Төле бидің ұрыларға айтқаны

0
1814

Бірде қолға түскен қарақшыларға Төле би бүй дейді:

– «Келер кезек, өмір – біреу, кезек – екеу» деген осы, жігіттер! Кеше мені тұтқындап едіңдер, бүгін сендер қолға түстіңдер. Дүние кезек деген осы. Сендер шөліркеп келе жатқан жалғыз-жарымды тонайсыңдар. Елді зар жылатып, малын талайсыңдар. Біреудің бермесін тартып аласыңдар. Адал еңбек етпейсіңдер. Шөл далада қаңғырып, қатын жоқ, бала жоқ, ит қорлықпен күн көресіңдер. Қанша жыл қарақшылық қылсаңдарда құтаймайсыңдар. Істегендерің ұрлық, ал ұрлық – түбі қорлық.

Қойға шапқан қасқырды ұрып алар болар. Сендер де бір қасқыр да бір. Сендердей ұры-қары қарақшыға не істесе де болар еді, әттең! Амал қанша, сендерге өлім сыйлағанша, өмір сыйлағым кеп тұр. Мен Төле деген билерің боламын. Тілімді алсаңдар, тәубаға келіңдер. Қарақшылықты қойыңдар! Адал еңбек етуді ойлаңдар. Бала-шағаға қарап, ел қатарлы тірлік етіңдер, ұрпақ өсіріңдер. Үйлі-жайлы болып, мал жинап, егіс егіп күн көрейік десеңдер мен сендерге көмектесемін, қамқор боламын, жер беремін, мал беремін. Егер менің айтқаныма көнбесеңдер өз обалдарың өзіңе! Қане, не істейсіңдер! Өлім керек пе, өмір керек пе? – депті.


ПІКІР ҚАЛДЫРУ