Тұлғаң ана — ту биік

0
1470

Тойлаңдаршы, топты жарып думанды,

Жақсылықтың нөсерімен жу жанды.

Адамзатқа өмір берген аналар,

Ту биікке іледі адам тұлғаңды.

 

Ана — дастан, ана — өмір тіршілік,

Ана жайлы қалмасын сыр іркіліп.

Зіл заланың запыранды дертінен,

Жер жүрегі жиі аунайды күрсініп.

 

Өзегіне өмір нәрін сіңірген,

Уақыт жүйрік, кезі жоқ қой кідірген.

Ұл мен қызын қатар туып, өсірген,

Аман болсын, ана сенің үй іргең.

 

Ана — ақыл, санасы озық азамат,

Талай тапқыр танытқан ой, ғаламат.

Қашан көрсең қайырымды жүрегі,

Бар мен жоққа еткен тәубе, қанағат.

 

Қырмызы гүл, қыз келіншек құлпырған,

Іңкәр сезім, асау тізгін жұлқыған.

Шалқы, төгіл қуанышы кеуденің,

Шығып бүгін көңілдердің ырқынан.

 

Келбең қағып, көктем шықты алдымнан,

Көк иісті жұпар аңқып шалғыннан.

Құрмет етіп аналарға бас иіп,

Мүсін құйдым жыр тағына алтыннан.

 

Толқып теңіз, шалқып дария тасып-ақ,

Шіркін, ана әлдиіне ғашық-ақ7

Балапаны, бауыр еті, баласы,

Сендер үшін кірген ана шашына ақ.

                                                                                                 КҮЛМАРИЯ КӨКЕКОВА

 

 


ПІКІР ҚАЛДЫРУ