Жаңартылған бағдарлама — білім берудің жаңа мазмұны

0
5364
Әлеуметтік желінің пайдасы мен зияны

Бүгінгі таңда әлемде болып жатқан саяси, әлеуметтік-экономикалық және мәдени өзгерістер білім беру жүйесінде де өзіндік әсерін тигізіп отырғаны белгілі. Қазақстанда жүргізіліп жатқан білім реформалары әлемдік білім кеңістігімен ықпалдасуға бағытталған.

Елбасы Н.Назарбаев 2012 жылғы 27 қаңтардағы «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту – Қазақстан дамуының басты бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында мектеп оқушыларының функционалдық сауаттылығын дамыту бойынша бес жылдық ұлттық жоспарды қабылдау жөнінде нақты міндет қойды. Оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамытудың жалпы бағдары Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған Мемлекеттік Бағдарламасы мен Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында да айқын көрсетілген. Ондағы басты мақсат – жалпы білім беретін мектептерде Қазақстан Республикасының зияткерлік, дене және рухани тұрғысынан дамыған азаматын қалыптастыру, оның физикалық құбылмалы әлемде әлеуметтік бейімделуін қамтамасыз ететін білім алудағы қажеттіліктерін қанағаттандыру.

Қазақстан өз тарихында жаңару мен жаңғыру кезеңдерін бастан өткеріп жатыр. Күнде өзгеріп жатқан ғаламда уақыт талабынан қалмай, бәсекеге қабілетті болу үшін бүгінгі білім беру жүйесіне түбегейлі өзгерістер керек. Білім саласындағы басты өзгерістердің бірі ретінде білім мазмұнының жаңаруын айтуға болады. Бұл — уақыт талабынан шығуға деген талпыныстан туған жауапты қадам. Фундаментальды білімнен функционалды білімге ауысу кезеңінде әрине, көзқарастар қайшылығы орын алатыны айқын. Дегенмен бүгінгі күннің талабы осы. Қаншалықты күрделі үдеріс болғанымен, бірақ осы өзгерістер, түбегейлі жаңарулар — қажеттілік.

Мемлекетіміздің білім беру үдерісіне енген жаңартылған білім беру бағдарламасы — заман талабына сай келешек ұрпақтың сұранысын қанағаттандыратын тың бағдарлама.

Қай елдін болсын өсіп-өркендеуі, ғаламдық дүниеде өзіндік орын алуы оның ұлттық білім жүйесінің деңгейіне, даму бағытына байланысты. «Ұрпағы білімді халықтың болашағы бұлыңғыр болмайды» дегендей, жас ұрпаққа сапалы, мән-мағыналы, өнегелі тәрбие мен білім беру-бүгінгі күннің басты талабы.

Шындығында мұғалімнің алдында оқушыларға білім мен тәрбие беруде үлкен жауапкершілік тұр. Әрбір оқушыны оқытып тәрбиелеуге байланысты мәселелерді өздігімен және шығармашылық ынтамен шешуге қабілетті жаңашыл мұғалім керек. Жаңа, тез өзгермелі, білімді де білікті, тың серпіліске, өзгеруге дайын және жаңа талап межесінен көріне алатын шығармашыл да кәсіби шебер мұғалімдерді қажет етіп отырғанына көзіміз жетті. Оқушылардың мектепте табысты оқуы ғана емес, өмірде де табысты болуы мұғалімнің қабілетіне, оның құзыреттілігіне байланысты екенін терең түсіндік.

Мұғалім оқушылар үшін қандай да бір пән бойынша білім беретін адам ғана емес, сондай-ақ олардың оқудағы еңбегін қызықты, тиімді ұйымдастыра алатын, оларға үлгі болатын ерекше тұлға болуы керек. Жаңа заман мұғалімнен күнделікті оқушылармен қарым-қатынас барысында әрбір жағдаят үстінде ерекше білім деңгейін көрсетуді және шығармашыл шешім қабылдай алуын талап етіп отыр. Оны қанағаттандыру үшін қазіргі заманның мұғалімі жаңашыл, икемді, өзгерісті тез қабылдай алатын, жан-жақты, жаңа педагогикалық инновациялық технологияларды меңгерген болуы керек.

Соңғы жылдары педагогикалық теорияда және оқу-тәрбие үдерісінде айтарлықтай өзгерістер болып жатыр. Білім берудегі жаңғырту мен инновациялық үрдістердің жалғасуына ықпал етудің маңызды факторының бірі мұғалімнің кәсіби шеберлігі. Солай бола тұра «кәсіби шебер» түсінігіне пәндік, дидактикалық, әдістемелік, психология-педагогикалық білім мен дағды ғана емес, педогогтің жеке тұлғалық потенциалы, кәсіби құндылықтары да жатады.

Еліміздегі білім беру саласы жаңа жүйеге көшу барысында ұлтымыздың болашағына тірек болар азаматтардың білім деңгейі жоғары, ой өрісі дамыған, өз ойын еркін жеткізе алатын, туындаған мәселелерді шеше білетін және шынайы өмірге бейім жаңашыл ұрпақ тәрбиелеуді басты фактор ретінде қарастырып отыр. Сонымен қатар мемлекеттік тілдің зор әлеуетін сезіну міндеттілік деп танылып, ұлтаралық келісім кепілі ретінде әрбір білім алушы оны құрметтеуі парыз.

«Мұғалім көп әдісті білуге тырысуы керек. Оны өзіне сүйеніш, қолғабыс нәрсе есебінде қолдануы керек»,-деп Ахмет Байтұрсынов айтқандай, қазіргі заман талабына сай білім беру мәселесі сол қоғам мүддесіне сай болуы керек. Өз ісінің шебері ғана жоғары жетістіктерге жетеді. Қазіргі таңда пәнді жақсы, терең білетін, күнделікті сабақтағы тақырыпты толық қамтитын, оны оқушыға жеткізе алатын, әр түрлі деңгейдегі тапсырмаларды білу іскерлігі, оқытудың дәстүрлі және ғылыми жетілдірілген әдіс-амалдарын, құралдарын еркін меңгеретін, оқушылардың пәнге қызығушылығын арттыра отырып дарындылығын дамытудағы іздену-зерттеу бағытындағы тапсырмалар жүйесін ұсыну өмір талабы.

Жалпы жаңа бағдарлама қолдауды да күрделі сұрақтарды да тудыратыны анық. Бағдарламаны оқушылардың қалай қабылдағаны өзімізге байланысты. Жаңа бағдарламаның артықшылықтарына тоқталатын болсақ, ең алдымен, жалпы бағдарламаға педагогикалық қауымдастық, оқушылар оң көзқарас танытуда. Жаңа бағдарлама оқушылардың сыни тұрғыдан ойлау дағдыларын қалыптастыруға, түрлі әлеуметтік ортада өзін еркін ұстауға үйретуге бағытталған.

Оқушылар жаңа бағдарлама арқылы бәсекеге қабілетті және құзыретті тұлға болып, кез келген қауымдастықта тіл табыса білуге, өзгелермен бірлесе отырып, туындаған мәселелер мен міндеттерді шеше білуге үйренеді. Жалпы оқушылар жаңа бағдарламаны дұрыс қабылдау үшін кез-келген пәнде оқыту әдісін дұрыс таңдау — ең басты мақсаттардың бірі. Бағдарламаның практикалық мазмұнына тоқталатын болсақ, жаңа бағдарламаны балалар әр түрлі деңгейде қабылдап жатыр. Бұл балалардың дайындық деңгейлеріне де байланысты.

Сабақтағы әдіс-тәсілдері, яғни стратегияларды шеберлікпен тиімді қолдану қажеттігін ұстаздардың өздері де әлі үйреніп жатыр, бұрынғы дәстүрлі сабақтардағыдай дайын идеяларды ұсынып, өздері түсіндіріп, сыныпты басқарып жатқан жоқ, оқушылардың өздеріне білім мен идеяларды құруларына мүмкіндік беріп жатырмыз. Бұл бағдарлама алдымен, сабақ мақсатынан бастап өзгергендігінде. Сабақтың мақсатын қоя отырып, «мен осы сабақтан не күтемін; менің оқушыларым сабақ соңында қандай жетістікке жетеді; осы мақсатқа жеткізетін әдіс-тәсілдерді қалай қолданамын; нәтижесінде өз мақсатыма жеттім бе, менің оқушылардан күткеніме олар жетті ме?» деген мәселеріне көңіл аудару керек.

Бағдарлама аясында білім беру жүйесіне енгізілетін жаңа бағалау түрі – критериалды бағалау. Бағалау қалыптастырушы және жиынтық болып келеді. Бұл арқылы оқушылардың бағалау үдерісі әділ, нақты, сенімді және айқын болып табылады. Сабақ соңында оқушы өз нәтижесін критерийлер бойынша бағалайды. Дәстүрлі бағалауда жоспарлау, оқыту және бағалау бір-бірінен бөлек үдерістер ретінде жүргізіледі. Бағалаудың бір ғана құралы немесе стратегиясы пайдаланылады және бағалау тек мұғалімнің билігінде болады.

Оқушылардың ағымдық білімі мен оқу тәжірибесін бағалау тақырыппен жұмыс біткен кезде ғана жүргізіледі. «Бағалау» термині жақын отыру дегенді білдіретін латын сөзінен шыққандығы кездейсоқ емес, себебі бағалаудың негізгі сипаты бір адам басқа адамның не айтып, не істегенін немесе өзін-өзі бақылау жағдайында өзінің дербес ойлауын, түсінігін немесе тәртібін мұқият бақылауы болып табылады. Бағалауды өткізу үшін оқушылардың нені білетіндігін және не істей алатындығын, сонымен қатар олар қандай қиындықтармен кездесуі мүмкін екендігін анықтау қажет [1, 57-бет] деп мұғалімге арналған нұсқаулықта тұжырымдалған.

Сонымен, дәстүрлі бағалауда бақылаудың барлық мүмкіншілігі мұғалімнің қолында болады: ол оқушы біліміндегі барлық кемшіліктер мен қателіктерді анықтап көрсетеді. Өздік жұмыстар мен бақылау жұмыстарын орындағанда көп жағдайда мұғалім мен оқушы арасындағы өзара қарым-қатынас жоғалады. Ұсынылып отырған бағалаудың жаңа тәсілдерде оқушылардың өзара бағалауы ынталандырылып, өзін-өзі бағалауға деген құқығын біледі, үдеріс пен оқыту нәтижесіне деген жауапкершілігі артып, өзін-өзі бақылауы күшейеді. Мұғалімнің қызметі төреші, бақылаушыдан көмекші, кеңесшіге ауысады.

Бағалау үдерісінде мұғалімнің оқушымен өзара әрекеті үзілмейді, керісінше жаңа білімді игеру ынтымақтастығы жалғаса түседі. Бағалаудың жаңа жүйесінде жиынтық бағалаумен қатар қалыптастырушы немесе формативті бағалау қолданылады. Жиынтық бағалаудың немесе Оқыту үшін бағалаудың мақсаты оқушы қазіргі уақытта не оқып білгенін жинақтау болып табылады. Критериалды бағалау жүйесі Филиппин, Сингапур, Жапония, Франция, Финляндия сынды дамыған елдерде пайдаланылады. Бұл бағалау жүйесінің артықшылығы, баланың ойлау қабілетін дамытып, ғылыммен айналысуына ықыласын туғызады. Қалыптастырушы бағалау күнделікті оқыту мен оқу

үдерісінің ажырамас бөлігі болып табылады және тоқсан бойы жүйелі түрде өткізіледі. Қалыптастырушы бағалау үздіксіз жүргізіле отырып, оқушылар мен мұғалім арасындағы кері байланысты қамтамасыз етеді және балл не баға қоймастан оқу үдерісін түзетіп отыруға мүмкіндік береді. Жиынтық бағалау оқу бағдарламасынның бөлімдерін (ортақ тақырыптарын және белгілі бір оқу кезеңін (тоқсан, оқу жылы, орта білім деңгейі) аяқтаған оқушының үлгерімі туралы ақпарат алу мақсатында балл және баға қою арқылы өткізіледі. Қалыптастырушы бағалау және жиынтық бағалау барлық пәндер бойынша қолданылады. Дәстүрлі бағалауға қарағанда, критериалды бағалау жүйесі арқылы оқушының білім сапасын жетілдіруге болатынына күнделікті оқу үдерісінде қолдануымыздан көз жеткізуге болады.

Критериалды бағалау мұғалімдер мен оқушылар және ата-аналарға да өте тиімді бағалау түрі, өйткені мұғалім үшін — сапалы нәтижеге әкелетін критерийлер құрастыруға, өз іс-әрекетін саралап және болашаққа жоспарлай алатын мәліметтер алуға т.б., оқушылар үшін — табысқа жетелейтін бағалау критерийлерін түсінуге, өзін және өзгелерді бағалау арқылы кері байланысқа түсіп, түсінбегенін түзетуге мүмкіндік алады, сыни ойлауына, еркін ойын айтуына, өзінің білімін көрсетуге т.б., ата-аналар үшін — оның оқуындағы табыстылықты бақылауға, оқуына қолдау көрсету үшін бағыт алуына мүмкіндік туғызады. Қалыптастырушы бағалау жүйесі оқушылардың бейімделуіне қолайлы. Балалардың жас ерекшелігіне байланысты дәстүрлі бағалау жүйесінен гөрі қалыптастырушы бағалау әдісі олардың белілі бір уақытқа дейін қарапайым үлгілерді үйренуіне қолайлы болатын сияқты.

Функционалдық сауаттылықты қалыптастыру — оқушылардың өмірлік дағдыларын дамытудың басты шарты. Функционалдық сауаттылықты табысты ету үшін, оқулықпен жұмыс жасағанда тиімді жұмыс түрлерін жүргізуге болады: әр түрлі ақпарат дайындау (мәтін, кесте, сызбалар),шығармашылық тапсырмалар.

Елбасы Н.А. Назарбаев атап көрсеткендей, «Бiлiм беру саласын модернизациялау білімнің базалық құрамдылығын сақтауға бағытталуы тиіс және оларды үздіксіз жаңартып, толықтырып отыру қажет. Ең тәуір білім беру жүйесі жақсы оқитын оқушы мен нашар оқитын оқушының арасындағы айырмашылықтың жоққа таяулығы болып саналады». Бiлiм берудi реформалауды жүзеге асырудың және бiр маңызды сипаты, қазiргi уақыттағы оқыту, бiлiм беру мазмұнын жаңарту қажеттiгiне туындап отырғандығы баршаға мәлім. Мектептерде білім беру сапасы мен мұғалімдердің кәсіби құзыреттіліктерін арттыру және олардың педагогикалық шеберліктерін дамыту үшін қажетті жағдай жасауға бағытталған айқын жұмыс жүйесі қалыптасқан.

Жаңарған білім беру бағдарламасымен жұмыс істеу барысында кездесетін қиындықтар негізінен материалдық базаға негізделген. Себебі, барлық кабинеттерде компьютерлер, интербелсенді тақталар жоқ. Сол себепті, мұғалім кей кездерде дайын көрнекі құралдарды толық пайдалана алмайды.

Оқу жоспарына сәйкес бағалау критерийлерін жасау, оқу мақсаты мен бағалау критерийлеріне сәйкес тапсырма құрастырып, олардың дескрипторларын жасау тәжірбиені қажет етеді.

«Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» демекші бағдарлама мазмұнының өзіндік ерекшеліктері күн сайын ашылып отырар. Тек болып жатқан жаңалықтарды тұтандырып, балалардың санасына жеткізе білсек, арманымыз асқақ, үмітіміз зор болар… Мұғалімнің көшбасшылық қабілеті ең бірінші, сабаққа даярлықтан басталады, яғни, өтілетін сабақтың жоспарын құру, оны өткізу әдістемесі, оқушылардың қабілеттерін, жас ерекшеліктерін ескере отырып, иллюстрация, техникалық құралдарды, дидактикалық материалдарды пайдалану. Мұғалімнің осы шығармашылық әрекеті арқылы оқушының шығармашылық қабілеті қалыптасады.

Ал көшбасшылық қабілеттер шығармашылық елес, шығармашылық ойлау арқылы жүзеге асады. Оқушыны шығармашылық ойлауға, жылдамдыққа, икемділікке, тапқырлыққа үйрету ол мұғалімнің әр сабағында қалыптасып отыратыны анық. Ұлы ағартушы жазушы Ахмет Байтұрсынов айтқандай «Ұстаз үздіксіз ізденгенде ғана, шәкірт жанына нұр құя алады», – деген сөзі ізденімпаз, шығармашыл, жаңашыл ұстаздарға арналғандай. Осыны әрбір ұстаз жадында сақтауы тиіс.

Жаңартылған оқу бағдарламасы аясында тек өз пәнін, өз мамандығын шексіз сүйетін, бала үшін ұстаз ғұмырын құдіретті деп санайтын білімді мұғалімдер ғана жұмыс істей алады. Үйренгеніміз де, үйренеріміз де көп Үнді халқының тарихи тұлғасы Махатма Гандидің «Егер сен болашақтағы өзгерісті байқағың келсе, сол өзгерісті уақытында жаса» деген ілімін негізге ала отырып, оқушы бойындағы қабілетті жетілдіріп, оқушыларды болашаққа жетелеп, жақсы істі бастағалы отырмыз. Жаңартылған білім – болашақтың кепілі.

 

Баймаганбет Жадыра Кошербаевна

Семей қаласының №37 гимназиясының математика пәні мұғалімі


ПІКІР ҚАЛДЫРУ