Сүйектен жасалған бұйымдар

0
2863
Freepik.com

Қож, қожы, қазбай. Ұста-зергерлер көріктің көмейіне көмір салуға, ыстық шоқты көсіп алуға, күл шығаруға арнап малдың жауырын сүйегінен жасаған қалақты қож немес қожы, қазбай деп те атай береді. Қожыны әзірлеу үшін жауырынның ортасындағы ұзына бойы созылып жатқан қыр сүйекті шауып тастайдыжәне оны іліп қою үшін бас жағына қайыстан бүлдірге тағады.

Аттарақ. Жылқы малын жоғары бағалаған қазақ оны баптап, күтетін құрал-жабдыққа да назар аударған. Бапкерлер бәйгеге қосатын сәйгүлігіне жабу жауып, әбден терлегенше желіп, ащы терін алған соң суытып, таң асырып қояды. теріден бөлінген тұз жылқы жабысып, сор болып кеуіп қалады. Соны үгіп түсіру үшін сүйектен әзірленген арнайы тарақты пайдаланады. Оны аттарақ деп атайды. Ондай тарақты жасау үшін жіліншік сүйекті қақ жарып, ағаштың аша бұтағына шегелейді. Қырлы қапталына бедерлеп  егеумен тіс, жүз салады. Тарақ жүзінің тереңдігі пышақ сыртындай, яғни  3-5 мм-дей болуы керек.

Сояу, сүйрік. Сүйектен істелген инені сояу немесе сүйрік деп атайды.Ондай инемен қап, қанардың аузын, жабағыны тігуге болады. Қамыс, қоғаның қылтиып жаңа шығып келе жатқан өркенін де қазақ сүйрік деп атаған.  Аппақ, жұмыр сүйектен әзірленген сояу ине сол қамыс сүйрігіне қатты ұқсайды.Тіліміздегі «саусақтары сүйріктей» немесе «тырнақтары сояудай» деген сөз тіркестері содан қалыптасса керек.

Сыдырғыш. Өрімшілер таспа тілгенде оны біркелкі етіп сыдыру үшін қатты ағаштан немесе мүйізден әзірленген сыдырғышты қолданады. Ағаштан, мүйізден істелген сыдырғыштың пышақ жүзі тиетін тұсы жұқарып, жылдам тозады. Ал ірі қаланың жіліншігінен жасалған сыдырғыш өте ұзақ тұтынуға жарайды.

Тоқубіз. Тоқубіз қойдың, ешкінің кәрі жілігінің құрығынан әзірленеді. Кейде оны кәрі жіліктің «шыбығы», «қамшысы» деп те атайды. Кәрі жіліктің жанына жабыса біткен осы жанама шыбықты тазалап мұжып, қырнап алған соң үшкір жағын егеумен егеп, ілдіргі жасайды. Мұндай бізбен иірілген жіптен қолғап, шұлық, шәлі, мойынорағыш, тағы басқа киім-кешек тоқиды.

Батырғы. Ірі қараның жіліншік сүйегін пышқымен жара тіліп, бір ұшын сүйір әрі қайқылау етіп егеген, ұзындығы бір сүйем құралды батырғы деп те атайды. Онымен былғары, көнек, торсық, кеукерін, т.б теріден жасалған бұйымдарға батырып, өрнек салуға болады.

Инелік. Ірі қараның жіліншік сүйегін пышқымен жара тіліп, жұқартып егеп, бір басын доғалдау етіп жұмырлап, екінші ұшын тілшік қалдыра  инелік жасауға да болады. Инелікпен балықшылар ау тоқиды.

Шүмек. Қазақ баланы бесікке бөлегенде ағаш шүмекпен қатар сүйектен әзірленген шүмекті де пайдаланған. Ондай шүмекті қойдың, ешкінің асықты жілігінен жасаған. Ол үшін асық орналасқан басын тұйық күйінде қалдырып, қырларын егеп, жұмырлап алу керек.

Ұршықбас. Ұршықтың басын, әдетте, ағаштан әзірлейді. Иірілетін жіптің ыңғайына қарай кейде ұршықбасты тастан да жасайды. Сол сияқты ірі қараның ортан жілігінің жамбас ұясына кіріп тұратын жұмыр басын шорт қиып алып та ұршыққа бас әзірлеуге болады.

Пайдаланылған әдебиет:
«Сен білесің бе?» энциклопедиясы. Құрастырған: Райымбеков Қ.Ж, Байғабылова Қ.Т

Басқа да ақпараттар:

  1. Ағаш өңдеуге арналған құрал-саймандар

  2. Тері өңдеу шеберлігі. Аң мен мал терісін илеу

  3. Ағаш өңдеу шеберлігі және оның түрлері

  4. Адамның іс-қимылына байланысты тыйымдар

  5. Ағаш желімі және оны күйдіріп әшекейлеу


ПІКІР ҚАЛДЫРУ