Тереңнен терер ілімді, шәкіртім болсын білімді…

0
2265
Бигожина Бахина Олжабаевна - қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі

Бигожина Бахина Олжабаевна -жоғары санатты  қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі. 1975 жылы  19 қарашада  Ақмола облысының Астрахан ауданында дүниеге келген. Қазіргі таңда Астана қаласы №63 мектеп-гимназиясында қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып  қызмет атқарады. Алғашқы тырнақ алды туындылары мен шығармашылық еңбектері «Столичное образование» (2014 ж.), « Астана ақшамы» (2013 ж.), «Негізгі және орта мектеп» (2015 ж.), «Қазақ тілі мен әдебиеті» (2016 ж.) және т.б  басылымдарда жарық көрген. Сонымен қатар, ұстаздың  топтама өлеңдері 2012 жылы жарық көрген «Тіл білімі» жинағына енгізілді.
Шығармашыл ұстаз көптеген байқаулардың жүлдегері.  Ол тынымсыз ізденістері мен жарқын жетістіктері үшін 2016 жылы «Оқу ағарту ісінің үздігі» төсбелгісімен марапатталған.

Ана тілі

Ана тілім-тағдырымның айнасы,

Өркен жайған жауқазындай жайнашы.

Тілім үшін  мың өліп, мың тірілем,

Сен де сөйтші, тереңіне бойлашы.

 

Ана тілім- асылым-ау, қазынам,

Сенсіз кімге жетер сөзім,базынам?!

Туған тілді құрметтеуің парыз ғой,

Өз тілімде сыр ақтарсам жазылам.

 

Ана тілім- жарық нұрым,құндызым,

Қастерлесін халқың, елің,ұл-қызың.

Сен деп білем дүниенің тұтқасы,

Адастырмас Темірқазық жұлдызым.

     Қарайсың мұңлы көзбенен

Қарайсың мұңлы көзбенен,

Құшақты ыстық сезбеген.

Қызғана сірә, білмейсің,

Анаңды жұрттан өзгеден.

 

Мейірімсіз неткен жан еді?

Жазығың қандай бар еді?

Жаутаңдай қарап әйнекке,

Анаңды көргің келеді.

 

Атқанда әр таң арайлап,

Пердесін түріп абайлап.

Әйнекке төніп жүрсің сен,

Анаңды іздеп қарайлап.

 

Ауырды  жаным, шырағым,

Жас төкті көздің бұлағын.

Сағыныш сені сарғайтқан,

Көрдім де келді жылағым.

 

 


ПІКІР ҚАЛДЫРУ