Сұхбаттасу процесіндегі сөздер

0
2088
Иллюстрация: Freepik.com

Бүгінгі күні (XX ғасырдың соңғы онжылдықтары мен XXI ғасыр басталғалы бергі кезеңдегі) алқасөздердің жиі кездесетін, барынша дамып келе жатқан бір тармағы – сұхбаттасу процесіндегі сөздер.

Олар екі жақты, екі адамның жүздескен сәтінде айтылатын, әңгіме сұрақ-жауап түрінде келетін нағыз ауызша сөздер болғанмен, негізгі адресаты – қалың жұртшылық. Бұл сұхбаттар ресми сипатты болады, өйткені ол екі адамның жай әңгімелесе салуы емес, белгілі мақсат көздей жүргізілген, яғни жұртшылық назарына салу үшін арнайы ұйымдастырылған сөйлеу актісі.

  1. Жанболат Аупбаев — журналист, редактор
  2. Болашақ тележурналистерге Айнұр Омардан 15 кеңес
  3. Журналистиканың басты кейіпкері — шындық

Мысалы, соңғы жылдарда «Хабар» арнасында күн сайын кешкі жаңалықтардың соңын ала берілетін сұхбаттарда негізінен сол күнгі оқиға, іс-әрекеттердің ең басты назар аударатын тақырыбы болады. Мұндағы әңгіме де ресми сипатта болатындықтан, сөз стилі әдеттегі публицистикаға жақын келеді. Сондықтан сұхбаттасушылар мейлінше әдеби тіл нормаларын сақтап, түсінікті етіп, еркін (бірден, спонтанды түрде) сөйлейді.

Ал сұхбаттағы әңгіме өзегі көркем әдебиет, өнер түрлері болса, оған көбінесе сұрақ қоюшы да, әсіресе, сұхбатқа шақырылған адам да өнер қайраткері, ғылыми қызметкер не топ алдына жиі шығып жүретін өзге де қайраткерлер болады. мұндай сұхбаттардың көбінің тілдері жатық, әдеби тіл нормасы сақталған, кейде тіпті бейнелі болып шығады.

Сұхбат дегеніміз – әңгімелесу. Демек, алқасөздің өзгелеріне қарағанда, бұл жердегі сұрақтарда да, көбінесе жауаптарда да ауызекі сөз машығына жататын элементтер еркін қолданылады. Мысалы, сұхбатта сұрақ қоюшы бір жазушы не ақынға: Бұл күнде кімдерді нашар ақын деп ойлайсыз? – деп сұрағанда, жауап қатушы: Ойбүй, тәйірі, кімдерді жаман дейін, қазақ ақындарының бәрі күшті ақиықтар ғой! дегенінде, сәл юмор бары сезіледі: одағай, қыстырма сөздер (ойбүй, тәйірі) ақиықтар ғой! деген үзілді-кесілді сипаттама ауызша жай айта салған сөз болып көрінеді.

Дегенмен сұхбат әлеуметтік үн, яғни жұртшылыққа арналған әңгіме болғандықтан, оларда мұндай риторикадан (әсем сөзден) гөрі айтылмақ ойдың мазмұнына, әңгіме тақырыбына, оның аргументіне көңіл аударылады, бұларда ресмилік үн басым тұрады.

Әлеуметтік-саяси мазмұнды сөздердің қай-қайсысында да бір нәрсені суреттеу болмайды, талқылау, пікір алысу орын алады. Бұларда айтылған ойдың (пікірдің) дәлелі мен тыңдаушылардың психологиясына әсер ететін элементтер көбірек жұмсалады.

Мысалы, Бейімбет Майлиннің шығармашылығын ұзақ жылдар бойы зерттеп жүрген жазушы, ғалым, профессор Тоқтар Бейісқұлов пен журналист Біләл Қуаныштың сұхбатын талдап көрсек («Ана тілі» газеті, 2009 ж., 19-25 қараша). Сұхбат алушының: Майлиннің өмірі мен шығармашылығын зерттеу жұмысыңыз қалай басталды? деген алғашқы сұрағынан бастап, кейінгі 9 сұраққа ғалым нақты жауап беріп отырған.

Мұнда сұрақтар өте қысқа, бір-бір сөйлеммен берілген. Ал кейбір сұхбаттарда әңгімеге шақырушы (сұрақ қоюшы) едәуір ұзақтау, кейде тіпті бірнеше сөйлеммен келетін сұрағына өзінің пікірін қоса білдіріп отырған. Сұхбаттасқан ғалымның сөйлемдері де ықшам, нақты.

Сұхбат әдетте әңгімелесу түрінде келетіндіктен, айшықты, әсерлі сөз тіркестері, бейнелі құрылымдар аса көп қолданылмайды, дегенмен сұхбат берушінің сөз мәдениетіне, сөйлеу машығына орай бейнелі қолданыстар ара-тұра орын алуы мүмкін. Ғалым Бейісқұлов: Бейімбет Майлиннің мемориалдық музейін ашуды қарастырамыз деп 1994 жылы облыс әкімі үміт отын маздатып еді, бірақ ол қызметінен кетіп қалған соң, маздаған сезіміміз көмескіленіп қалды. Үніміз жартасқа соғылғандай боп жүр, — дейді.

Мұндағы қарамен берілген сөздер – жай баяндау емес, сөйлеушінің мәселеге өзінің көзқарасын бейнеліп көрсеткен қолданыстар.

Публицистикалық туындыларда әдетте дәйексөздер жиі қолданылады. Сұхбаттардың жанры негізінен публицистикаға жатады. Мұнда да айтып отырған ойына қатысты біреудің пікірін келтіріп отыру әдісі болады, бірақ жазба дүниелерден айырмасы – ауызша сөзде келтіретін дәйексөздің жарық көрген орны, мезгілі айтылмайды, келтіріп отырған өзгенің сөзінің қысқаша мазмұны (идеясы) келтіріледі.

Біз талдап отырған сұхбат сөзде Бейімбеттің әлі күнге дейін еш жерде музейі жоқ екенін өкінішпен айту барысында Майлиннің досы татар ақыны Хасан Туфанның сөзін дәйексөз ретінде келтіреді. Б. Майлиннің 70 жылдығына келгенде Х. Туфан көзінің жасын ағызады: Іздеймін бүгін шарқ ұрып, қараймын бүгін алақтап, қайдасың сен, Бейімбет досым?! Сағындым сен, аңсадым, қайдан табамын енді мен?! Алматыға барған едім… Көшелерін кездім сабылып… онда да жоқсың… Туған жерің Қостанайға келдім, Бейімбет, мұнда да іздеп таппадым. Жоқ, жан досым, өлген жоқсың, мәңгі тірісің…

Әрине, татар ақыны сөзін дәл осылай қазақша айтқан жоқ қой. Бірақ сұхбат беріп отырған ғалым оны өз сөзімен дәйексөз етіп отыр. Ал жазба туындыларда дәйексөздің көрсеткіші: қай кітаптан (газеттен, журналдан) алынғаны, оның авторы, мақаланың, кітаптың аты, жарық көрген жылы, беті т.т. көрсетілетіні белгілі.

Біз бұл жерде белгілі ғалыммен болған сұхбатты мысалға келтіріп отырмыз, ол ойын нағыз әдеби тілде, түсінікті етіп әңгімелеп берген. Әрине, сұхбаттар әрдайым тек тілі төселген белгілі адамдармен ғана жүргізілмейді, қарапайым еңбек адамдарынан да, жастардан да сұхбат алынады. Сұхбатта айтылатын сөздер де алқатопқа бағышталып (арналып) жүргізіледі.

Олар диктофон сияқты дыбыс жазып алатын аппараттарға түсіріледі. Оны жазуға түсіргенде сұхбат алған адам немесе мәтінді жариялайтын орындар (газет-журналдар) азды-көпті түзетулер жасауы мүмкін, яғни артық сөздер, орынсыз қолданылған элементтер, қисынсыздау келген сөйлем мүшелерінің орындары, бірен-саран орысша қолданыстар мен иә, жаңағы, осы деген сияқты «паразиттер» түсіріліп жазылуы мүмкін.

Алайда сұхбатсөздің мазмұны, ой желісі (тәртібі) өзгертілмейді. Бұл – бүгінде біршама қалыптасқан, жиі орын алып отырған сұхбаттасу құбылысының берік заңы. Сондықтан сұхбат әңгімеде қалай болса солай, жүйесіз сөйлей салу, күнделікті тұрмыстың ауызекі сөйлеу дағдысын қолдану деген болмайды. Болмауға тиіс екенін сұхбат берушінің қай-қайсысы да жақсы біледі.

Дереккөз: «Тұран» университеті, журналистика мамандығының дәрісі

Басқа материалдар: 

  1. Отандық тележурналистика тарихы
  2. Ғұмардың ғұлама ғұмыры
  3. Қашаған Күржіманұлының өміріне байланысты тест сұрақтары
  4. Қазақ әдебиеті бойынша тақырыптық тест жинағы
  5. Тест: Ақиық ақынның өлеңдерін қаншалықты жақсы білесіз?
  6. Қазақ тілі пәні бойынша бөлімді қорытындылауға арналған тест тапсырмалары
  7. Ежелгі дәуір әдебиеті
  8. Лиро-эпостық жырлар. Халық ауыз әдебиетінің рухани қазынасы
  9. Тест: Ақиық ақынның өлеңдерін қаншалықты жақсы білесіз?

ПІКІР ҚАЛДЫРУ