Тіл жұтаңдығының 10 белгісі

0
1431
Иллюстрация: Freepik.com

1.Сөйлеп тұрып,бір сөзді таба алмай қалса, өзге ұлттың тілімен түсіндіреді. Өзге тілден құлаш-құлаш үзінді алады,оны аударып түсіндірмейді, басқалар да сол тілді біледі деп санайды.

2. Сөз таба алмай « жаңағы… жаңағы…» « мысалы… мысалы..»деген сияқты ойына қатысы жоқ, бөгде бірдемелерді қосып ойдың да сөздің де берекесін кетіреді.

3.Ойым толық жетпей қала ма деп, дәл түсетін негізгі анықтауышты таба алмай « көрікті, көркем, әдемі, әсем » дарынды, талантты, алғыр жүлдегер деген сияқты бірыңғай анықтауышты баттамалап, көркем сөйлемге жамау түсіріп, құтын қашырады. Сөйлемі әрі ұзын, әрі дімкәс болып шығады.

4. Мағыналас сөздердің біреуін ғана малданып, келсін-келмесін « үлкен үлкен » деген сияқты сөзді бар жерге қолданып,сұрқай сөйлемнен ойды добалдай салады.

5. Мағыналас сөздерді өз орнына қолдана алмайды. Мысалы құрбан болды, өлді, шейіт болды, дүние салды, шетінеді, қайтыс болды, көз жұмды, опат болды, жазым болды деген сияқты сөздерді талғамай « тасқын кезінде бір адам құрбан болды » деп соғады.

6. Атау — термин қабылдағанда өзі қазақ тілін ұмытып қалғандықтан ылғи өзге халықтың тіліне жармасады. Одан айырылғысы келмейді. Оны « халықаралық тіл » деп безендіріп көрсетуге тырысады. Қазақ тілі бәріне жететіні даусыз бола тұрса да, қазақ тіліне үрке қарайды. Мысалы анонс, репертуар, супер тайм, зачет деген сияқты сөздерді қазақ тіліне ажар бермейді.

7.Жер аттары қазақша болса да, өзге тілдегі атауын қолдануға құлшынысы артып тұрады.

8. Қазақ тіліне бірінші кезекті бермейді. Қазақша сөйлемесек те жұмыс бітеді деп қарайды, тіпті қазақша аудармайды.

9. Өсімдіктердің аттарын, төрт түлк малдың мүшелерін, байырғы өнер, уақыт, әскери атауларын ұмытып қалғандықтан, өзге тілмен бейнелейді.

10. Қазақ тілін байыту үшін осыдан былай ағылшын үйрену керек деп санайды.

Осы он түрлі белгі жеке адамдар арқылы құралып, тілдің әлеуметтік жұтаңдығы болып қалыптасқан. Қазақ тілі – теңдессіз бай тіл, ал бүгінгі таңда жасап жатқан біз, қазақтар, тілге кедейміз. Кедейлікті жеңу үшін кедей екеніңді біл. Жарлықты жеңу үшін жалтақтамай мойындап жан сала күрес.

Шырынбекова Жанайым Асылбекқызы
Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық
қазақ-түрік университетінің 2 курс студенті 


ПІКІР ҚАЛДЫРУ