Ұстаздар мейрамына арналған мерекелік шара сценариі

0
1989
ұйымдастырылған оқу қызметінің конспектісі

«Ұстаз-ұлы есім» атты ұстаздар мейрамына арналған мерекелік шара

Мақсаты: Оқушыларды ұстазды құрметтеуге, сыйлауға үйрету, ұстаз мамандығының қыры мен сырларын түсіндіру. Ұстаз еңбегін әрқашан бағалай білуге үйрету.

Көрнекіліктер: Қанатты сөздер, гүлдер, газеттер,шарлар.

  1. Сахна сыртынан «Ұстаз» туралы өлең оқылады. (Сымбат 11-сынып)

Күй « Поппури » (Руслан 8 «Б»)

Би « Дала әуені » ( «Жетісу жұлдыздары»)

2. Жүргізушілер шығады

1- жүргізуші: Армысыздар, бармысыздар, Қош келдіңіздер, Құрметті де аяулы ұстаздар! Сіздерге деген шексіз алғысымызды күмбірлеген қоңыр үнді домбырамен, мың бұралған биімізбен жеткізе алдық па? Жеткізе алсақ одан асқан бақыт барма!

Ұстаз– ұлағатты есім. Шәкірттерін білім нәрімен сусындатып, тәлім — тәрбие беру, жақсы қасиеттерді бойына дарытып, адамгершілік рухта бағыт — бағдар беруде ұстаздың еңбегі зор. Сондықтан да ол әрдайым қасиетті тұлға ретінде ерекшеленеді. Білім көшін жылжытып келе жатқан ұстаздар қауымына құрмет арта бермек! Сіздерді кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймыз!

2- жүргізуші:

Ұстаз деген – жарық күні ғаламның,

Ұстаз деген – анасы ол адамның.

Бүкіл әлем мойындайды еңбегін,

Сен де одан адам болып жаралдың.

Ұстазыңды түсінген сен тереңнен,

Бар әлемге еңбегімен еленген.

Сенің бағың өрге қарай өрлесе,

Ол да бірге қуанышқа кенелген.

Сол арқылы сен де өмірді жалғадың,

Ізгі іс қой, ұстаз тілін алғаның.

Мақтау алсаң ұстаздардың алдында,

Ол өзіңнің орындалған арманың.

Ұстаз сөзін айтып жүрдік ән қылып,

Одан басқа жүрген кім бар жанды ұғып.

Ұстаз деген – ұлылардың ұлысы,

Қасиеті бас иелік мәңгілік!

1- жүргізуші:

Ұстаз туралы ән сіздерге арналады, аяулы ұстаздар, қабыл алыңыздар!

Алдарыңызда «Ұстазым» әнімен Жамбылова Ақерке

1-жүргіуші: Сен қалай ойлайсың, Аяла? Менің ойымша, кез-келген мұғалім ұстаз бола алмайды. Себебі ұстаздық-өнер, тағылымы терең өнер. Ал өнерлі болу кез-келген адамға қона бермейді. Олай болса, шын ұстаз болу үшін табиғи дарын ізгілікті ізденіс пен ерен еңбекке ұштастырылуы шарт. «Шәкіртсіз ұстаз тұл» деген сөз тегін айтылмаса керек.

2-Жүргізуші: Сымбат, мен осы сөзің дәлелді бола түсу үшін мына жыр шумақтарын қосайын.

Ұстаз болу – жүректің батырлығы,

Ұстаз болу – сезімнің ақындығы,

Ұстаз болу – мінездің күн шуағы,

Азбайтұғын адамның алтындығы –

деп ақын Ғафу Қайырбеков ағамыз жырлағандай, біздің мектебімізде сөзі маржан, үні ән ұстаздардың бар болғанын мақтаныш етемін. Әрине, ұстаз жүгі–ауыр жүк. Адамның жан дүниесін түсініп, ренжітпей, қателігін сездіре білу – бұл нағыз шеберлік емес пе?!

1-Жүргізуші: Аяла , екеуміз Ұстаз туралы қанша мақтау сөз айтсақ та тауыса алмаспыз. Ендеше, қымбатты ұстаздар, шәкірттеріңіз Фариза өздеріңізге өлең –шумақтарын арнайды.

1-жүргізуші: Білім беру саласындағы ұзақ жылғы жемісті еңбектері және жас ұрпақты оқыту мен тәрбиелеуде біраз жетістіктерге жеткен, ұрпаққа айтар ақылы, көрсетер өнегесі бар, аналық сезімнің, дана ойдың ыстық лебі бар аға ұрпақ өкілі, мектептің жүрегі ардагер ұстазымыз Қырғызбаева Айман апайға қошемет көрсетіп қоялық.

2-жүргізуші:

Зейнет жасқа жетіп кепсіз зымырап, Бірақ қимыл әлі жастай шымыр — ақ. Еңбегіңіз зейнет болсын ендігі Күндеріңіз мұң салмасын қырындап. Талай күндер төккен термен өткен күн, Қуаныштың нәрі көктен сепкен күн. Талай жылдар тағылымы толысып, Еңбектен соң зейнет келіп жеткен күн. Еленді еңбек қуанышты бәріміз,

Зейнет жаспен құлпырады сәніңіз. Жалынды жас кейпін әлі сақтапсыз, Қуанышқа ортақ кіші — кәріміз.

1- Жүргізуші:

«Мұғалім бақыты – шәкірт құрметі» демекші келесі кезекті Айман апайдың шәкірттеріне береміз

1- Жүргізуші: Қазақта жақсы сөз бар, «Әзілің жарасса атаңмен ойна» деген, ендеше сахна төрінен әзілге орын берсек, қымбатты ұстаздар!

Мұғалімдер кім болуды армандайды?

Мұғалімдер әсте әртіс, жазушы, сот, бастық, сылақшы, майлаушы, немесе еден сыпырушы болуды армандамайды. Өйткені:

-Әр мұғалімнің жұмыс бөлмесі, отыратын жұмыс үстелі, қармағында 30-40 оқушысы бар, кішігірім бастық емес пе? Ашса алақанында, жұмса жұдырығында, — дегендей ұрыс, төбелес жөніндегі бала мен ата-ана дауын да бір өзі шешіп отырады.

-Әр мұғалім өз сабағының шебері, яки режиссері, көбінесе басты рөлде де өзі ойнайды. Әртіс демей көр, кәне. Көпшілік көрініске де өзі қатысады.

-Бір тыным жоқ. Кабинет тазалығы да өз мойнында. Демек, майлаушы да өзі, сылаушы да өзі. Безендіруші де өзі.

-Жазушыларға келер болсақ, тіпті кейбір жазушыларыңыз да, мұғалім құсап күнде жазуға отырмас.

Ұстаздарымыз сан алуан қосымша мамандықтар меңгеруде. Ендеше қай мекемеге қандай мамандық иесі өте зәру болса, 2-3 айлық жазғы демалыс кезінде біздің ұстаздарды шақыруларыңызға болады.

2 жүргізуші:

Ұстаздар жайында халқымыздың ұлы батыры Бауыржан Момышұлы былай деген:“Ұстаздық — ұлы құрмет. Себебі, ұрпақтарды ұстаз тәрбиелейді. Өмірге ұрпақ берген аналарды қандай ардақтасақ, сол ұрпақты тәрбиелейтін ұстаздарды да сондай ардақтауға міндеттіміз”

Бала бойына ата-анадан кейінгі ақыл-ой, адамгершілік, әдептілік, ар-ұят, ұлттық сана-сезімді сіңіруші адам – Мұғалім.

Ендеше өз ісіне берілген, жаңалықты жатсынбай қабылдайтын, шәкіртінің жанына нұр құйып, өмірге өзі де бақытты болып, өзгелерді де бақытқа жеткізсем деп жүретін ұстаздардың жөні де, жолы да бөлек

Аяулы ұстаздар сіздерге тарту етіп әсем ән мен биді ұсынамыз!

« Испан » БИІ орындайтын «Жетісу жұлдыздары»

Ән «Аялайық ұстазды» орындайтын мектеп өнерпаздары

1-Жүргізуші: Ғылым иесі ғалым да, ел қорғаған батыр да, тілінен бал тамған ақын да, тегеуріні темір балқытқан жұмысшы да, егін салған диқан да, мал бағып терін төккен шопан да, көк күмбезінен әрі өткен ғарышкер де бәрі-бәрі ұстаздан білім, тәлім алған, сондықтан ұлағатты ұстаздар сіздерге бүкіл адам баласы құрметпен бас иеді. Халықтың нұрлы ертеңі үшін, ел игілігі жолында атқарып отырған еңбектеріңіз жемісті болсын! Шәкірттеріңіз еліміздің мәртебесін өсіріп, көсегесін көгертер асыл азаматтар болып өссін!

/Көңілді күй, сахнаға оқушылар шығады, олар ұстаздарға біркелкі бас иеді/

2-жүргізуші: Шәкірттер санасына сәуле шашып, шырақ отын маздатқан ұстаздар қауымына ақ лебіз, жылы тілегін білдіру үшін ортамызға мектебіміздің басшысы Сатаев Болат Тұрсыналыұлын шақырамыз.

 

Жауапты: 11- сынып жетекшісі Аталыкова Гульнара Дуйсебаевна


ПІКІР ҚАЛДЫРУ