Очерк жазудың тәсілі

0
13983

Очерк. Публицистикалық жанрлардың ішіндегі ең қиын да күрделісі. Оны тілдік қызметіне қарап екі жанрға жақындастыруға болады. Бірі — публицистикалық, екіншісі — көркем әдебиет, очерктің портреттік, жолсапар, проблемалық деген түрлерінің барлығы белгілі. Жалпы алғанда «Очерк публицистикалық жанр ретінде үлгілі оқиғаны, құбылысты, оның кейіпкерлерін насихаттайды. Басқа жанрлардан ерекшелігі очерктің бойында көркем әдебиеттің элементтері көптеп кездеседі. Ал, көркем-әдебиет жанрларының ерекшелігі-нақтылық, фактіні қолдану және публицистикалық элементтердің болуы. Өмір құбылыстарын терең зерттеп, сырына ерекше мән бере отырып, очерк түрлі проблемаларға барлаушы ретінде араласып, ескілікпен күресіп, болашақты насихаттайды».

Очерктің тақырыбына шек қойылмайды. Адам өміріндегі еңбек, ауыл шаруашылығы, ғылыы, білім, мәдениет және т.б. — бәрі оның қамтитын тақырып аясына сыйып кетеді. Тілдік құрылымы жағынан әдеби тілдің жазбаша түріне жатады, бірақ тақырыптық шектеудің жоқтығынан ол өзіне сөйлеу тілінің әр түрлі жағдайын бейімдей алады. Өйткені, очерк жанр ретінде публицистикада да, көркем әдебиетте де кездеседі. Очерк еңбек адамы мен озат ұжымның жақсы тәжірибесін, биік көрсеткішін насихаттайтын, көптің ортақ игілігіне айналған жанр. Ол көбіне сол адамдардың қол жеткен табыстары, адамгершілік әрекеттері туралы жылы лебіз білдіріп, тебірене баяндайды. Оның басты объектісі — адам.

Очерк публицистикалық жанр ретінде танымал оқиғаны, болған құбылысты осы оқиғаның басты кейіпкерін образды түрде суреттейді. Ең алдымен дәуір талабына, сол кезеңнің күн тәртібінде тұрған көкейтесті мәселелеріне үн қосады. Очерк көркем суреттеулермен қатар публицистикалық баяндауларға барып, әлеуметтік-статистикалық дәлел-деректерді пайдаланады.

Тіл құралы қызметі жағынан әдеби тілдің жазба түріне жатады, бірақ тақырыптық шектеудің жоқтығынан жоғарыда айтып өткеніміздей, ол өзіне сөйлеу тілінің әр түрлі жағдайын бейімдей алады. Көркем сөз-ойды және сөзді образ арқылы бейнелейтін айрықша өнер. Тілді көркем пайдалану баспасөзде ерекше эстетикалық қызмет атқарады. Адам өз ойын тілдік құрал арқылы дараласа, көркем шығармалар жазушы, журналистің өмір тануына, қоғамға көзқарасы, сол өмір фактісін жинақтап, қорытып бейнелі, әдемі тілмен жазу мәнері мен шеберлігінен туындайды. Сөйлеу тіліміздегі сөздер бұрыннан үйреншікті қалыпта жұмсалады, ал көркем шығармада болсын, публицистикалық жанрларда болсын сөздер сараланып, іріктеліп белгілі стильдік мақсатта қолданылады. Көркем сөзбен жазылған әдеби шығарма болсын, корреспонденция, мақала, очерк болсын өмір фактілерін жан-жақты терең қамтитын-жанды организм. Онда адам да, құс та, табиғат та қатысады.

Тұрмысымыз, шаруашылығымыз, мәдениетіміз, экономикамыздың даму жолдары көрсетіледі. Публицистикалық шығармалардың өз объектісі, проблемасы, ал көркем шығармаларда жағымды, жағымсыз кейіпкерлері болады. Олардың әрқайсысының бейнесін, образын, портретін ашу үшін іс-әрекеті, ой-өрісі, өмірді тануы, яғни, әр кейіпкердің тіл ерекшеліктері болуы шарт.

Қазіргі очерктерде авторлық баяндаудың үш негізгі типі көп тараған, олар өздерінің атқаратын функцияларымен ажыратылады. Баяндау типтері бір-бірімен баяндауды құрудағы авторлық белсенділікпен ерекшеленеді. Очерктегі баяндаудың ең көп тараған түрінде объектіні сипаттау үшін 3-ші жақ формасы қолданылады. Автор, баяндаушы құбылысты, оқиғаны өзі қатыспай-ақ объективті түрде суреттейді. Бұл суреттеу өткен шақтағы етістіктің 3-ші жағының жекеше немесе көпше формаларының көмегімен келтіріледі.

Баяндаудың бұл түрінде бірінші жақтан жүреді. Мүндай суреттеуде баяндаушы авторға жақын. Автор баяндауды белсенді жүргізуші ретінде көрінеді. Баяндаудың бұл түріне авторлық «мен» тікелей қатысты. Очеркке сондай-ақ мазмұндауды «біз» арқылы баяндау да тән. Бұл баяндау ұжымдық шығар-машылықтың жемісі, ол көбінесе жолсапар очеркінде кездеседі.

Очерктің жанрлық түрлері де көп образды болып келеді. Енді олардың өзіндік ерекшеліктеріне тоқталатын болсақ, онда:

1. Портреттік очерк. Мұнда озат азаматтардың асқақ бейнесі жасалады, олардың үлгілі ісі, рух-байлығы, адамдардың мінез-құлқы, әлеуметтік белсенділігі, басқа да жағымды қасиеттері, соларды қалыптастырудағы қоғамның, ортаның ықпал-әсері ашылады. Портреттік очерк кейде бір жеке шаруашылықтың, өнеркәсіп ұжымының еңбегін керсетуге, солардың ұжымдық портретін жасауға арналады.

2. Проблематикалық-аналитикалық очерк те әлеуметтік, экономикалық, саяси өміріміздегі моральдық тұрмысымыздың өмір-салтындағы жаңалықтардың күн тәртібіне қойылып, шешілуін талап ететін проблемалық мәселелерді көрсетеді. Ол көбінесе аудан, ауыл, өнеркәсіп орындарының өмірінен алынып жазылады. Мұнда аналитикалық пікір-толғанысқа бару, сын айту басым жатады.

3. Жол сапар очеркі. Бұл очерк жанрының ең көне түрі. Ол автор жол-жөнекей көрген-білгенін, кездесулер мен куәсі болған оқиғалардың негізінде жазылады. Автор өзін толғандыратын әлеуметтік-экономикалық, ғылыми, мәдени, салттық-саналық мәселелерді ғана іріктеп әңгімелейді.

4. Суреттеме очерк. Мұнда кейіпкер мен ұжым бейнесін ашатын өмірбаяндық бірер ғана емес, нақты факті алынады. Оны көрсетуге очерк табиғаты суреттеудің очерктік жүйесі қолданылады. Ол боллған оқиға, орын алған фактімен оперативті түрде жазылады.

Газет очеркінің шағын көлеміне орай тілі орамды әрі ықшам болғаны, артық сөздің кездеспегені жақсы. Газет тілшісі М.Максимовке жазған хатын-да жазушы: «Диалог аздау, сурет молырақ болсын. Лирика қажет емес, факт жақсы. Бірақ фактіні мүмкіндігінше көркемдеп, өткірлеп беріңіз», — деген екен. Осыдан-ақ, очерктің әрі қызықты, әрі қиын жанр екеніне көз жеткізу қиын емес.

Ал, жалпы очеркті газет очеркі, көркем очерк деп бөлу жайына келетін болсақ, ондағы айырмашылық мынада: біріншіден, газет очеркінің көлемі шағын, екіншіден, газет очеркі өте оперативті, жедел жазылады. Аса маңызды оқиғаларды, құбылыстарды өмірмен ілесе, қатарласа шапшаң суреттей алады, үшіншіден, өмір шындығын жан-жақты кең қамтиды.

Газет очеркінің мақсаты — өмірдің нақты фактілерімен үгіттеу, озаттардың тәжірибесі мен үлгісін көпшілік игілігіне айналдыру.

Бірақ, бұл ерекшеліктер очерктің көркемдік қасиетіне еш нұсқан келтірмейді. Газет очеркі де — көркем-публицистикалық туынды. Сондықтан, жалпы очерк жанрларына қойылатын талап, шарт оған да ортақ.


ПІКІР ҚАЛДЫРУ