Шешендік стильдегі сөз

0
1545

Жиындарда: конференцияларда, симпозиумдерде, «дөңгелек үстел» деп аталатын бас қосуларда ұзақты-қысқалы сөйленген сөздердің шешен түрде айтылған сөз болып шығуы жиі кездеспейді. Бірақ болуы мүмкін екендігі жоққа шығарылмайды.

Бұған дәлел ретінде біздің заманымызда (XX ғасырдың соңғы онжылдықтары мен XXI ғасырдың бас кезінде) шешен түрде ұсынылған (жасалған) баяндаманы талдайық. Бұл – сағаттан астам жүздеген тыңдарманның алдында жасалған баяндама. Саусақпен санарлық мұндай баяндамалардан «Ұлттық рухтың ұлы тіні» болған Ахмет Байтұрсынұлының туғанына 125 жыл толуына байланысты 1998 жылы өткізілген халықаралық ғылыми конференцияда сол кездері ҚР-ның Мемлекеттік хатшысы Әбіш Кекілбаевтың салтанатты сөзін (баяндамасын) атауға болады.

Бұл салтанатты сөз-баяндама қазіргі алқатоп алдында айтылатын ауызша дамыған әдеби тілдің шешен айтылған сөз деген дәрежеге ие қолданыстардың классикалық үлгісі деуге болады. Бұл танымымызды шешен сөздің мәтінін талдап дәлелделік.

Талданатын баяндама ауызша әдеби тілдің алқасөз үлгісіне жатады. Сөз (баяндама) алдын-ала жазылып дайындалған, тыңдаушыларға ауызша (оқылып) жеткізілген. Сондықтан бұл жерде: сөйлеуші (баяндамашы)-әңгіме (баяндама)-тыңдаушы (баяндаманы қабылдаушы) деген дискурстық үштіктің қызметі алға тартылады.

Атап айтқанда, баяндамашы адресанттарының әңгіме өзегі – Ахмет Байтұрсынұлының азаматтық, қайраткерлік, жазушылық тұлғасы жайында біліп-танып келген аялық білімімен (білген-түйгенімен) санасып, айтпақ әңгімесінің мазмұны мен білдірмек ойларын осы әңгіменің тілі арқылы жеткізуі керек болды. Тілі дегенде сөздердің қолданысы, әңгімелеудің (сөйлемдердің) әсері, құрылымы және басқа да шешендік сөз шарттарының көрінісін іздеуді айтып отырмыз.

Айтпақ ойды қалыпты, нормадағы сөз қолданыстарымен ғана емес, яғни жеке тілдік бірліктердің лексикалық мағынасын дұрыс қолданып қана қоймай, ол сөздердің ауыспалы мағынасын келтіріп, айтпақ ойын бейнелеп, метафоралап, астарлап білдіруге де болады.

Әрине, соңғы амалдың әсерлі естілетіні (қабылданатыны) даусыз. Міне, баяндамашы аталған сөзінде осы тәсілдерді шебер қолданған. Мысалы, енді қалыптаса бастаған әдебиет десе, ол ақпарат қалыпты хабарлау болады, мұны Ә. Кекілбаев қаз тұра бастаған көбең әдебиет дейді.

Сол сияқты: халық тәуелсіздікке ие болмай тұрып деудің орнына ұлт тізгіні өзіне тимей тұрып деп береді. Мұндай бейнелі ауыстырмаларды қажет жерінде әрі қарай да таба аламыз. Мына сөйлемді оқиық: Сонда төл тарихында қобалжыған көңіл алаңын толымды жауаппен тойтара алатындай тұрлаулы тұлғалар табылғаны қандай ғанибет! Құдайға шүкір, қазақ даласы қай заманда да ондай марқасқаларға кенде болмапты, солардың ішінде дәл осы ғасыр басындағы аңтарылыста жұртына жоралғылық көрсете алған жолбасшы топтың өмірі мен өнегесі біз үшін тым қымбат (Ұлттық рухтың ұлы тіні. Алматы, 1999.).

Мәтіннің бұл шағын үзігінде қарамен терілген сөздердің барлығы да шешендік үлгісінің үдесінен шығып тұр. Мұндағы қобалжыған көңіл алаңы (=қоғам тағдырына алаңдаушылық, яғни даму бағытын іздеу), толымды жауаппен қайтара алатындай (=сол ізденісті дұрыс табатын), тұрлаулы тұлғалар (=алған бетінен таймайтын күрескерлер), ғасыр басындағы аңтарылыс (=дағдарыс), жоралғылық көрсете алған (=жол көрсете алған) деген қолданыстар олардың жақша ішінде көрсетілген қалыпты түрлерінен өзгеше етіп берілген.

Бірақ бұл ауыстырмалар өте түсінікті, яғни шешен нені меңзеп айтып тұрғаны сол сәтте тыңдап отырған әрбір қазаққа тек түсінікті ғана емес, өте әсерлі: қазақ халқы тарихының бір күрделі кезеңін мейлінше бейнелеп, нағыз қазақтың аузымен айтылып тұрған сөздерді тыңдап отырған әрбір қазақ сол жерде тебіреніп қабылдайды, өйткені айтушы мен тыңдаушының сол сәттегі жүрек толқыныстары бірдей соғып тұр.

Бұл әсерлілікті жасауда шешен осы үзікте және баяндаманың өзге тұстарында қазақша кәнігі «жаңа» варианттарымен ауыстырады: тұрлаулы тұлға (күрескер, қайраткер), аңтарылыс (дағдарыс), жоралғы (жол, бағыт-бағдар), озғындық (даму), тозғындық (кері кету, артта қалу), үйірлестік (ұжымшылдық, коллективность), этникалық бедерсіздендіру саясаты (ұлттық сипатынан ажырату саясаты) т.т. Бұлардың барлығы кәнігі, яғни нормалы, бояусыз қолданыстағы, қалыптанған (кодификацияланған) қазақша сөздерді, тіпті кейбір терминдерді қайта «қазақшалауы» белгілі мақсатпен орындалған, ол мақсат – айтылмақ ойды шешендік стильде жеткізу.

Ауызша сөйлегенде немесе жазғанды оқығанда, тыңдаушыға үн гармониясы – дыбыстық үйлесім де қатты әсер етеді, құлаққа жағымды естіледі. Демек, аллитерация мен ассонанс деп аталатын дыбыстық біркелкілік тек шешендік сөздерде емес, поэзияда да, мақал-мәтелдер бойында да, фразеологизмдер құрылымында да үлкен рөл атқарады.

Мұны осы күнгі баспасөз, әсіресе газеттер, сондай-ақ радио мен теледидар хабарлары да жақсы пайдалануда. Айталық, газет беттерінде мақала аттарын біркелкі дауысты не дауыссыз дыбыстардан басталатын сөздермен беру айтарлықтай көзге түседі.

Ал шешендік стильдегі сөздердегі үн гармониясы – басты белгілердің бірі. Мұнда «Ұстаз ұлағаты» деген баяндаманың аталуынан бастап, төл тарихында көңіл алаңын толымды жауаппен толтыра алатындай тұрлаулы тұлғалар табылғаны қандай ғанибет… Айрықша асқындап кеткен алапат қайшылықтар амалсыз алып баратын асқан батыл… әрекеттер… Тәуелсіздік тізеден түспейді, отаршылық оңай шегінбейді.

Демек, шешен «рухани піріміз» Ахмет Байтұрсынұлының азаматтық, ұстаздық портретін беретін тұстарда осылайша біркелкі төгілген дыбыстармен келген сөздерді қолдануды қол көріпті.

Шешен түрдегі сөздегі жағымды үн гармониясы тек аллитерация мен ассонанстан тұрмайды, сондай-ақ ұйқас пен ырғақ элементтері де орын алады. Талданып отырған мәтіндегі құба даланың бұла перзенті… ескіден уақтылы жирене алмай, жаңаны уақтылы игере алмай… Талай сабаздар болмайтыннан дәметіп мерт тапты, сенбейтінге сеніп дерт тапты

Әлеуметтік жанды жаралардың бәрі бірдей талаурап, бәрі бірдей бебеулеген ең ұшынды аймағы – қазақ даласы еді… Еліктіре сөйлеудің орнына ежіктей сөйлейтін… Арыстанның аузына, зымыстанның түбіне бара жүріп…

Бұл ұйқасты параллельдерді құруда шешен зымыстанның түбі, бұла (перзент), талаурау сияқты сирек тіркестер мен етістіктерді қолданады. Ал орынды жұмсалған сирек элементтер әрдайым әсерлі болатыны белгілі. Демек, ритмикалық пен эмотивтік, яғни ырғақтық (үндестік) пен әсерлілікті қатар келтіру шебердің шеберінің, шешеннің шешенінің ғана үлгісінде көрінеді. Бұл – қазақ тілінің икемділігінің, нағыз ұлттық ерекшелігінің үлгісі.

Осы фактілерге қарап, талданып отырған сөзде ешбір бөгде тілдік немесе қазіргі терминдер қолданылмаған деуге мүлде болмайды. Бұл сөздің әлеуметтік-саяси үні бар, нақты деректер мен ғылыми дәйектемелерге сүйенген баяндама болғандықтан, әңгіме бүгінгі тыңдаушыларға қаратылғандықтан, мұның қажет тұстарында: экономикалық қамтамасыздық, индустриялық даму, технологиялық үстемдік, мемлекеттік дербестік, ұлттық фактор, этникалық бедерсіздендіру, ұлттық төл элита, жаһандық саясат деген бүгінгі (Бұл баяндамада тағы да) терминдер, оның ішінде интертерминдер де бар.

Бұл да – бүгінгі шешендік стильдегі сөздің бір белгісі. Бұларсыз айтылмақ ой толық болмас еді. Бүгінгі қазақша шешендік – тек қазақ сөздерімен ғана келмейтіндігін дәлелдейтін факт. Қазіргі шешен сөздің қай-қайсысы да әрі мәнді (мазмұнды), түсінікті, әрі әсерлі, әрі қажетті (мақсатты) сөз болмаққа керек.

Алқалы топ алдында айтылған алқасөздің, шешен сөздің жоғарыда көрсетілген тілдік құралдан басқа да шарттары болатыны белгілі. Солардың бірі – сөз басында-ақ тыңдарман құлағын әңгіме тақырыбына аудартатын қаратпа үнді сөздер  мен сөйлемдер. Әбіш Кекілбаевтың бұл салтанатты сөзінің бірінші абзацы осыған дәлел.

Сондай-ақ шешен баяндап отырған әңгімесіне өзінің де мақұлдаған, сүйсінген көңіл күйін білдіріп отырады. Жоғарғы баяндама мәтінінде: тұрлаулы тұлғалар табылғаны – қандай ғанибет! Міне, гәп қайда? сияқты сөздермен баяндамасын аяқтағанда, Ахаңның өзінен дәйексөз (цитата) келтіру мен өз атынан Ахмет Байтұрсынұлы айтар сөз-бата ретінде келтірген сөйлемдері де шешеннің өзінің сезім қалауын көрсетеді. Автордың (шешеннің) ішкі ықылас сезімі әр нәрсені баяндау, суреттеу барысындағы сөйлемдерінен көрінеді.

Мысалы, Әбіш Кекілбаевтың рухани көсеміміз – Ахаңның туып-өскен жерін суреттеген мәтін үзігін тыңдасақ (оқысақ): Ол сонау… Торғай қаласының түскейінде заманында баяттың ұлынан, қыпшақтың қызынан туған Қорқыт бабаның кіндігін жуған жаһан түздің қонышынан кіріп, қойнынан шығып, сумаңдай ағатын Жыланшық өзенінің аяғында дүниеге келіпті. Еділден есіп өтіп, Жайықты кешіп өтіп, туын Торғайдың суына, Тосынның құмына әкеп шаншыған ала тайлы Шақшақ пен ақ найзалы Әйдеркенің қаһарынан қамал құлап, хан ыққан қара палуан Жәнібектің… кіріптар күн кешетін, аруақ арып, қасиет қарыған заманда ес біліп, етек жинапты деген үзікті естиміз (оқимыз).

Әрине, баяндамашы: Ахмет Байтұрсынұлы Жыланшық өзенінің бойында туып, кіріптар күн кешіп отырған ортада өсіпті дей салуына да болар еді, бірақ өзі де, тыңдармандар да әз тұтып, әулиедей көріп отырған тұлғаның туып-өскен жерін жай атай салудан гөрі қасиетті өлкеде туғанын осылайша әспеттей, қасіретті кезеңде өскенін осылайша ашына танытады. Ахаңның тегін адам емес, бойлы-сойлы тұлға екенін осылай әсем тілмен танытады.

Жоғарыда талдаған екі шешендік сөздің екеуінің де иесі – көркем әдебиет әлемінің өкілдері: жазушы, ғалым-филолог. Әрине, тек филологтер ғана емес, өзге мамандық иелерінің  нағыз шешендері көп болмаса да бар. 

Дереккөз: «Тұран» университеті, журналистика мамандығының дәрісі

Басқа материалдар: 

  1. Сұхбаттасу процесіндегі сөздер
  2. Отандық тележурналистика тарихы
  3. Ғұмардың ғұлама ғұмыры
  4. Қашаған Күржіманұлының өміріне байланысты тест сұрақтары
  5. Қазақ әдебиеті бойынша тақырыптық тест жинағы
  6. Тест: Ақиық ақынның өлеңдерін қаншалықты жақсы білесіз?
  7. Қазақ тілі пәні бойынша бөлімді қорытындылауға арналған тест тапсырмалары
  8. Ежелгі дәуір әдебиеті
  9. Лиро-эпостық жырлар. Халық ауыз әдебиетінің рухани қазынасы
  10. Тест: Ақиық ақынның өлеңдерін қаншалықты жақсы білесіз?

ПІКІР ҚАЛДЫРУ