Думан Тұрғынбай: Ол жақта ешқандай «Жәке, Бәке» жоқ

1
797

Сакария университетінде білім алып жатқан отандасымыз Думан Тұрғынбай еліміздің ЖОО-нда білім алып көрмеген. Ол қалай 1 курс студенті атанды? Түркиядағы қызықтар туралы айтып берді.

-Думан, сұхбат беруге келгеніңізге үлкен рақмет! Не себепті  Сакария университетін таңдадыңыз?

— Негізі мен Тараз қалалық «Дарын» мектеп- интернатында білім алдым. Жас түлек ретінде мамандық таңдауға тиіс едім. Бизнес саласы қатты қызықтырды. Сосын Қазақстандағы университеттер туралы мәлімет қарастыра бастадым.

Кейінірек «Неге шет елге барып, білім алып келіп, Қазақстанда бизнес саласын дамытпасқа?» деп ойладым.  Сосын өзге елдің  жоғары оқу орындарын қарастыра бастадым. Жүрегіме Түркия жақын болды. Не дегенмен түрік тілдес халық емес пе?! Ізденістерімнің нәтижесінде Сакария университетін таңдадым. Курстардың кең ауқымы мен оқытушылар құрамының танымалдығы мені қатты қызықтырды.

Мен еліме кішкентай болса да пайдамды тигізгім келеді. Қазақстанда білім сапасы нашар деуге келмес.  Десек те, ол білім маған аздық ететіндей болып көрінді.

 

— Қазір қандай мамандық бойынша білім алып жатырсыз? Оқуға түсу үшін қандай  тест қажет?

— Бір жыл университет қабырғасында «Tömer» атты курс оқыдым. Яғни, түрік тілі бойынша дәріс алдым. Содан кейін ғана 1 курсқа түстім. Қазір 1 курс студентімін.

Қазақстанмен салыстырғанда қандай айырмашылық бар?

— Нақты еш нарсе айта алмаймын. Сакария университетін бітіріп шыққан соң, халықаралық диплом береді. Яғни осы диплом арқылы әлемнің кез-келген жерінде жұмыс істей аламын деп ойлаймын.

Ағылшын тілін терең түрде үйретеді және практика жүзінде қолдануға мүмкіндік бар. Ол жақта ешқандай «Жәке, Бәке» жоқ. Таза білім. Қазақстаның ЖОО жаман демеймін, себебі мен Қазақстандық университетте оқып көрмедім. Әр жердің өз артықшылығы, өз кемшілігі болады ғой.

Түркия елінде білім алу сізге қандай мүмкіндік сыйлады?

— Ең бірінші, шетелге шығып, өз бағымды сынауға мүмкіндік берді. Жаңа орта, жаңа достар сыйлады. Өмірге деген көзқарасымды өзгертті. Ең бастысы білімімді арттырып, түрік тілін үйрендім.

Сонда сіз түрік тілін мүлдем білмей бардыңыз ба?

— Иә, алғашында түрік тілін мүлдем білмедім. Тәуекел деп, қорықпай арманыма қадам баса бердім. Қазір, түрік тілінде еркін сөйлей аламын.

Түркияда білім алғысы келетін жастарға қандай кеңес бересіз?

— Тек өзіңізге сеніңіз. Біліміңізге сеніңіз. Армандаңыз! Арманыңыз сізге қанат бітіріп, өзі-ақ сізді арманыңызға қарай жетелейді, және ең бастысы еңбектеніңіз. Еңбектену арқылы барлық белесті бағындырасыз.

-Думан,  үлкен рақмет. Арманыңыз сізге қанат бітіргеніне сенімдімін. Алдағы уақытта Сакария университетін үздік аяқтап, Қазақстанға еңбек сіңіретін азамат болыңыз!

Жұмабек Аяулым


1 ПІКІР

ПІКІР ҚАЛДЫРУ