Жолдас Жандар: «Сөзбен “патриот” болғанша, іспен дәлелде!»

0
1137

Жолдас Жандар Еуразия Ұлттық Университетінен Нью-Йорктағы “NYU Stern School of Business”-ке тегін оқуға түсті. Шет елде тек оқып ғана қоймай, жұмысты да қатар алып жүрген азамат. Бүгінгі таңда кәсіпкерлік бағытта өз білімін шыңдап жүр.

— Жандар, айтыңызшы Қазақстанда оқып жүріп қалай Нью-Йоркқа грантқа түстіңіз? Қалай дайындалдыңыз?

-Мен ЕНУ-да оқып жүргенде-ақ, АҚШ-қа оқуға ауысқым келді. Сондықтан жаңа жылда өзіме жаңа мақсат қойдым. Жұмыс істеп, ақша жинай бастадым. Сосын Сан-Диегодағы тілдік курсты тауып алдым. Сол курстың арқасында мен өз мақсатыма бір табан жақындадым.

-Моральдық тұрғыдан өзіңізді бейтаныс ел, танымайтын ортаға қалай үйреттіңіз?

-Моральдық тұрғыдан ешқандай қиындықтар болмады.Бірақ, шет елде бірінші рет болған соң, бейімделіп кету аздап қиынға соқты.Дегенменде,18 жасар жеткіншектің бірнәрсеге үйреніп кетуі оңай деп есептеймін.

-Шет елге барған студент бірінші қандай қиындықтарға кезігеді?

-Бұл әрине көптеген себептерге байланысты.Мысалы, қандай бағдарламаны таңдағанызға орай. Бастапқы талаптар қандай болды деген сияқты. Көп кездесетін жайттардың бірі -жаңа нәрсеге тез үйренісе алмау. Егер де студент шет елге таныс-доссыз келсе, өзін басында жалғыз сезінуі мүмкін. Екіншіден, ағылшын тілінде сөйлеуден тәжірибе аз болғандықтан, сөздік қорымыз нашар болады. Сол жағынан қиындыққа ұшырауымыз ғажап емес.

-Неге Нью-Йорк? Ол жақтың ЖОО-наың қандай артықшылығы бар? 

Оқу орнын таңдау әркімнің көзқарасы мен талғамына байланысты.Мысалы,  мен түскен NYU Stern School of business мені өзіне қатты тартты, баурады. Архитектуралық жағынан болсын,басқалай да.

-Қазақстандағы білімге шет елде оқып келген азамат ретінде қандай баға бересіз?Біздің ЖОО-ның кемшілігі неде?

-Әркім кемшілікті әрқалай түсінеді. Кемшілік тек ЖОО-да емес, студенттің өзінде болуы да мүмкін. Қазақстандағы білім жүйесіне күйе жағудан аулақпын. Қазақстанда көп студент оқуға бейжай қарауы мүмкін. Ал шет елде ондай жоқ. Сен өзің үшін оқисың, талпынасың. Шет елде  ЖОО-дары көбінесе жеке меншік болғандықтан ,білімнің сапалылығына көп мән беріледі. Ал, білім сапасына мән бере бермейтін оқу орындары Қазақстанда баршылық.

-«Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» дейді. Сіз болашақта өзіңіздің даму жолыңызды Нью-Йоркта жалғастырасыз ба ?Әлде өз салаңыздың дамуына туған еліңізде үлес қосасыз ба?

-Бұл сұраққа мен былай жауап беремін.Мен өз елімде жүріп өтірік патриот болып,іспен емес сөзбен бәрін тындыруым мүмкін. Және екіншісі оған кереғар: шет елде жүрсем де,сөзбен патриот болғанша, іспен туған жерім-Қазақстанның атын шет елде шығарамын. Патриот екенімді дәлелдеймін.Осы екі таңдаудың бірін таңда десеңіз, мен екіншісін таңдадым.

-Шет тілін оңай үйренудегі өзіңіздің практикаңызбен бөліссеңіз?

-Бүгінде шет тілін үйренудің мүмкіншіліктері көп. Адамның таза ниетіне байланысты.Менің тіл үйренудегі тәжірибемнің басты құпиясы — ағылшын тілін жақсы білмесем де, көбірек сөйлеуге тырыстым. Сізге де кеңесім осы.Сөйлегенде” қате жібердім-ау “деп қателесуден қорықпаңыз.Ағылшын тілін үйренемін десеңіз, күнделікті 24 сағаттың кем дегенде 1 сағатын өзіңіздің тіліңізді жақсартуға арнаңыз.

-Шет елде оқимын деген студенттерге қандай кеңес айтасыз?

-Бір нәрсені қаладыңыз ба,соған қол жеткізгенше табанды болыңыз. Мақсатыңыздан айнымаңыз .Бір парақ диплом мен жақсы жалақы алуды ғана ойламаңыз. Қоғамға пайда тигізуді ойлаңыз. Әлем сізге дейін қандай болса, сізден кейін қандай болатынына мән беріңіз.Әлемді жақсартуға өз үлесіңізді қосыңыз.

-Сұхбатыңызға рахмет! Біздің оқырмандар өздеріне керек дүниені қабылдады деген ойдамыз.Болашақтың кемесінде ескегіңізді тік ұстаңыз… 

Сұқбаттасқан:Ұлжан Тұрлыбек


ПІКІР ҚАЛДЫРУ