Мен де ұстазбын- тілі бал, еңбегі адал

0
3453

Халесова Роза Гарифуллиевна, 1956 жылы 30 наурызда Атырау облысы Новобогат ауданы, Новобогат (қазіргі Исатай ауданы, Х.Ерғалиев) ауылында дүниеге келген. 1963 жылы осы ауылдағы Амангелді атындағы орта мектебіне қабылданып, 1973 жылы орта мектепті бітірген. Осы жылы Батыс Қазақстан облысы , А.С.Пушкин атындағы пед.институтының қазақ тілі мен әдебиеті факультетіне оқуға түсіп, 1977 жылы аяқтап, туған жерінде ұстаздық қызметін бастаған. 1979-1986 жылдары аудандық айтыстарға қатысқан. 1983жылы отбасын құруымен байланысты Батыс Қазақстан облысы Жәнібек ауданына келіп, ұстаздық қызметін жалғастырған. 2009 жылдан Астана қаласы № 56 мектеп-лицейінде қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі, «Абай-Шәкәрім» клубының меңгерушісі.

                                                        Шығармашылығы

Міне, менің талай ұлағат пен рухты болашақ маманның санасына себуді мұрат тұтқан киелі шаңырақ- Батыс Қазақстан облысындағы Орал педагогикалық институтын бітіріп, қазақ тілі мен әдебиетінен дәріс бергеніме де 40 жыл толыпты. Осы ұстаздық еткен еңбек жолымда жас ұрпақтың келешегі мектеп пен сол мектептің жаны – ұстаздардын қолында екеніне анық көз жеткіздім. Алдымен осы бір қызығы мен шыжығы бір жүретін мамандықты таңдау себептеріме тоқтала кетейін. Оның біріншісі, сыншыл әкемнің айтқан сөзі: «Қызым, табиғатыңа ұстаздық жарасады. Ұстаз болсаң қор болмайсың, өйткені олар адамдарды тәрбиелейді». Ал екіншісі,мектеп өмірінен әдебиетке,кітапқа деген қызығушылық пен қоғамдық жұмыс арқылы ұстаздарымның көмекшісіне айналғаным. Сөйтіп, мен жоғары оқу орнын жаңа бітірген жас маманнан өз еңбегінің өлшемін өмірде еселеген, жас дарындарымен ерекшеленген, шәкірттері грантты еншілеген білікті ұстазға айналдым.

-Ұстаздық еңбек жолың – болар бағаң, еңбексіз бақыт қолға қона алмаған,- дегендей, өз мамандығыма деген сүйіспеншілігімді, адалдығым-ды төмендегідей көптеген жыр жолдарымда өрнектеп отырдым..

Ұстазбын мен, ұстаздың үлгісімен,
Достасқанмын шәкірттің күллісімен.
Роза Ғарифоллақызы мен боламын,
Танылған мектептегі түрлі ісіммен.
Қол созғанмын арманның биігіне,
Жетіп келем биіктік жиегіне.
Жеке тұлға тәрбиелеу-мақсатым ед,
Ұстаздық еңбегімнің сыйы, міне!
Есте ұстадым дананың даналығын,
Тәрбиелеп баланың шалалығын.
«Ел болам десең, бесігіңді түзе!» деген,
Ұран қылдым Мұхтардың жаңалығын.

Ұстаз қандай болуы тиіс? Менің ойымша, мұғалім- тек пән иесі ғана емес, өмірдің маманы, өмірге тәрбиелеуші тұлға. Сондықтан ұстаздың бойынан барлық қасиеттер табылуға тиіс. -Ұстазға бой көрсету ғана емес, ой көрсету керек.

-Шәкірттің білімі сапалы болса, онда ұстаз еңбегінің де жанғаны. -Ұстаз -талантты шәкіртімен бақытты. -Ұстазда бәрі де әдемі болуы керек : өзі, сөйлеген сөзі, киім –киісі. Біз неге үйрете аламыз? Оны былайша санамалап көрсетуге болады: өз бетімен білім алуға; өз бетімен ойлауға; жаңа шешімдер табуға; өзгелердің пікірін тыңдай білуге; өзінің жеке болашағын жасауға.

Өзімнің ұстаздық қызметімдегі іс-тәжірибемнің өзгешеліктері де бар: Өзім өлең жазатын болғандықтан, шәкірттерімді де әр түрлі тақырыпта өлең, ойтолғау, мақала, эссе ,ғылыми жоба, баяндама жазуға жетелеймін. Мектептегі «Абай-Шәкәрім»клуб-мұражайының және «Сөз өнері үйір- месінің жетекшісімін. Кезінде тереңдетілген сыныпта теледидардың экранын алып тастап,ар жағынан сөйлеуге үйретіп, шәкірттерімді теледидар тіліне, жүргізушілікке әзірлегенім де өз нәтижесін берді. Олар мектеп бітіргеннен кейін, журналист,әдебиетші- мұғалім ,тарихшы т. б. мамандық иелері болып абыройлы қызмет атқарса, олардың ішінен айтыскер, термешілер де шықты. Қазір де осы бағытта оқып жүрген ,бітірген әдебиетшілер мен журналистерім баршылық, олар Атырау,Орал, Астанада еңбек етуде.

Сөйтіп, қазақ тілі мен әдебиеті пәнін оқыта отырып, іздендіру арқылы әр баланың жеке қабілетіне қарай жан-жақты дамуына, жеке тұлғаның рухани шығармашылық келбетін қалыптастырудың нәтижесі өз жемісін беріп келеді.Осы мақсатта мәнерлеп оқуға, ақындыққа, үйірмеге, дидактикалық материал (әдістемелік құрал) құрастыруға, ғылыми жұмыстарға көңіл бөлемін.Оқушы бойындағы дарын оқушы ізденісінен туындайды, мұғалімнің демеуімен жарыққа шығады.

Осыдан келіп, -дарынды бала кім, қабілетсіз бала бола ма?-деген сұрақ туады. Мен үшін қабілетсіз, қиын бала жоқ . Туа біткен қабілетке одан әрі шабыт беріп, жүре пайда болатындарды байқап, қолдау көрсету қажет. Сонда ғана өз еңбегіміздің жемісін көреміз. Оқушыларды бейініне қарай шығармашылық ізденіс жұмысына тарту, байқауларға қатыстыру арқылы шын дарындарды анықтап отырамын. Өз тәжірибемде сабақты «орташа» бағамен оқитын Елеусіз А. Пірмағамбетов А. сияқты оқушылар Абайдың 150-160 өлеңін ,Мұқағалидың 3 поэмасын жатқа айтып беріп, жүлделі орындарды иеленген болатын (9-сыныптан соң колледжге кетті)

Біздің үйрететін пәніміз А.Байтұрсынов айтқандай, оқушының көңіліне, санасына, ақыл-ойына әсер етеді. Бұл пәнді игерту және оқушыларды шығармашылыққа баулу арқылы жас ұрпақты адамгершілік, эстетикалық құндылықтарымен жақындастырып, қоғамдық өмірге әзірлейміз.

Менің мақсатым – көрікті ой, кестелі сөз құрайтын ақынжанды, туған тілді қастерлей білетін саналы,сөзді қоғамдық пікір қалыптастырудың құралы ретінде бағалайтын шәкірт тәрбиелеу. Ана тілі қызықтар әлеміне жетелеп,әңгіме және өлең нәрімен сусындататын асыл қазына екенін балалар жүрегімен сезсе ғана, ана сүтімен бойына сіңген тілінің қадірін білетін болады. «Сөзіне қарап болжа, ісіне қарап қолда» дегендей, менің әр сабақтарымнан ой түйген, ақындарға еліктеп жыр сүйген шәкірттерім әр түрлі байқауларда жетістіктерімен көрінуде. Олардың өлең өрінде,шығармашылық сайыстарда қолтаңба қалдыруына өлеңмен өрілген сабақтарымның да көмегі тиіп келеді.

Өз пәніммен сырласу

Ана тіл мен әдебиет,

Ардақталған пән едің.

Адамдарға шуағы мол,

Ұстаздарға тән едің.

Абай болып даналықты,

Үйретесің ұрпаққа.

Өлеңіңді әлі күнге,

Шәкірттерім жүр жаттап.

Адамдарды тәрбиелеу –

Бұл пәндердің мұраты.

Ақынжанды шәкірт өссе,

Адам жанын ұғатын.

Сауатты боп шықса дейсің,

Ыбырайды үлгі етіп.

Сөз өнерін үйренсе деп,

Ана тілді түрлентіп.

Дана халық бас иетін,

Бұл тілде бар қасиет.

Туған елім тартпаса екен,

Тілсіздіктен қасірет.

Сұлулық пен адамдықты,

Ту етесің халыққа.

Арманым жоқ бұл ғылымды,

Шәкіртіме танытсам.

Халесова Роза Гарифуллиевна

№56 мектеп-лицейі,қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің жоғары санатты мұғалімі. «Абай-Шәкәрім»клубының жетекшісі

Қазақ зиялылары — ұстаз жырында

Оралхан Бөкей рухына

Ақ өлең боп құйылған қара сөзің,

Адам жанын баурағанын сездің бе

Шешен тілді жазушым «Мұзартыңнан»,

Баба сырын талмай іздеп кездің бе

Асқақ Мұзарт, қар жастанған биіктен,

Тәкаппарлық, асаулықты көремін.

Тірлікте де ойың биік болған соң,

Ардақтады-ау, бүгінгідей өз елің.

Ой -сезімді қатар өріп, жазыпсың,

Сан тағдырды зерттеген бір алыпсың.

Қара сөздің құдіретіне о, ақын,

Сенің сыршыл шығармаңнан қанықтым.

Ғұмар Қараш шығармашылығына/ Ұстаздық көзбен…

Жырыңды оқып, сырыңа қанып, тұшындым,

Болғанын сезіп, көбірек күз бен қысыңның.

Ғұлама ақын беймәлім болған көп жылдар

Өзіңе бүгін жаңа бір өлең ұсындым.

Қазағың сені танымай әлі жүргенде

Шетелде мұраң зерттеліп жатты мақталып,

Томас Виннер мақаласы шыққан соң

Есімің жетті еліңе қарай ақталып.

«Қарлығаштай» жинағыңды арнап халқыңа,

«Қарекет етсең, жарылқармын» деп үйреттің

Ұсынған жолың – адал еңбек жалпыға

Жалқаулықты жаныңнан қуып күйреттің.

«Тұрымтайың – поэзияңның биігі

Өмір – заман толғанысының жиыны.

Ел болуды көксеген жырларыңның

Тәуелсіздік болып еді-ау түйіні.

Ойшыл ақын – замана жайын толғаған

Ел атынан елдің мұңын қолдаған

Арын сатқан, екі жүзді паңдардан

Уағыз айтып, надандықтан қорғаған.

Ақыл сөзбен әдіптен жазған «Өрнегің»

Талай жалқау, мақтаншақты жөндеді

Елін сүйген жүректен бұлқынған жыр

Туған жердің төсіне өрлеп тербеді.

Шындық іздеп, «Дұрыстық жолын» таңдадың

Дінің менен тілің жайын талдадың.

Ұлттық өнер, ана тілді аялау

Болған еді сол кездегі арманың.

Сақталды сол асқақ арман тұнығы

Ел жаңарды, өзгеріп сана ұғымы

Ұрпағың тұр өзің жайлы ой толғап,

Тот баспайтын асылдардың сынығы.

Естіп өстік сан тарихтың тасырын

Қойнауында жатқан сыры жасырын

Қабыл алшы, ұрпақ сөзін, ақыным,

Ардақтауға келді елің асылын!

Ғұмар Қараш мектебіне

Көлборсыдай елің бар,

Жырға қосқан жерің бар.

Көңіл шіркін толғандай

Үміт артқан жастарың

Алды арман-асқарың

Қалай қалсын ақын бүгін толғанбай.

Халқың байып

Қанат жайып

Көш көбейіп, ел қонды.

Қараш атын

Ақын затын

Бағалаған Елғонды

Жырға қоссақ болмай ма

Жолы дәйім болғай да!

Ақын өзі айтқандай:

Балапаннан бау тағып

Сұңқарыңды өсірді

Қараңғыға жарық боп

Берген білім анық боп

Мектебіңе берді есімді

.

Ақын ізі – сендерсің

Тәңірі берген ерлерсің

Ғұмар Қараш мектебіне

Ақын рухы дем берсін!

Қаныш Сәтбаевқа…

Сан ғасырдың тарихынан кешегі

Өз елімнің шежіресі еседі

Академик Сәтбаевты ғылымға

640 еңбек жазған деседі.

Жезқазғанда кенді зерттеп ерледі

Бағаланды ғылымдағы еңбегі.

Теңдесі жоқ білімінің белгісі

Мемлекеттік сыйлық оған бергені.

Қаратаудан шипалы су тапқанда

Ол минерал дүйім елге жаққанда.

Атақ алды Сәтбаев та ғалым боп

Аты шықты өз жерінен аспанға.

Кең даламның кен іздеген қыраны,

Туған жердің жүрегінде тұр әлі,

Ұрпақтары Қаныштайын ағаны

Ғалымдардың Президенті деп ұғады.

Тарихымды зерделеумен келемін

Зиялымды әлі зерттей беремін

Елі үшін Еңбек еткен ерлерді

Жыр етуге арналсын тек өлеңім!…

Қасық қаннан құралған ғұмыр

Бұл жыр қалай туды?.. «Жас Алаш» газетінен Мәншүк қанын беріп,

аман алып қалған майдангердің естелігін оқыдым. Сол естелік маған ой салды, оны қағаз бетіне түсірдім.

Екі аяғы тізесінен кесілген,

Қажырлы қарт қол арбада отырды.

Сұм соғысты өз басынан кешірген

Ойлы көзден әлде бір сыр оқылды.

Қарт күрсінді, жанарын мұң торлады,

Сәл серпіліп, кең иығын қомдады.

Ертегідей жәймен айта бастады,

Сол оқиға қалай ғана болғанын…

— Бағытымыз қанды майдан, от жалын,

Қатты айқас, өмір-өлім, қас-қағым.

Жауға деген ашу – ыза кек болып

Жинағанды Отанымның жастарын.

Елін сүйген ер екіге жарылмас

Елі үшін жан қияр ер тарылмас.

Тепсе темір үзетін жігіттердің қатарын

Толықтырды Мәншүк атты қарындас.

Алғы шепке аттану боп арманы

Жүрген Мәншүк жау бағытын барлады.

Пулеметтің қыр мен сырын меңгеріп

Ерлік іске мергендікті жалғады.

— Бір ұрыста жараландым, құладым,

Қан көп кетті, сөнер ме еді шырағым.

Маған өлім таянғанын сезген қыз ,

Қанын беріп ғұмырымды құрады.

Екі аяқтан айрылсам да, биікпін

Өз бойыма қажыр – қайрат жиыппын

Мені ажалдан құтқарған Мәншүгімді

Еске аламын қабағыма жиып мұң.

Қасық қаннан құралыпты ғұмырым

Қарлығаштың су сепкен бір ұлымын.

Өмір сыйлап адамзатқа батыр қыз

Жасап кетті, өзі тұрар тұғырын.

— Деп шешілді қарт қабағы ашылып,

Қалың ойдың тұманы да басылып,

Мен де келдім араңызға бұл сырды

Жаңа өлеңмен жеткізуге асығып.

Әке қабірі басында

Қабіріңе келіп міне бір Гүлің,

Сағынышын жырмен тербеп тұр бүгін.

Тыңда енді, өз аузынан балаңның,

Отбасының амандығын, тірлігін .

Бәрі жақсы, бәрі де бар жетеді,

Кейде көңіл шарықтап – ақ кетеді.

Бірақ әке сенің орның ерекше,

Тек сол ғана бізді жарты етеді.

Дастарқаның көніліңдей өзіңнің ,

Шаңырағың тұр белгісіндей көзіңнің.

Аяулы анам қонағыңды күтеді,

Белгісіндей сарқылмайтын төзімнің.

Жолдастарың баршылық – ау өмірде,

Ыстық олар көрінеді көңілге .

Өзіңменен бірге отырған секілді,

Күйде болам отырса егер төрімде.

Бір жолдасың үйге келсе сағынған,

Қуаныш қой, мұндай кезден арылман.

Бір жолдасың жылдам өтіп кетеді,

Кірсе үйге, түсетіндей тағынан.

Мен мұндайда мұңаямын, соламын,

Неге ғана келмеді деп қонағың.

Сіздерменен ойнап – күлген кездерін.

Елестетіп бүгінгідей шоламын.

Қайран жүрек, тілейсің – ау жылылық

Балаң көңіл соны енді жүр ұғып

Өкпемді айтып көргендерге әкемді

Шер тарқатып алсам ба екен тынығып?

Ананың ақ сүті

Ана! Ана! Құдіретті бұл есім

Құрметтейік бұл атаудың иесін.

Ана арқылы адамзатты бағалап.

Ана арқылы туған жерді сүйесің.

Ана деген – ажары пәк көнілдің

Ана деген – базары бұл өмірдің

Төге берші шуағыңды күн болып

Арайлансын мұнарасы көгімнің

Жан күйімді көздерімнен ұғатын

Есейсек те қамқор болып тұратын

Төзімі мол, мейірімді, о, ана!

Ақ сүтіңді ақтап өту – мұратым.

Шәкіртке сыр

Еске алады шәкіртін ұстаздарың

Күні кеше еді – ау деп ұшқандарың.

Ұмытпай кеп, сәлем бер мектебіңе

Ұмытпаңдар бұл үйде ұстаз барын.

Өмір сырын үйреткен, тәлім берген

Тәрбиесін, білімін – барін берген.

Түлектерім, қадірлеп ұстаздарды

Алғысыңды айт, сазды әуен әніңменен.

Бөтагөзім – болашақ дәрігерім,

Ән салса тербетілген әні керім.

Жылы сөз, мейірімің бұл күндері

Болатындай біз үшін дәрілерің.

Қиялдап, болашақты, нұрлы өмірді

Тілінен өзі сүйген гүл өрілді.

Ізбасарым – Жайнагүл, Әдеміге

Ұстаздық жүрегімнен жыр төгілді.

Бір жылы қатар ұшып түледіңдер,

Мектептің аялаған гүлі едіңдер,

Ұлпан, Меңтай, Айсұлу, Лаураларым

Жүріңдерші ұстаздың жүрегінде.

Сендерсің ертеңгі күн азаматы,

Сендермен өсер елің, қазақ атың,

Ұл – қызым айналайын өздерің ғой

Аспанға шығаратын қазақ атын!

 


ПІКІР ҚАЛДЫРУ