Шәмшидинова «біз білмейтін» мамандықтарды жариялады

0
1706

Алдағы уақытта мамандықтардың мазмұны мен сапасы трансформацияға ұшырайды, ал кейбір мамандықтар мүлдем жойылады. Соның орнына жаңа мамандықтар келеді. Бүгін Астанада өткен жиында «Назарбаев зияткерлік мектептері» АҚ басқарма төрайымы Күләш Шәмшидинова бірқатар жаңа мамандықтарға тоқталды.
Оның айтуынша, бүгінде әлемдік экономикадағы өзгерістер еңбек нарығына да әсер етіп отыр.
«Дүниежүзілік экономикалық форумының есебіне сәйкес, дәл қазір маңызды болып саналатын қарім-қабілеттердің 35 пайызы небәрі бес жылдан кейін түбегейлі өзгереді. Мамандықтардың мазмұны мен сапасы трансформацияға ұшырайды, ал кейбір мамандықтар мүлдем жойылады. Соның орнына жаңа мамандықтар келеді. Аталған өзгерістер адам өмірінің сан саласын қамтитын болады. Демек, бізге ондай өзгерістерге дайын болу қажет, отандық білім беру саласы әрбір қазақстандықтың өмірде ғана емес, еңбек нарығында да өз орнын табуға көмектесуі керек», — деді Шәмшидинова биылғы Жолдауға арналған жиында.
Оның сөзіне қарағанда, бүгінде ресейліктер жаңа мамандықтардың атласын әзірлеп қойды. Оған сәйкес, жақын арада молекулярлы диетолог, «тірі жүйелердің» сәулетшісі, киберпротездерді әзірлеуші, ГМО агроном, энергожүйелер дизайнері, интеллектуалды энергия желілерінің инженері, ақылды жолдарды салушы, ғарыш туризмі бойынша менеджер, ғарыш жолдарының инженері, роботтарды басқаруға арналған нейроинетрфейстерді жобалаушы, зияткерлік меншікті бағалаушы, электронды киім-кешек рецептерінің жобалаушысы, ой-өрісінің продюссері және тағы басқа мамандықтарға сұраныс артады.
«Қазірдің өзінде аталған мамандықтарға сұраныс бар. Соған қарап, біз білім алған бағдарламалардың тариxтың еншісінде қалып, ескіргенін түсінуге болады. Осы орайда тағы бір статистиканы келтірейін, алдағы 25 жылда дамыған мемлекеттерде адамдардың жұмыссыз қалу көрсеткіші 47 пайыз жетеді. Бұл дегеніміз, бәрі автоматтандырылады. Демек, ол адамдар өз мамандығын өзгертуге дайын болуы тиіс. Осы жерде өмір бақи білім алудың маңыздылығы арта түседі. Бұдан қандай қорытынды шығады? Бүгінде адамның бір рет білім алғаны жеткіліксіз. Ол процесс үздіксіз жүруі керек. Міне, осыған байланысты қазірден бастап балалардың сындарлы ойлау қабілетін дамыту аса маңызды. Олар өздігімен ақпарат іздеп, нарық талаптарына бейімделе білуі керек», — деп атап көрсетті Шәмшидинова.
Айта кетейік, бұрынғы Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов те еңбек нарығында біраз өзгерістердің болатыны жайында айтқан болатын. Сол кезде xалық арасында оны «біз білмейтін мамандықтар пайда болады» деген сөзі үшін келемежге айналдырған.


ПІКІР ҚАЛДЫРУ