«Қош келдіңдер, қанатты достар!» (сабақ жоспары)

0
2242
Freepik.com

Мақсаты: Оқушыларға жалпы құстардың пайдасы туралы мағлұматтар беру. Құстарға
қамқор болуға, құстарды аялауға бейімдеу. Құстар туралы ой-өрістерін, түсініктерін дамыту, сондай-ақ, оқушыларды Отанын, жерін, орманын, көлін, табиғатын сүюге тәрбиелеу.

Көрнекілігі: интербелсенді тақтада дайындалған слайд, бейнежазба.

Мұғалім сөзі: Құрметті ұстаздар мен оқушылар, қонақтар! Сіздерді көктемнің мерекесі, көктем жаршысы құстардың келуімен құттықтаймын. Бұл мереке табиғаттың қысқы ұйқыдан оятуын танытатын кішкентай ғана табиғаттың бір бөлігі, көктем жаршысы құс мерекесі.

Жер бетінде 8600-ге жуық құстар түрі бар десек, біздің елімізде 500-дей түрі кездеседі екен. Біздің халық ежелден аң-құстарға әуес, оларға деген сүйіспеншілігін шексіз дәріптеп, ең жақсы адамдарды құсқа теңегені белгілі. Мысалы, саңлақ ұлдарын сұңқарға теңесе, төгіле ән шырқайтын әншісін бұлбұлға, елі үшін, Отаны үшін жанын қиятын батырларын қыранға, елден асқан сұлуын аққуға теңегені белгілі.

Адам мен құстардың достығы сонау ерте заманнан-ақ басталған. Біздің халқымыз кең далада, табиғаты, құстары бар бай далада өскен. Оған дәлел халықтық аңыз ертегілер, құстар жайлы айтылған ән-жырлар.

1-жүргізуші: Сәлеметсіздер ме, құрметті қонақтар, достар! Сіздерді бүгінгі «Қош келдіңдер, қанатты достар!» атты тәрбие сағатымызды тамашалауға шақырамыз.

2-жүргізуші: Құс – табиғат байлығы. Олар табиғат байлығын ағаштарды, өсімдіктерді зиянды жәндіктерден тазартады. Құстарды қорғай білу керек.

1-жүргізуші: Біздің еліміздегі құстардың көпшілігі – жыл құстары. Жыл құстары салқын түсе жылы жаққа ұшып кетіп, көктемде қайта ұшып келеді. Ол құстарға көкек, қарлығаш, аққу, қараторғай, бұлбұл, тоқылдақ, үйрек, қаз, тырна жатады.

2-жүргізуші: Олар біздің жерімізге ұя салып, балапан шығару үшін көктемде ұшып келеді.

1-оқушы:

Көктем келді, құс келді,
Ойнаймыз біз саз илеп,
Біздің көлге түстенді,
Былтыр кеткен қаз-үйрек.
Көк көйлегін киді жер,
Шешіп ақ қар ішігін.

Еміріне сүйді жел,
Жас теректің бүршігін.
Алақай-ау, балалар,
Қандай жақсы көктемгі ай.

2-оқушы:

Аппақ керуен тәрізді,
Торғын көкте жоғары.
Келеді, міне, жыл құсы,
Көктемнің тұңғыш қонағы .

Құс кербезі аққу, қаз,
Қоныс ет көлдің алабын.
Табиғат бізге бағынып,
Жадырап жазды қабағын.

3-оқушы:
Қар су болып жөнелді,
Қалды дала жалаңаш.
Қүн нұрына кенелді,
Бүршік атып бар ағаш.

Келіп көктем құстары,
Бау-бақшада ән салды.
Оларды жас достары,
Ұя салып қарсы алды.
Гүлге оранды далалар
Келді ауылға көп торғай.

Ән: Ақ көгершін

1-жүргізуші: Зоологияның құстарды зерттейтін бір саласы «орнитология» деп аталады.

2-жүргізуші: Олай болса, сөз кезегін орнитолог ғалымға берейік. Бейнежазбада ғалымдар құстар туралы әңгімелейді.

1-жүргізуші: Құрметті оқушылар, қазір бізге орнитологиялық бақтан бір топ құстар ұшып жетті. Сөзді сол құстардың өзіне береміз.

Көкек:

Он екі айдың біреуі
Сірә, менің атымда.
Өзге ұяға із тастап,
Атымды айтып жар салам,
Білесіңдер бәрің де.
Көктемнің алғаш қонағы
Көкек деген мен болам.

2-жүргізуші: Көкек бір күнде 39 шегіртке, 43 жұлдызқұрт, 4 өрмекші, зауза қоңыздарының 5 жұмыртқасын жейді. Ең сүйікті асы улы құрттар екен.

Қараторғай:
Шегірткедей жұтқышты,
Қырғи болып қырамын.
Жайылымға, егіске,
Қорғаушы боп тұрамын.
Бұлт болып ол қаптаса,
Найзағай болып қуамын.

Көк егісті таптаса,
Тасқын болып жуамын.
Жәндіктерді зиянды
Құртатұғын батырмын,
Дайындайтын ұямды
Достарға келе жатырмын.

Қарлығаш:
Адам жейтін барлық ас,
Таза болу керек қой.
Ал шыбындар таң атып,
Күн батса да тынбайды.

Түрлі ауруды таратып,
Тағамдарды былғайды.
Сол үшін де мен өзім,
Сақ болуды құптаймын.
Қарастырып ел жайын,
Үй маңынан шықпаймын.

Наныңыздар мұныма,
Айтсам егер шынымды.
Бір миллион жылына,
Жеймін шіркей-шыбынды.

1-жүргізуші:
Ән: «Қос қарлығаш»

4-оқушы:
Жаны сұлу, ақ еркем, ары сұлу,
Бір мамығы майысса ауырсынып,
Тарақ етіп тұмсығын тарайды кеп,
Тарайды кеп, тарайды қауырсынын.

Жаны сұлу, ақ еркем, ары сұлу,
Ақ қанатын сабалап асыр салып.
Бірде суға сүңгиді басын малып.
Ойнасыншы, ойнасын ерке құстар,
Тыныштығын олардың қашырмалық.

2-жүргізуші: М.Мақатаевтың бұл өлең жолдарында қандай құс сипатталған?

Оқушы: Бұл өлеңде қазақта киелі саналатын, сұлулықтың пірі – аққу бейнеленген.

Аққу:
Құс сұлуы – аққумын,
Табиғат көркін сыйлаған.
Мылтығын кезеп еш мерген,
Атуға көзі қимаған.

Сұлулықты паш етіп,
Жырлаған талай ақындар.
Нәзік үнді, көл көркі
Құс патшасы мен болам.

1-жүргізуші:
Көрініс: М.Мақатаевтың «Аққулар ұйқтағанда» поэмасы бойынша көрініс
А.Үлкенбаеваның орындауында Н.Тілендиевтің «Аққу» күйіне би орындалады.

Ақын:
Аққулар – аңыз көп қой олар жайлы,
Көзіңмен көргеніңдей бола алмайды.
Тек қана тыныштықта ұйықтайды олар,
Шошыса екінші рет оралмайды.

Бұлбұл:
Мен еркін бұлбұлмын,
Бұлағын тасытқан ән-жырдың.
Тамаша тамылжытып шырқаймын,
Шаттығын тауыса алмай әр күннің.
Ерте көктемде наурыздың бас кезінде келе бастаймыз. Арамшөптердің тұқымдары мен зиянды жәндіктерді қорек етіп, көп пайда келтіреміз.

2-жүргізуші: Енді табиғат аясында дем алып, шаршағанымызды басайық. Бейнежазба
көрсетіледі.

6-оқушы:
Бозторғай жер шарында кең тараған құс, тек Антарктидада кездеспейді. 15 туысы, 75 түрі анықталған. Бозторғайлар шөл, шөлейт жерлерде, тау жайылымында, елді мекен маңында, кейде орман алаңында кездеседі. Дене тұрқы 12 – 23 см. Қанаттары ұзын, аяқтары қысқа. Түсі бозғылт, көбінесе мекендеген жерінің түсіне қарай өзгеріп отырады. Бұл қасиеті құсты жерде жүргенде жасырып, бірден көзге байқатпайды. Ұя салмаған кезде, топтасып ұшады. Бозторғайлар өсімдік дәнімен және жәндіктермен қоректенеді. Арамшөптердің дәнін жеп, ауыл шаруашылығына пайда келтіреді.
1-жүргізуші:
Ән: « Бозторғай»

7- оқушы
Тарғақтың сырт пiшiнi қызғышқа ұқсайды, бiрақ одан гөрi аяғы ұзындау, қимылы ширақ. Салмағы 170-250 г. Тарғақ – жыл құсы. Ол жердi шұңқырлайды да жусан мен басқа шөптердi төсеп ұя жасайды. Оған сарғылт сепкiлi бар 2-5 жұмыртқа салады. Балапандарын 21-25 күнде шығарады. Олар көбелек жұмыртқасын, шеriртке сияқты зиянкестердi жеп пайда келтiредi.

Ол «Қызыл кiтапқа» енiп, қорғауға алынған. Негізінен тарғақ балшықшы құс болғанымен, далалы жерде мекен етеді.

Бейнебаян: Биші құстар
2-жүргізуші:
Құстар – біздің досымыз,
Шырқап әнге қосамыз.
Құстар – біздің досымыз
Көктем сайын тосамыз.

 Кешті аяқтау, қорытындылау.

Дереккөз: «Ұстаз» ғылыми әдістемелік журналы

Басқа  материалдар:


ПІКІР ҚАЛДЫРУ