Липидтер. Адам ағзасындағы негізгі майлар және олардың биологиялық рөлі

0
9627

Липидтерге майлар және майға ұқсас заттар-липойдтар жатады. Олар барлық тірі клеткаларда болады және тіршілікке орайлас бірнеше маңызды қызметтер (энергия берушілік, қорғану, құрылымдылық, метаболизмдік) атқарады.

Мысалы, олар клетка мембраналарының құрамына кіреді. Клетка қабырғаларының құрамына өнетін липидтер құрылымдық липидтер деп аталады.

Липидтер ыдыраған кезде көп мөлшерде химиялық энергия макроэнергиялық қосындылар түрінде бөлініп шығады. Липидтер суда ерімейді, бірақ органикалық еріткіштерде жақсы ериді. Көпшілік липидтер спирттердің, жоғары май қышқылдарының немесе альдегидтердің туындылары болып келеді.

Липидтер екі үлкен топқа бөлінеді. Қарапайым липидтің молекуласы спирт қалдықтарының және жоғары май қышқылдарынан тұрады. Бұған бейтарап майлар, стероидтар және балауыздар (воскілер) жатады.

Күрделі липид спирт қалдығынан, жоғары май қышқылдарынан және басқа бір заттардан (азоттық негіздер, фосфор қышқылы, көмірсулар және басқалары) тұрады. Оларға фосфатидтер, гликолипидтер, сульфатидтер жатады.

Липидтердің негізгі компоненті-май қышқылдары.

Бейтарап майлар. Бейтарап майлар деп үш атомды глицерин мен жоғары май қышқылдарының күрделі эфирін айтамыз.

Жоғары май қышқылдары қаныққан және қанықпаған болады.

Қаныққан май қышқылдарында әдетте көміртек атомдарының жұп сандары болады, мысалы:

Май қышқылы — C3 H7 COOH

Капрон қышқылы —  C5H11COOH

Стеарин қышқылы —  C17H35COOH

Қанықпаған май қышқылдарында қос байланыстары бірнешеу болады:

Олеин қышқылдары — С17H33COOH

Линол қышқылдары — C17H31COOH

Линолеин қышқылдары — C17H29COOH

Арахидон қышқылдары — C19H31COOH

Егер майлардың құрамына қанықпаған қышқылдар басым болса, ондай майлар сұйық болады (мақта күнбағыс, зығыр майлары). Егер қаныққан қышқылдар басым болса, ондай майлар қатты болады (жануарлар майы-тоң май).

Майлар жануарлар мен өсімдіктер дүниесінде кең тараған. Майлар тірі организмде әр алуан міндеттер атқарады.Майлар энергетикалық материал ретінде жұмсалады, химиялық энергияның көзі. Майлардың 1 грамы организмде тотыққанда 3,3 ккал (жылу) пайда болады. Мұның өзі белоктар мен көмірсулар тотыққанда бөлініп шығатын жылудан 2 есе көп (1 г көмірсулар 4,3, ал белоктар 4,1 ккал жылу береді).

Майлар органикалық заттардың, әсіресе витаминдердің, жақсы еріткіштері. Май дәнекер тканінің қабықшаларында қор ретінде жиналып, организм мүшелерінің орнынан ығысуына және сыртқы соққыдан зақымдануына кедергі жасайды.

Майдың жылу сыйымдылық төмен. Шөлден жылу нашар өтеді, бұл дене температурасының тұрақтылығы сақтауға жәрдемдеседі.

Майлардың бір бөлігі клеткаларда өтіп жататын күрделі процестерге тікелей қатысады. Оны протоплазмалық майлар деп атайды. Ал, екінші, көбірек бөлігі тері астындағы шелде, дәнекер тканінің май талшығында, құрсақ қуысының органдарын жауып тұратын шарбыда және басқа кейбір органдарда жиналады да, органикалық қосылыстардың қорын түзеді. Оны резервтегі, немесе қордағы майлар дейді.

Майлар онымен бірге терінің созылғыштығын, икемділігін және иілгіштігін қамтамасыз етеді.

Стероидтар. Бұлар көп сақиналы көмірсутек фенантреннің туындылары, негізінде циклопентанолергидрофенантрен жатады. Бұлардың маңызды өкілдері холестерин және эргостерин болып табылады. Табиғатта кең таралған.

Стероидтар —  кристалды заттар, оптикалық активті. Суда ерімейді, органикалық еріткіштерде ериді, түссіз болады. Спирттерге ұқсас химиялық реакцияларға қатысады. Физиологиялық активті заттардың құрамына кіреді. Мысалы, витаминдердің Д тобы, жыныс гармондары, өт қышқылдары және т.б. құрамына кіреді.

Балауыздар (воскілер) —  деп липидтердің үлкен бір топтарын айтады. Олардың молекулалары жоғары май қышқылдарымен біратомдық спирттердің қалдықтарынан тұрады. Жануарлар тектес балауыздарға ара балауызы, ланолин, спермацет жатады. Ара балауызын бетке, жарға жағатын майлар (мазь) және т.б. косметикалық заттар жасайды. Ланолинді қойдың жүнін жуғаннан кейін алады. Ланолин мен спермацеттен косметикалық заттар және емдік майлар жасайды.

Фосфатидтер (фосфолипидтер) —  майларға жақын қосылыстар. Олар үш атомды спирт глицерин мен екі молекула май қышқылдарының, фосфор қышқылының және азотты негіздің күрделі эфирі. Егер фосфолипидтердің құрамына холин кірсе, оларды лецитиндер (холинфосфатидтер), коламин кірсе, кефалиндер (коламинфосфатидтер), ал егер серин кірсе серинфосфатидтер дейміз. Глицериннің орнына молекулада үшатомдық аминоспирт сфингозин болуы мүмкін. Осының нәтижесінде сфингомиэлин түзіледі.

Фосфатидтер жануарлар организмінде барлық клеткалардың құрамында, әсіресе, жүйке тканьдерінде, митохондрияларда көп кездеседі. Организм холинфосфатидті ацетилхолин түзуге пайдаланады.

Гликолипидтердің молекуласында көмірсулар болады. Оларға цероброзидтер, ганглиозидтер жатады. Цереброзидтер ми тканьдері, ал ганглиозидтерге нейрондар бай келеді. Соңғысы нейрондардың құрылымын құрайды.

Сульфатидтер —  сфингозин, цереброн, немесе лигноцерин қышқылдарынан, галактоза және күкірт қышқылынан пайда болған күрделі эфирлер. Бауыр тканьдерінде, бүйректе, бұлшық еттерде көп болады.

Липидтердің аралық алмасуы. Майлардың биохимиялық өзгеруі

Тканьдерде майлардың биохимиялық өзгеруі липаза ферментінің әсер етуінен басталады. Соның нәтижесінде майлар глицерин мен май қышқылдарын түзе отырып, гидролизденеді.

Глицериннің тотығуы. Глицерин АТФ есебінен глицерокиназа ферментінің әсерімен фосфорланады, яғни активтік күйіне көшеді. Пайда болған α = глицерофосфат глицеральдегидфосфатдегидрогеназа ферментінің әсерімен фосфоглицерин альдегидіне тотығады. Бұл бізге көмірсулардың анаэробтық ыдырауының 5-кезеңінен таныс қосылыс. Ол одан әрі гликолиздың барлық сатысын өтіп тотығады. Бұдан басқа  ол гликогеннің және майлардың түзілулеріне қатысады:

  Жоғары май қышқылдарының тотығуы. Жоғары май қышқылдарының организмде ыдырау механизмін неміс биохимигі Ф.Кнооптың 1904 ж. ұсынған. Май қышқылдарының β-тотығу теориясы түсіндіре алады. Бұл теория бойынша организмде май қышқылдарының ұзын көміртек тізбегі тотығудың әрбір айналымында екі атом көміртегіне карбоксил тобы ұшынан қысқарып отырады. Табиғи май қышқылдарында әрқашан көміртек атомдарының жұп сандары болады, демек екі еселенген үзіндіге толық ыдырай алады.

Химиялық өзгерістерде молекулалардың активтенуі маңызды орын алады. Соның арқасында олар организмдегі клеткалар мен тканьдер пайдаланатындай қолайлы жағдайға келеді. Май қышқылдарының β-тотығу митохондрияда өтеді. β-тотығуының ферменттері митохондрияда шоғырланған, ал ацил —  КоА —  ның пайда болуы цитоплазмада өтеді. Митохондрияның мембранасы өзі арқылы ацил —  КоА-ны өткізуге қабілетсіз.

Соңғыны жеткізуге митихондрияның ішінде арнайы тасымалдаушы карнитин бар. Карнитин май қышқылының қалдығымен қосылады да, оны митохондрияға алып келеді, ал коэнзим —  А цитоплазмада қалады. Митохондрияның ішінде  май қышқылымен карнитиннің қосылысы ыдырайды да, карнитин цитоплазмаға қайтып оралады.

Ацетил —  КоА —  ның бір молекуласының одан арғы Кребс циклінде тотығуынан  АТФ —  ның 12 молекуласы пайда болады.

Қорыта айтқанда, ацетил —  КоА —  ның 9 молекуласы Кребс немесе трикарбон қышқылы циклінде тотықаннан кейін, АТФ —  ның 108 молекуласының (9·12=108) қайнар көзі болады. Стеарин қышқылының бір молекуласының толық тотығуы организмге АТФ —  ның 48 молекуласының береді (40+108=148).

Дереккөз: «Алматы технологиялық университеті» АҚ , Тағам өндірісі факультетінің дәрісі

Басқа  материалдар:

  1. Сорбит ұнтағы мен лактоза, крахмал туралы

  2. Көмірсулардың жіктелуі. Адам ағзасындағы көмірсулардың биохимиялық рөлі.

  3. Белоктардың физикалық және химиялық қасиеттері. Амин қышқылының классификациясы мен құрылымы

  4. Қазақ тілінен тест тапсырмалары
  5. «Педагогика» пәні бойынша аттестацияға дайындық сұрақтары (І тест)
  6. Химиядан тест сұрақтары жауабымен

  7. Мобильді құрылғылар сипаттамасы

  8. Виртуалды машиналар туралы мәлімет

  9. Вир­туал­ды жә­не ке­ңей­тіл­ген шын­дық де­ге­ні­міз не?


ПІКІР ҚАЛДЫРУ