Шығармашыл мұғалімнің педагогикалық қызметі

0
4421
«Мен осындай баламын» тәрбие сағаты

Менің бірегей идеяларды тарату бойынша дайындаған жұмысым «Шығармашыл мұғалімнің педагогикалық қызметі» деп аталады. Мен бүгін сіздермен мұғалімнің шығармашылығы, оқушыны оған үйрету және өз іс-тәжірибем туралы ой бөлісемін.

Алғашқы сөзді «Білім беру ісіне қатысты бүгінгі заман талабы не?» деген сауалдан бастасақ, ол − оқушылардың білім, білік, іскерлік дағдыларды меңгеруін жетілдіру, ой-өрісін кеңейту, қабілеттерін дамыту, үздіксіз білім берудің бірыңғай жүйесін жасау, оқу процесін ізгілендіру, демократияландыру, ұлттық және аймақтық ерекшеліктерді ескеру, даралап, саралап оқыту сияқты қағидалар болып табылады.

«Шығармашылық дегеніміз не?» деген сұраққа тоқталсақ, ол – адамның өмір шындығында өзін-өзі тануға ұмтылуы, ізденуі.

Оқушы құлшынысын ұдайы дамытып, әрбір өтетін сабағын жаңаша ұйымдастырып, оқытудың озық әдіс-тәсілдерін қолдана білгенде ғана оқушылардың ізденімпаздық қабілеттері арта түседі.

Ол үшін мұғалім қандай болу керек?

Ең бастысы, мұғалім ізденімпаз болуы керек.Сонда ғана мұғалім мен оқушы арасындағы оқыту үрдісінің іс-әрекеттері арқылы баланың қабілеттері дами түседі.

Екінші, мұғалімнің өткізетін сабақтары оқушылардың шығармашылыққа ұмтылуын тудыратындай болуы тиіс.

Үшінші, сабақта тапсырмалардың жауабын табуда, орындауда, қойылған сұрақтарға жауап беруде «Ой таласын» жасау, танымдық ойындар ұйымдастыру керек. Оқытудың осындай жаңа технология түрлерін қолданған жағдайда ғана сабақ тартымды өтеді.

Оқушыларды шығармашылыққа үйрету үшін:

-мұғалімнің өзі теориялық білімін жетілдіріп отыруы керек;

-іздену процесіне баланы үзбей, сатылы түрде қатыстырған жөн;

-жаттығу, ойын-тапсырмалардың мазмұны оқушылардың жас ерекшелігіне, қызығушылығына сай болғаны дұрыс;

-оқушы жетістігін мадақтап, көтермелеу керек.

Баланы жастайынан шығармашылық өнерге қалай баулу керек?

Оның жолдары, әдіс-тәсілдері, мазмұны қандай? Олар:

1. Оқушылардың назарын ізденіске бұру үшін қызықты тапсырма, жаттығу, ойын түрлерін ұсынған жөн.

2.Логикалық жаттығу, ойын-тапсырмалардың мазмұны жеткіншектердің жас ерекшелігіне, қызығушылығына үйлесу керек.

3.Мұғалімнің ең үлкен міндеті бала белгілі бір көркемдік шешім тауып, өз туындысын ұтымда аяқтап шыққанға дейін оны назардан тыс қалдырмай , бағыт-бағдар беріп отыру керек.

Оқушыларды шығармашылық жұмысқа баулып, олардың белсенділіктері мен қызығушылықтарын арттыра түсу үшін сабақта және сабақтан тыс уақытта дамытудың әр түрлі әдіс-тәсілдерін қолдануға болады.

Олар мынадай:

-тақырыпты мазмұнына қарай жинақтау;

-арнаулы бір тақырыпта пікірталас тудыру;

-логикалық ойлауын дамытатын ойындармен берілген тапсырмаларды шешу;

-берілген тапсырманы түрлендіру бағытындағы жұмыс(кері есептер құрастыру, мәтін мазмұнын өңдеу, шығарма, мәтін, әңгіме құру)

-әңгіменің ұқсастығын салыстыру, бөліктерге бөлу, тақырып қойғызу;

-қиялдау арқылы сурет салғызу;

-ұнатқан кейіпкеріне мінездеме беру;

-ой шапшаңдығын, сөз байлығын дамытуда өлең шумақтарын құрастыру;

-мәтін, әңгіме, ертегіні өз бетінше аяқтау.

Ал, сабақтан тыс уақытта оқушылардың шығармашылық қабілетін дамытудағы жұмыс түрлері мынадай:

  • мұражайға апару;
  • әр түрлі кездесулер өткізу;
  • әр түрлі тақырыпта пікірталас, сайыс, интеллектуалды ойын өткізіп, алған әсерінен шығарма жаздыру.

Осы орайда мен өз сабақтарымда қолданылып жүрген дидактикалық материалдармен бөліскім келеді.

Ұсынылып отырған материалдар мұғалімнің жұмысын жеңілдетіп қана қоймай, оның сабақты түрлендіріп өткізуіне мүмкіндік береді.

  1. Метаграмма

1.Ұ-дан бастасаң, темір түйген шебермін, з-ны қоссаң, білім саған беремін. (…)

2. Әсем жермен, ұлы дүбір думанмын, қ-ны қоссаң пешке керек құралмын. (…)

3. Бұйырсаңыз, етістік боп кетеді, с-ны қоссаң, айқасатын алаңда ол өтеді. (…)

2. «Ұйқасын тап» ойыны арқылы балалардың білсем деген ұғымы артып, қызығып, белсенділігі артады. Өлеңнің бірінші жолына екінші жолды ұйқастырып құрайды.

Өзінше ноян,

Қорқақ кім…

3. «Есте сақта» жаттығуы

Төмендегі сөздерді үш мәрте ұқыптылықпен оқып шығып, есте сақтау керек, дәптерді жауып қойып, сауал тапсырмаларын орындаймыз.

Сақ. Көшпенді. Қола.

Геродот. Шырақ. Рабад.

  1. Соңғы сөз неше әріптен тұрады?

2) Қанша сөз тек бір буыннан тұрады?

3) Қанша сөз «Қ» әрпімен аяқталады?

4) Кісі есімі нешеу?

5) Бұл сөздерді қатыстырып сөйлем құра.

4. «Себебін тап» ойыны

  1. Үйдегі электр шамдарының бәрі сөніп қалды. Ол неліктен?

(Мүмкін жауаптың бірнеше нұсқасын ата)

5. Жұмбақ

Төмендегі дауыссыз дыбыстардың ортасына оң жақтағы дауысты дыбысты араластырып, қосып оқыңдар. Сонда бір жұмбақ шығады. Шешуі не?

Ж П Н Д Б Р Н Р С Б Р У З Ж Б Қ, − а а а і ә е а а ы а ы,

Міне, осындай жұмыстар оқушыларды шығармашылыққа баулуға, оқушы бойындағы қабілет көзін ашып, тілін байытуға, қиялын ұштауға зор әсерін тигізеді. Бала бойындағы қабілетті ашу – оқушының шығармашылық бағытта дамуына жете мән беру болып табылады.

Мағжан Жұмабаев былай деп айтқан екен: «Бала тар ойлы ақымақ болса, бала кінәлі емес, тәрбиеші кінәлі; бала сұлулықтан ләззат ала білмейтін мылқау жанды болса, бала айыпты емес, тәрбиеші жазалы».

Қорыта айтқанда, оқушы бойында шығармашылықты дамытуда үздіксіз құлшыныс, оқуға, білім алуға деген ұмтылыс ұдайы өшпей, күннен-күнге дами түсуі қажет. Сонда ғана оқушы бойында білім нұры тасып, сыныптан-сыныпқа көшкен сайын оқушының ішкі дүниесі, сыртқы ортамен байланысы дамып, оқушы дүниетанымы арта түсетіні анық.

 

Басқа материалдар


ПІКІР ҚАЛДЫРУ