Ұсталық өнер. Темірді балқыту әдісі

0
3258
Freepik.com

Ұста — әртүрлі металдан, темірден тұрмыста тұтынатын түрлі бұйымдар мен шаруашылыққа қажет құрал-саймандар, қару-жарақтар, т.б. жасайтын адам.

Кейде ұстаны «темірші», «темір ұстасы» деп те атайды. Ертеректе ұсталарды қара ұста, ақ ұста деп екі топқа бөлген. Қара ұста деп темір, мыс,жез, т.б металдарды өңдейтін он саусағынан өнер тамған, темірден түйін түйген адамдарды айтқан. Отқа қызған темірді ұста сол қолындағы қысқышпен қысып ұстайды да, төстің бетіне төсеп, қолындағы орта салмақты балғамен темірді ұрып, балғашыға жөн сілтеп отырады.

Балғашы ұстаның соққан жеріне шой балтаны дәлдеп ұрады. Ұстаның қолындағыбалғаны қол балға дейді. Оның салмағы соғатын бұйымдарына қарай әртүрлі болады. Егер ұста қол балғаны төстің бетіне жантайта жатқызса, балғашы соғуды тоқтатуы керек. Шой балғаның сабы кепкен қайың, қарағаш, емен, т.с.с қатты ағаштан сапталады. Сабаның ұзындығы созған қолының алақаны мен қолының арасына сәйкес келуі керек.

Сомдау. Темірдің белгілі бір жерін жуандатуды сомдау дейді. Ол үшін темірдің сомдайтын тұсын жақсылап көрікке қызыдып алып, төстің бетіне тігінен қойып, балғамен ұру керек.

Қақтау дегеніміз — металды төске салып, балғамен ұрып таптау арқылы жұқарту. Отқа оқтын-оқтын салып, көп ұрғандықтан темір жұқара созылып, қаңылтақ қалпына келеді. Отқа әр салған сайын темірдің қағы ұшып түсіп отырады. Сол сияқты отқа бір нәрсені қыздыруды да қақатау деп атайды. «Қақтау» сөзінің түп төркіні сонда жатса керек.

Шыңдау. Шалғы, орақ, күрек, кетпен, тесе сияқты саймандардың жүзін төске салып, балғаның  сүйір қырлы жүзімен ұрып, таптауды шыңдау деп атайды. Аталған саймандарды отқа қыздырмай-ақ құрғақ күйінде шыңдайды. Шалғы, орақтарды шыңдаған кезде жүзін 2-3 мм-ден асырмай ұру керек. Егер одан көбірек жер ұрылып кетсе, оны «қарпытып» қойыпты дейді ұсталар. Қарпыта шыңдаған шалғының жүзі толқып, иір-иір болып тұрады. Ұсталардың тілімен айтқанда «қалталанып» қалады. Ондай шалғы өтпейді. Жүзі жанығанда жұқарып, жарылып кетеді. Пышақ, балта, шот т.с.с. өткір құралдарды суғарардың алдында құрғақтай шыңдап алады. Шыңдау кезінде металл қатаяды. Өткірлігі арта түседі.

Суғару. Құрамында көміртегі көп темірді отта қызарта қыздырып алып, дереу суға батырса, ол джереу қатаяды. Міне, осыны болатты суғару деп атайды. Суы бабымен табылса, ондай құрал-сайман өткір болады. Сондықтан кесетін, шабатын, қыратын, жонатын құрал-саймандардың барлығын әзірлеп болған соң міндетті түрде суғару керек. Кез келген кескіш құрал-сайманның өткір болуы еңбек өнімділігін арттырады.

Жасыту. Металды отқа қызарғанша қыздырып, өз еркімен салқындату. Жасыған металл жұмсақ әрі өңдеуге жеңіл болады. Негізінен, темірді көріктің оттығында қалдырып, көмірмен бірге суытады. Ал мыс, жез, қола т.б түсті металдарды қызарта қыздырып алған соң суға батырып суыта беруге болады. жасыған темір балғамен ұрып, шұңғылдап қобылауға, дөңес кейіпке келтіруге оңай көнеді. Балғамен көп ұрғандықтан темір қатая түседі. Сол кезде қайтадан жасытып алып, қобылау жұмысын әрі қарай жалғастыруға болады.

Пайдаланылған әдебиет:
«Сен білесің бе?» энциклопедиясы. Құрастырған: Райымбеков Қ.Ж, Байғабылова Қ.Т

Басқа да ақпараттар:

  1. Ағаш өңдеуге арналған құрал-саймандар

  2. Тері өңдеу шеберлігі. Аң мен мал терісін илеу

  3. Ағаш өңдеу шеберлігі және оның түрлері

  4. Адамның іс-қимылына байланысты тыйымдар

  5. Ағаш желімі және оны күйдіріп әшекейлеу


ПІКІР ҚАЛДЫРУ