Жаңартылған білім – баянды болашақтың бастауы

0
1498
Менеджмент қағидасында мектепішілік басқару дағдыларын жетілдіру, педагогикалық квалиметрия әдістері

Білімді ел – қашанда табысты ел. Қандай да бір мемлекет болмасын, дамудың биік сатысынан көріну үшін азаматтарының білімі мен білігіне көңіл аударатыны хақ. Соған қоса, білімнің жетістікке алып келер жолдағы ең негізгі құрал екендігі де айқын.

Осының негізінде бүгінгі күні еліміздегі білім саласына тың өзгерістер енгізілді. Бұл өзгерістер білім беру қызметіне жаңаша серпінмен қарауды, әрі қол жеткен табыстарды бағалай отырып, болашақ мамандардың шығармашылық қабілетін дамытуды, оқытушы іс-әрекетін жаңаша тұрғыда ұйымдастыруды көздейді.

Жаңартылған білімнің мақсаты – әр пәннің өз мазмұнынан туындайтын сан алуан әмбебап тәсілдерді рет-ретімен жүйелей отырып, қажетті ақпаратты оқушының санасына ұмтылмастай етіп сіңдіру. Сонымен қатар, жаңа ақпараттық, педагогикалық технологияларды пайдалану мұғалімге оқу процесінің құрылымын түбегейлі өзгертуге, оқушылардың дүниетанымдарын кеңейтуге және қабілеттерін көре біліп, оны есепке ала отырып дамытуға толық жағдай жасауға мүмкіндік береді.

Ұстаздық тәжірибемде жаңартылған білім жүйесінің мың сан артықшылығын байқадым. Бұл жүйеде мұғалімнің де, оқушының да өзіндік атқарар қызметі бар десем де болады. Бұрынғы дәстүрлі сабақтарда оқушы тек тыңдаушы, орындаушы ғана болатын, соған сәйкесінше өзінің тиісті бағасын алып отыратын еді. Ал бүгінгі жаңартылған сабақтарда оқушы – өздігінен білім іздейтін, өз ойын еркін жеткізе алатын жеке тұлға. Өз білгені мен түсінгенінің дәрежесіне қарай бағалау да критериалды түрде жүреді. Сонымен қатар, мұғалім бұрынғы толық ақпарат беруші, түсіндіруші болса, бүгінгі мұғалім бағыт-бағдар беруші, нұсқаушы. Бұл мұғалімге де, оқушыға да үш түрлі нәрсе береді: біріншісі —  ізденіс.

Ақпарат алу үшін оқушы ізденіп қана қоймайды, сол ақпарат оқушыға қолайлы түрде, түсінікті әрі тез жетуі үшін мұғалім де ізденеді. Екіншісі – білім. Мұнда әдеттігедей сабақ оқулық шеңберінде ғана өтіліп қана қоймайды, жан-жақты, кеңейтілген формада жүргізіледі. Әрине, бұл өз кезегінде оқушыға да, оқытушыға толағай білім әкелетінін байқаймыз. Үшіншісі – шығармашылық. Жаңартылған жүйеде білім алатын оқушы да, оқытушы да белгілі бір деңгейдегі шығармашылық тұлғалар деп сенімді айта аламын. Себебі, өз ой-пікірін еркін жеткізуге де, бойындағы ізденгіштік, сауаттылық, еңбекқорлық, байқампаздық, алғырлық, тапқырлық секілді көптеген қажетті қасиеттерді қолдануға да тек оқушыға ғана емес, дәл сол секілді мұғалімге де жан-жақты еркіндік берілген. Мұндай еркіндіктің шығармашылыққа алып келетіні айтпаса да түсінікті.

Иә, өзім де үйретуші бола тұрып, үйренуші болып жатқан жайым бар. Себебі, бүгінгі жаңашылдық осыны міндеттейді. Оқушыларға ізденуді, үйренуді жүктей отырып, өзіміздің қол қусырып қарап отырғанымыз жарамас, әрине. Баланы білімнің биік шыңына көтеру үшін әуелі ұстаздың өзі биікке шығып, содан соң басқаларын тартуы керек деп білемін. Елім деген әрбір ұстаз білімнің жетістікке әкелетінін біле тұра, мемлекет болашағына тамшыдай болса да үлес қосып жатса, нұр үстіне нұр емес пе?!

Қазір барлық елдер жоғары сапалы білім жүйесімен жұмыс істеуде. Өйткені, мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігі оның тұрғындарының парасаттылығымен, озық ойлылығымен, білімділігімен анықталады. Сол үшін білім беру жүйесі болашақтың талабына сай дамуы тиіс. Оқушыларды заманауи әдіс-тәсілдермен оқытып, оларды өрісті, саналы, көзі ашық, көкірегі ояу етіп тәрбиелеу қажеттілігі де осы себептен туындап отыр. Білімге және білуге құштар азаматтар елімізге қашанда керек. Тәуелсіздіктің туын желбіретіп, егеменді ел атанып отырғанымыз үшін де бақыттымыз. Ал сол бақытты елде саналы ұрпақ өмір сүруі тиіс. Саналы ұрпақ сапалы қазаққа айналады. Сондықтан, тек сан үшін ғана емес, сапа үшін де жұмыс істеуді мақсат еткеніміз жөн болар.

 

Садықова Сәнімкул Серікбайқызы

Қызылорда облысы, Арал қаласы №2 Облыстық арнайы санаториялық мектеп-интернатының бастауыш сынып мұғалімі

 


ПІКІР ҚАЛДЫРУ