«Тіл-асыл қазынам» (сайыс)

0
5718
ұйымдастырылған оқу қызметінің конспектісі

Сабақтың ұраны: «Ана тіліміз – бізді ғасырдан-ғасырға, заманнан-заманға
аман жеткізген бірден – бір арымыз да, нарымыз да».

Н.Ә. Назарбаев

Мақсаты: Мемлекеттік тілді құрметтеу, сыйлау, ана тілдерін қастерлеу сезімдерін қалыптастыру. Сөздік қорларын байыту, іскерлікке дағдыландыру. Ұлтжандылыққа, адамгершілікке тәрбиелеу. Тұрақты сөз тіркестерін, мақал-мәтелдерді дұрыс қолдана білу, ұғыну, түсіну ауызекі сөйлеу дағдыларын қалыптастыру, шығармашылыққа баулу.

Сабақтың түрі: Сайыс сабақ

  1. Тіл туралы тосын пікірлер
  2. Тіл сырына саяхат. Артық болмас, білгенің…
  3. Қазақ тілі туралы жыр шумақтары

Көрнекілігі: интерактивті тақта, компьютер,тіл туралы мақал-мәтелдер жазылған плакат

Тіліміз дүние жүзіндегі ең сөздік қоры бай, бейнелі де бедерлі, көркем де кестелі
тілдердің бірі екені бәріңе де аян. «Өткірдің жүзі, кестенің бізі, өрнегін сендей сала алмас», — деп ұлы Абай атамыз таңырқап, тағзым еткен де осы қасиетті тіліміз.

«Қазақ тілім – өз тілім, ана тілім,
Абай, Мұхтар сөйлеген дана тілім.
Қастерлейді ұл – қызың мәңгі сені,
Болашағым, бақытым, дара тілім».

Ана тілім –
Дана тілім, бақ тілім,
Сенсіз бақыт дүниеден тапты кім?
Сенсіз менің қасиетім, шаттығым,
Тазалығым, пәктігім.
Сенің әрбір тынысыңмен күн кешем,
Сен арқылы тіршілікпен тілдесем.
Ел бетіне қалай түзу қараймын,
Ана тілім,
Егер сені білмесем» (Н. Айтов)

Егеменді мемлекеттің басты белгілерінің бірі – тіл. 1997 жылдың 11 шілдесінде Қазақстан Республикасы Парламенті «Тіл туралы» заң қабылданды. Қазақ тілі түркі тілдер тобына жатады, атадан балаға жеткен ұлы құбылыс. Ол талай тарих
сырынан өтті.

Құрметті қонақтар, оқушылар осы онкүндіктің аясында өтіп жатырған бұл сайысымыз
«22 қыркүйек – Қазақстан халқының тілдері мерекесіне» қосылатын кішкене ғана үлес. Осы «тіл мерекесі құтты болып, мәртебесі биік болсын» деген тілекпен, сайыскерлерге сәттілік тілейміз! Енді оқушыларымыз екі топқа бөлініп, сайысқа түседі. Сондықтан сайысты бағалау үшін әділқазылар алқасын сайлап алайық.

І кезең – «Толғауы тоқсан қызыл тіл» деп аталады.
ІІ кезең – «Мақсатым тіл ұстартып өнер шашпақ»
ІІІ кезең –«Білімдіден шыққан сөз талаптыға болсын кез»
ІV кезең – «Тіспен түйгенді тіл шешеді»

Сонымен сайысымызды бастайық!

І кезең – «Толғауы тоқсан қызыл тіл» бөлімінде салт -дәстүр ырымдар туралы болмақ.
«Селт еткізер», «ұйқыашар» салтының мазмұнына тоқталу.(Жауабы: ұйқыашар, салт той мерекесі мысалы: наурыз айында түнде қыз – келіншектер, жігіттер ұйықтап қалмасын деп жақсы тағамдардан ұйқыашар тамақ дайындайды. Бұл салт бір есеппен қыз бен жігіттердің бір – біріне деген шынайы сезімдерін арттыруға себепші болған).

«Селт еткізер», «ұйқыашар» дайындап өздеріне қызмет етіп, құрмет еткен, көңілі қалаған қыздарға жігіттер жеңіл- желпі ескерткіш, сый – сияпат ұсынады. Мұны «селт еткізер» деп атайды. «Аманат» және «аманат қою» дәстүр ғұрпының мазмұнына тоқталыңыз. Айырмашылығы неде?

«Аманат» – Кісінің аманатынан уақытында құтыл деген хадистің жолдары бар. Бір адамның екінші біреуге сақтауға берген бағалы затын сақтап және оны мерзімінде тапсыру керек. Аманатқа қиянат жасаған адам, ауыр күнәға қалады.

«Аманат қою» ғұрып – «Аманат қою» әзірше, уақыт жерлеу деген мағынаны білдіреді. Қайтыс болған адамның мәйітін ауа – райының қолайсыз жағдайына байланысты өлік аманат қойылады да, кейін тиісти жеріне апарып, қайта жерленеді. «Аманат қою» мен «аманат етудің» айырмашылығы «Аманат қою», мәйітті, қайтыс болған адамды уақытша жерлеу мағынасын білдіреді, ал «аманат» дәстүр, бағалы затты сақтап, оны тапсыруды «аманат» қылған.

«Асар» мен «қол ұшын беру» салтының мазмұнын түсіндірсеңіз. Айырмашылығы неде?
(Жауабы: «Асар» бір жанұяның қолынан келмейтін жұмыстарды атқару үшін бір ауылдың адамдары асарға шақырылады. Мыс: үй көтергенде, егін салғанда ауыр жұмыстарға шақырылады. Олардың еңбегін асарға шақырушы адам арнайы мал сойып, қымыз құйып, ас әзірлеп, тойлайды.

«Асар» – қазақ елінің ұжымдық топта жұмыс істеуінің көрінісі деп қарауға болады.
«Қол ұшын беру» (дәстүр). Жұмыс істеп жатқан жерге әр адам қанша асығыс болса да, сәл аялдап қол ұшын беруге тиіс. Мыс: көшіп жатқан үйлердің мүлкін, базарға жәшік түсіріп жатса, т.б. Егер мұндайда кейбір адамдар араласпай тұрса, онда еңкей, қол ұшын бер, «балаңның белі бүкір болады» деп әзіл – шыны аралас ескерту жасайды. Жұмыссыз бос тұру тәрбиесіздік, білімсіздік болып саналады. Айырмашылығы: «Асар» – көпшілікпен бітетін шаруа, ал, «қол ұшын беру» — жеке адамның көмегі.

«Қымызмұрындық» пен «Сірге мөлдіретер», «Қымызмұрындық» – қазақ салтының ең төресі.Жазғытұрым бие құлындап, құлыны есейіп, қара құлақ болуға айналған кезде ел бие байлайды. Бие байларға арналған жылы – жұмсаққа ауыл адамдары, құда – жекжат, тума – туыс, дос –жаран шақырылып, желі байлар қымызмұрындық жасалады. Қымыз ашылған күні қымыздың алды шақырылған қонаққа беріледі. «Сірге мөлдіретер» қазан айының басында бие ағытылып,соңғы қымызды жинап, ел – жұртқа ауыз тигізеді. Яғни, «бие ағытар» тойы өткізіледі. Осы «бие ағытылар» кездегі қымызды «Сірге мөлдіретер» дейді.

Айырмашылығы: «Бие байлар» – «қымызмұрындық», «Сірге мөлдіретер бие ағытар» деп аталады.«Бата», «Бата оқыр» ғұрпының мазмұнын түсіндіріп ашу.
Жауабы: «Бата бата беру», «бата алу» «Бата» халықтың рухани қуат алатын құдіретті сенім күші. Батаны құрметті, елге сыйлы адамдар береді. «Бата» көркем сөзбен, өлеңмен, шешендік тілмен, әсермен қол жайып айтылады. «Бата» түрлері ұлға бата, қызға бата, жол жүрер бата, асқа бата, нәрестеге, келінге т.б.

«Бата оқыр» қайтыс болған адамға жақын-жуықтары мен туған туыстары арнайы келіп, бата қылыды. Оның мәнісі – қайтыс болған кісінің аруағына жылқы, сиыр, қой сияқты сойыс әкеледі немесе ақша береді. Дұға оқытады. Ет жақындары «бата оқыр» жасайды, жақыны қайтыс болған адамды далада кездестіру үлкен ұят санаған.

Үйдегі «алтын қазық» кім? Мән – мағынасын ашу керек. Жауабы: үйдегі «алтын қазық» – ана.  Ана ақылды болса, бала дана болады. Ананың  тәрбиесі қызға, әке тәрбиесі ұлға үлгі. Анашың –ақылшың, әкешің– қамқоршың, ағаң – қорғаушың, інің сүйенішің, қарындасың – қанатың екенін ұмытпа. Ананы сыйламағанның ақылы кем. Ананың мейірімі көзінде, ықыласы көңілінде, ақылы сөзінде.

-«Тілім менің!
Осы тілде шежірем, жырым менің!
Асан қайғы арманы,
Қорқыт күйі –
Тағдырыммен тамырлас мұңым менің», – дей отырып, ІІ- ші «мақсатым тіл ұстартып өнер шашпақ» кезеңіне де келіп жеттік. Мұнда берілген «ырым тыйым» сөздердің мағынасын ашып түсіндіру. Қай топ көп біледі екен?

1. «Отқа су құйма, түкірме»
Себебі: кезінде ата – анамыз отқа табынған. От өмір, тіршілік көзі саналған

2. «Мал сүйегін отқа жақпа».
Тірі малдың сүйегі сырқырап, желіні іседі, малсыз қалып жоқшылыққа ұшырайды деген ұғым.

3. «Итті теппе, итке су шашпа. Туысқаныңа ит сыйлама». Себебі ит жеті қазынаның бірі, туыстарыңмен «араз» болу дегенді білдіреді.

4. «Үйде ысқырма» Себебі: үйде ысқырса жылан келеді, дейтін ұғым бар. Қазақ үйлері далалы, ашық жерлерде тігілетін болғандықтан, күтпеген жерден жылан келсе, бала – шаға, малға қауіп деп қараған.

5. «Тізеңді құшақтама». Жалғыз қаласын деген ұғым.

6. «Отқа пияздың қабығын жақпа». Себебі: сиырдың желіні кетеді, сүті болмайды.

7. «Жас босанған келіншек сыртқа түнде жалаңбас шығуға, түнде суға баруға болмайды» неліктен?
Себебі: «жын – шайтан» қағып кетеді деген.

8. «Адамға суды шашпа». Себебі: судай араз болу.
Осымен ІІ – ші кезеңді тамамдап, ІІІ – бөлімге де келіп жеттік.

ІІІ – кезең. «Білімдіден шыққан сөз талаптыға болсын кез» деп аталады. Бұл кезеңде біз берілген сөз тіркестерінің мән – мағынасын ашамыз.

1. «Ит арқасы қиянда» – алыс
2. «Қоян жүрек» – қорқақ
3. «Тісінен шығармау» – айтпау, сөзді жаймау
4. «Бармағын тістеу» – өкіну
5. «Жүрегі жарылу» – қуану

6. «Салы суға кету» – көніл –күйі түсу
7. «Ит өлген жерде» – алыста
8. «Көзінің майы таусылды» – қарап шаршады
9. «Қас пен көздің арасы» – лезде,шапшаң, тез
10. «Тас бауыр» – мейірімсіз
11. «Жүзі жылы» – мейірімді

12. «Тайға таңба басқандай» – анық
13. «Аяғының басына қарау» – ұялу
14. «Көз ілмеді» – ұйқысыз таңды атырды
15. «Азар да безер болды» – сасқалақтады
16. «Түн ұйқысын төрт бөлді» — ұйықтамады

«Туған тілім – бабам тілі – өз тілім,
Туған тілім – анам тілі – өз тілім.
Туған тілім — далам тілі – өз тілім,
Туған тілім – адам тілі – өз тілім!

Туған тілде сыры терең жаным бар,
Туған тілде әнім менен сәнім бар.
Туған тілім тіл болудан қалса егер,
Жүрегімді суырып – ақ алыңдар».      (Д. Әбілов)

Сайысымыздың соңғы ІV-кезеңі – «Тіспен түйгенді тіл шешеді» бөліміне жеттік. Бұл бөлімде ұшқыр ойымызды көрсетіп берілген сұрақтарға тез жауап беруіміз қажет.

1. Қазақ даласында алғаш мектеп ашқан, қазақтың ұлы ағартушысы.
2. Мәңгілік өмірді аңсаған кім?
3. 22 –қыркүйек қандай мереке?
4. Әріптердің рет – ретімен тізілген жиынтығы?

5. Жігіттің үш жұртын ата?
6. Өлеңмен жазылған шығарма қалай аталады?
7. Киіз үйдің неше бөлігі бар, ата?
8. Ертөстіктің жылқысының атын ата?
9. Қазақстан Республикасының ресми тілі?

10. Абайдың бес жаман ісі не?
11. Қазақтарды шетелдік қонақтарға таныстырған ақын?
12. «Қыздың жиған жүгіндей» тұрақты тіркес қандай мағынаны білдіреді?
13. «Мықты» сөзінің синонимін ата?
14. «Тілге жеңіл жүрекке жылы тиіп, теп – тегіс жұмыр келсін айналасы» кімнің сөзі?

«Тілім менің болмаса, не етер едім,
Өмір бойы мәңгүрт боп өтер едім.
Егеменді ел болдық, байрағымды
Мақтанышпен жоғары көтеремін».
Мұралардың ең қымбаттысы сөз. Сөз күн шалмас қараңғы көңілді шалады. Күн жылытпас суық көңілді жылытады, асылы адам да нәрсе де тозады, жоғалады. Асыл сөз мәңгі жасайды.(Ғ.Мұстафин)

Дереккөз: «Ұстаз» ғылыми әдістемелік журналы

Басқа материалдар:

  1. Тіл жаның, тіл — қаның, тіл-арың, тіл — әнің (Әдеби ойын – сайыс)
  2. Жасай бер, Ана тілім — Қазақ тілі! (Тақырыптық кеш)
  3. Тіл — біздің тірегіміз, соғып тұрған жүрегіміз (Әдеби ертеңгілік)
  4. Тіл өнері мен сөз құдіреті туралы мақал-мәтелдер
  5. «Жас математик» интеллектуалдық сайысы
  6. Математикадан «Ғажайыптар әлемі» сайысы
  7. «Физика» декадасына арналған «ХХI-ші ғасыр көшбасшысы» атты интеллектуалдық сайысы
  8. «Білімді информатик» сайысы
  9. Жасанды интеллект деген не?
  10. Информатика пәніне қатысты глоссарий

ПІКІР ҚАЛДЫРУ