Түркістанның жап-жаңа жеті кереметі

0
1004

  Түркістан  – V-VI ғасырларда іргетасы қаланған тарихи қала. Бүгінде 1500 жылдық өркениет тоғысқан шежірелі шаһардың құрылыс жұмыстары қайта жаңғыруда. Түркістанды  әлемге паш ету үшін бюджеттен 1 трлн теңгеден  астам қаражат жұмсалады. Қала тұрғындарын қандай өзгерістер күтуде?

  Түркістан қаласында 2024 жылға дейін 130 ғимарат бой көтереді. Ашық дереккөзге сүйенетін болсақ, қаланың мәдени орталығының жобасын ЮНЕСКО бекіткен. Жаңа ғимараттардың дизайны заманауи үлгіде. Десек те,  бұл ғимараттар қаланың ескі келбетіне көлеңке түсірмейді. Назарларыңызға Түркістанның жап-жаңа жеті кереметін ұсынамын.

  1. Түркістанның жаңа әуежайы

Түркістанның жаңа әуе айлағы өңірдегі туризмнің дамуына қуатты серпін беріп, азаматтардың авиатасымалдау қызметтеріне деген қажеттілігін қанағаттандырады. Жобаны іске асыру үшін шетелдік инвестициялар тартылды, құрылыс рекордтық мерзімде аяқталды. Әуежай ауданы 905 га.

  1. «Түркістан медиа» халықаралық орталығы

Медиа орталықта брифинг және шағын кеңестер өткізетін орындар бар. Жұмыс істеуге қажетті жаңа жиһаздармен, компьютерлермен және ғаламтор желісімен толықтай қамтылған. Мұнда Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі, Түркістандағы Қ.А.Яссауи атындағы ХҚТУ-дың студенттерінен құралған ерікті жас журналистер клубы жұмыс істейді. 70 адамға лайықталған залы бар. Медиа орталық арқылы түрік, әзірбайжан, орыс, өзбек, қырғыз тілдерінде ақпарат таратылады.  

  1. Амфитеатр

Амфитеатр Байбұрт және Тәуке Хан көшелерінің арасында, Түркістан қаласының орталық бөлігінде, ЮНЕСКО күзететін Қожа Ахмет Яссауи мешітінің қорық аймағына тікелей жақын жерде, ауданы 0,55 га жер учаскесінде орналасқан. Құрылыс ауданы – 2241 м2. Ғимараттың жалпы ауданы – 3911 м2. Заманауи кешен 1000 орынға лайықталған.

  1. Оқушылар сарайы

Орталықтың негізгі мақсаты – балалардың шығармашылық қабілетін дамыту, инновациялық технологияларды қолдануға баулып, білімді ұрпақ даярлау. Түркістан оқушылар сарайының жалпы көлемі 12 мың шаршы метр. Негізгі оқыту ұстанымы технопарк, ғылым қалашығы, шығармашылық бөлім, спорт секциясы, SANA IT Орталығы, линговоLand, продюсерлік орталық болып 7 бағытты құрайды. Орталық 1100 оқушыға лайықталған. Ақылы үйірмелердің  бағасы жергілікті халықтың тұрмыс жағдайына байланысты болмақ. Яғни, 3500 теңгеден басталады. Ақысыз 15 үйірме өнер, спорт, тілдерді оқытуды  қамтыса, ақылысына қатысқан балалар IT саласына ден қойып, ғылымға бет бұрады.

  1. Шығыс моншасы

Түркістанда Қызылорда облысы тарту еткен шығыс моншасы ашылды. Моншаның жалпы аумағы 3 мың шаршы метрден асады.

  1. RIXOS TURKISTAN

Халықаралық деңгейдегі қонақ үй кешені Түркістанның басты көрікті жері Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне жақын жерде орналасқан, қаланың ескі және жаңа бөлігінің ортасындағы алтын көпір. Қонақ үй заманауи стильде жасалған. Қақ ортадағы көркем элементі – тайқазан. Бірлік пен қонақжайлықтың символы. Қонақ үйдің ішкі көрінісі жаңғыру кезеңдерін бастан өткеріп жатқан бай тарихы бар ежелгі қаланың жайлы атмосферасын бейнелейді. 7 қабатты қонақ үйде 121 жаңа бөлме бар, олар заманауи стильде жаңа технологиялармен безендірілген. Апартаменттер ауданы 30-дан 270 шаршы метрге дейін. 5 түрлі санаттағы бөлмелер — супериор, жартылай люкс, жанұялық люкс, король люксі және президент люксі болып бөлінеді. Сондай-ақ, спа орталықтар, банкет және конференц-залдар, мейрамханалар бар.

  1. Түркістан-Арена

Түркістан қаласындағы спорт арена, сыйымдылығы 7000 адам. Стадионның негізі футбол алаңынан, жеңіл атлетикаға арналған жабық аренадан тұрады. Акробатика, бокс, ауыр атлетика, спорттық гимнастика және йога залдары талаптарға сай толық жасақталған.

                                                                                                        САЯНА СЕЙТҚОЖА


ПІКІР ҚАЛДЫРУ