ғай қала­сын­да ал­ғаш­қы қазақ мектебі бой көтереді. Бұл білім ұясын Ыбырай баба сол кездегі озық педагогика үрдісі негізіне құ­ра отырып, жаңа оқыту жүйе­сі­мен жұмыс істеуге талпыныс жа­сайды. Оқуды ана тілінде жүргі­зіп, оқыту әдістерін оқу­шының ын­та мен қызы­ғу­шылы­ғына бағыттай оты­­рып, тәр­биелей оқытуды жос­пар­­лайды. Ал­ғаш­қы оқулықты өзі құ­рас­тырып, өзі сабақ жүргізеді. Оның бірінші беті­не бәрімізге белгілі: Бір Аллаға сыйынып, Кел, балалар, оқылық. Оқығанды көңілге, Ықыласпен тоқылық, – деп бүкіл қазақ даласын білімге ша­қы­ра­ды. Бұл қанатты сөздер жас ұр­пақ санасына мәңгілік ұран бо­лып сақталып қал­ға­ны анық. Жас ұстаз мектепте бала оқыта жүріп, қа­зақ дала­сы­нда басқа да жаңа мектептер ашу­­мен шұ­ғыл­данады. 1876 жылы Петербург, Қазан қа­ла­лары­на барып орыс­тың ағар­тушылық жү­йесін, сонымен бірге ондағы озық ойлы педагогтар еңбектерін зерттейді. Осыдан кейін қазақ тілінде оқу құралдарын жасауды ойлайды. Ал­ғаш­қы оқу­лықтан соң Ыбырай баба алдыңғы қатарлы орыс педагог­тары­ның оқу құралдарын басшы­лыққа ала оты­рып, екі төл оқу құралы – «Қазақ хресто­матиясы» мен «Қа­зақ­тарға орыс тілін үйре­тудің бас­тауыш құралын» басты­рып шығарады. 1879 жылы Ы.Алтынсарин Тор­ғай облысы мектептерінің инс­пек­торы қызметіне тағайындалады. Бұл оның ағартушылық қызметіне кең жол ашады. 1879-1883 жылдар ара­лы­ғында Торғай облысының төрт уе­зінде жаңа мектептердің ашы­луы­на тікелей мұрындық болса, 1-2 сы­нып­тық орыс-қазақ мектептерін ашып, оларды оқулық­тар­мен қамта­ма­сыз етуді де назардан тыс қалдыр­май­ды. 1883 жылы Торғай қала­сын­да қолөнер мектебін өмірге әкеліп, бұл қазақ жерінде техникалық білім беретін оқу орны ретінде тарихта қалды. Сондай-ақ 1887 жылы Ыр­ғыз­дағы ашылған қыздар мектебі де үлкен қуанышты жаңалықтың жар­шысындай болды. Мектептер саны артып, ойлаған арман-тілегі орындала бастаған ағартушыға енді жаңа мектептерге жаңаша тәлім-тәрбие беріп оқыта­тын мұғалімдер қажет еді. Сол себептен де Ор қаласында тұңғыш мұ­ғалімдер мектебінің негізі қа­лануы да заңдылық-тын. Бұл 1881 жыл еді. Осындай игі істерді ұстаз аз ғұ­мырында көптеп істеуге барын сал­ды. Торғайда Ыбекең ашқан мек­тептен қоғам қайраткерлері, ға­лым-ұстаздар Ахмет Байтұр­сынов, Мір­­жақып Дулатов білім алды. Ыбырай салған сара жол – бұл күндері қанатын кеңге жайған, тамырын тереңге жіберген, экономикасы мен мәдениеті дамыған тәуелсіз Қазақстан Республикасының білім шаңырақтарында жалғасын кеңінен табуда. Міне осы мақсатта осы зерттеу жұмысын педагогикалық институт, колледж студенттері қолдануға да болады. Ы.Алтынсаринның шығармаларының, соның ішінде әңгімелерінің және өлеңдерінде айтылған мәселелердің әлі күнде өзекті екендігін тереңірек зерттеуге бағыт беріп, жас зертеушінің жұмысына «өте жақсы» деп бағалауға болады.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ