Бүгінгі сұхбатымыз басты кейіпкері: Абылай хан атындағы қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің студенті Наргиза Шыңғысхан жақында Қытайдағы Hainan Tropical Ocean University ЖОО-нын тәмамдап, елімізге мол тәжірибемен оралды. Наргиза Қытайдағы білім жүйесі туралы әңгімелеп берді.
— Шекара асып, білім алуыңызға не себеп болды?
-Басты себеп – қытай тіліне деген қызығушылық.Университетте қытай тілі, шетел тілдерін үйрену бойынша қосымша тіл болып саналады.Тілді игеру сапасын арттыру үшін,сол елдің мәдениетіне қанық бола отырып үйрену жақсы нәтиже береді. Сондықтан,тілді игеру барысында сол тілде сөйлейтін елдің тынысымен жақынырақ танысқан дұрыс.
Ал екіншіден, менің мамандығым туризм саласымен тығыз байланыста, сондықтан да Хайнань аралының басты туристік орталығы Санья қаласын таңдадым. Осы екі фактор, Қытай еліне барып білім алуыма басты себеп болды.
— Қандай білім беру бағдарламасы бойынша бардыңыз?
— Өзім оқитын ЖОО-ы шетелдермен тығыз байланыста.Академиялық мобильділік бағдарламасы бойынша шекара асып білім алуға көптеген мүмкіндіктер жасалған.Аталмыш бағдарлама арқылы GPA-көрсеткіші жоғары студенттер іріктеліп алынады.Іріктеуден өткен студент үшін бұл үлкен мүмкіндік болмақ.Ақысы жайлы айтар болсақ: оқуы,орналасатын орны тегін болды.Студент тек өзінің жол ақысына ғана шығындалады.
— Шетел мен Қазақстанның білім беру жүйесінде қандай айырмашылық байқадыңыз?
-Қазақстан мен Қытайдың білім беру жүйесінің арасында үлкен айырмашылық бар деп айта алмаймын. Себебі,жүйелері өзара ұқсас келеді.Шыны керек,біздің еліміз білім беру жағынан шетелдерден еш кем түспейді.
— Білім алудан басқа қандай қызықты істермен шұғылдандыңыз?
-Түске дейінгі ауысым сабақ уақыты болса,түстен соң түрлі үйірмелерге баратынбыз. Каллиграфияны игеру,ән мен би сабағы,спортпен шұғылдану – уақытымызды тиімді өткізуге жақсы себеп болды.Одан бөлек,қалалық іс-шараларға ерікті ретінде атсалыстық.
Ол өзімізге де тілді дамыту және жаңа достар табу тұрғысынан көп көмек болды. ЖОО-ның іс-шараларына белсене қатыстық.Қытай елінде жүріп,ұлттық киімімізді киіп «Қамажай» билеген сәттер де болды.Ол жергілікті газет беттерінде жарияланған болатын.Осылайша, шетелде жүріп жергілікті халықты өз еліміздің мәдениетімен таныстырдық.
— Сіз барған елдің халқы туралы бірер ауыз айтып берсеңіз?
-Маған және менімен бірге барған жастарға жергілікті халық жақсы әсер қалдырды. Қытай халқы – өте еңбеққор, жаңалықтарға әрдайым ашық. Көмектерін бізден еш аямады. Біздің шетелден келгенімізді біліп, жатсынбай, барынша көмектесуге тырысты. Ең маңыздысы, олар өз елінің патриоттары екендігін байқатты.
Өз елі, жері, рәміздері үшін барлығын беруге даяр екендігіне көзіміз жетті.
— Әлемді жаулаған пандемия білім алуыңызға қалай әсер етті?
-Мен елге оралғанда,елімізде пандемия енді ғана басталып жатқан болатын.Жоспар бойынша,оқуымды әрі қарай Қытайда жалғастыруға тиіс едім.Бірақ, пандемия ахуалына байланысты бұл жоспарымды кейінге шегеруге тура келді.Осы тұрғыда пандемия менің жоспарларыма кері әсерін тигізді.
— Шетелдік білім беру тәжірибесінен өзіңізге не алдыңыз, болашаққа қандай жоспарларыңыз бар?
-Шетелге барып білім алуым өмірімді: оған дейінгі және одан кейінгі екі кезеңге бөлді.
Менің ойымша, белгілі бір кезеңде уақытын өз елінен жырақта өткізген адам қорқыныштарынан арылып,жаңа дүниеге,жаңа оқиғаларға әрдайым дайын болады.Өзіне деген сенімділігі арта түседі.Елге оралған соң осындай өзгерістерді аңғара бастадым.
Шетелде көріп үйренген технологиялар мен идеяларды өз елімде жүзеге асырғым келеді.Осы тұрғыда маған үлкен талпыныс берді.
Қытайда білім алуым: болашақта басқа да тілдерді меңгеруге,тек осымен шектеліп қалмай,өзге де мемлекеттерді көруге деген құлшыныс сыйлады.
— Шетелге барғысы келетін студентке сіздің кеңесіңіз…
-Шетелге барып білім алғысы келетін студентке ең бірінші айтар кеңесім:қорықпаңыз! Кез келген халық – ол дәл өзіңіздей адам.Сіз өзіңіз барсаңыз да, топпен барсаңыз да бойыңызда қорқыныштың болмауы тиіс.
Жаңа нәрселерге,жаңа адамдарға ашық болыңыз.Міндетті түрде, өзіңіз баратын елдің тарихына,мәдениетіне,салт-дәстүрлеріне алдын-ала шолу жасаңыз.
Мәдениет орталықтарын,барғаннан соң өз көзіңізбен көруге тиісті жерлерді қарастырып қойыңыз.Кейін өзіңізге ыңғайлы болады.Оған қоса, сол елдің халқы сөйлейтін тілдің негізгі сөздерін білгеніңіз абзал.
Қазақстаннан екендігіңізді білдіретін бір-екі атрибуттарды ұмытпаңыз.Ту немесе ұлттық тағамдар болсын,басқа халыққа қай жақтан келгеніңізді білдіртетін дүниенің өзіңізбен болғаны жөн.
-Сұхбатыңызға рақмет!
Гүлманат Райымбаева