«Жалған дүние» романы туралы

1
34212
Смағұл Елубай

Сма­ғұл Елу­бай – әде­би ор­та­да да, қа­зақ ки­но өне­рін­де де өзі­нің ай­тар ойы мен
хал­қы­на қа­жет­ті ру­ха­ни дү­ние­ле­рі мол, қа­рым­ды қа­лам­гер. Өзі өмір сүр­ген ор­та­ның әр құ­бы­лы­сы мен тір­ші­лі­гін су­рет­тей оты­рып, қа­зақ ки­но әле­мі­не өт­кен қа­зақ қо­ғамын, бұ­рын­нан қа­лып­тас­қан қо­ғам­дық фор­ма­ция­дан күш­теп та­ңыл­ған жа­ңа қо­ғам құру жо­лын­да­ғы ада­ми, та­би­ғи са­на­ның тап­қа бө­лі­ніп, өз ау­ыл­да­сын, до­сын, бауы­рын, ту­ға­нын са­тып, то­зақ оты­на итер­ме­ле­ген күнкө­ріс­тің қа­мы­мен, пен­де­ші­лік­тің құр­ған құр­сауы­на түс­кен, жа­ғым­сыз кей­іп­кер­лер га­ле­рея­сын сом­да­ған жә­не та­ры­дай ша­шылып, қы­на­дай қы­рыл­ған ха­лық тағ­ды­рын эк­ран­да бей­не­ле­ген ки­нод­ра­ма­тург.

Гүл­да­на Бей­сен

Су­рет­кер Сма­ғұл Елу­бай­дың қа­зақ про­за­сын­да да үл­кен із сал­ған, өз шы­ғар­ма­шылы­ғын­да да­ра да са­ра соқ­пақ тарт­қан бас­ты кі­та­бы – «Ақ боз үй», «Мі­нә­жат», «Жал­ған дү­ние» ат­ты үш кі­тап­тан тү­зіл­ген, бі­рақ тұ­тас, тү­бе­гей­лі Көр­кем­дік әле­мі. Алаш өт­кен ға­сыр­да: XX жүз­жыл­дық­тың жи­ыр­ма­сын­шы-оты­зын­шы жыл­да­рын­да бас­тан кеш­кен ау­ыр нәу­бет, әді­лет­сіз асы­ра сіл­теу, ала­пат ашар­шы­лық, одан бер­гі уа­қыт­тар­да жалғас­қан тағ­дыр тәл­ке­гі, за­ман тау­қы­ме­ті, са­на са­пы­ры­лы­сы – тұ­тас бір Дәу­ір Ди­да­ры.

Ба­қыт Сар­ба­лаев

Арман-ай,
өтеді дүние жалған-ай…

Халық әні

1917–1990 жылдар аралығы тарихта Кеңес өкіметінің кезеңі ретінде қалды. Бұл кезеңде коммунистік партия деп аталған бір ғана партия болды. Осы партия бүкіл жауапкершілікті, билікті өз қолына алып, халықты уысынан шығармай ұстады.
Кеңес өкіметіне, партияның ұстанған саяси бағытына қарсы келген бірде-бір
шығарма жарыққа шықпайтын, ал қарсы тұрған адам аяусыз жазаланып, құлдық сананың құрбанына айналып отырған.

Сондықтан ешкім бел шешіп, бұл жүйеге қарсы тұра алмайтын. Тәуелсіздік алғаннан кейін бұл кезең тоталитарлық дәуір деп атала бастады.

Жазушы Смағұл Елубай осы дәуірдің шындығын баяндайтын трилогия –«Ақ боз үй», «Мінәжат», «Жалған дүние» деп аталатын романдарын жазды.

Трилогия қазақ қоғамының жиырмасыншы жылдардағы аумалы-төкпелі дәуір
шындығын: жаппай ашаршылық, елге төнген нәубет, асыра сілтеуден бастап,
халықтың қалыптасқан салт-дәстүрін, ұлттық құндылықтарын жойып жіберуді
көздеген саясатты әшкерлеуді мақсат еткен. Бұл саяси стратегияның аяғы
«тоқырау заманына» алып келді. «Жалған дүние» романы осы соңғы кезеңге
арналған. Роман символизм рухында жазылған, мистикалық сарыны бар, философиялық астары терең.

Автор Едіге аузымен «кер заман», «тозақ тірлік», «ұстасқан заман», «тістескен заман» сияқты эпитеттерді қолданады. Қоғам тоқырағаннан соң адам да тығырыққа тіреліп, не үшін өмір сүріп жүргенін де түсінбей, депрессияға түседі. Роман кейіпкерлері Хансұлу мен Едіге осындай күйге тап болады.

Үй, баспана – халықтың ең басты керек нәрсесі. Егер жұрт баспанасын
тастап қашса, онда «ақтабан шұбырынды» қасіреті қайталанды деген сөз. Ел
басына күн туғанда ғана бассауғалап, қара шаңырағын тәрк етіп безеді. Роман
кейіпкерлері де осыны бастан кешірді: «…1932 жылдың жазғытұры әлі көз
алдында. Қарақалпақтың түстік тұсы. Әнеки, құм арасында томпиып-томпиып,
жетімсіреп қалып бара жатқан киіз үйлер. Бұ күнді Хансұлу өлсе ұмытпас. Бір
тілім нан үшін, өз үйі – өлең төсегін құм арасында тастап, сонау Әму-Дария
жағасындағы Қоңырат деген қалаға қарай шұбырғанын, сірә, екі дүниеде ұмыта қоймас.

Қызыл қия құм арасында иесіз қалып бара жатқан үлкен Ақ боз
үйіне қарап, шешесі екеуі қыр үстінде көз жасын сығып тұрды-ау…».
1931–1933 жылдары тарихта «Ұлы жұт» деген атпен қалған қасірет қазақ
халқын атажұртынан бездіріп, тентіретіп қана қоймай, санының күрт азаюына
да кесірін тигізді.

Жазушы нәубетті былай суреттейді. «…Ертесіне жаяу-жалпы
шұбырған жұртқа ере алмай, сырқаттанып, жолда бұйрат басында әкесі мен
шешесі қалды. Соның бәрі әлі күнге көз алдында сайрап тұр. Әнеки, көкесі құм
басында ұзынынан түсіп жатыр. Оның басын сүйеп, жанында шешесі отыр,
шошайып.

Бұлар – Дәу апа екеуі осы Едіге мен Түгелханның бірін жетелеп,
бірін арқалап, арттарына қарай-қарай жалтақтап, көз жастарын тия алмай,
ұзап барады. Кетпеске лаж жоқ. Әкесі: «Сіздер жүре беріңіздер! Біз соңдарыңыздан жетерміз», – деп бұйырған еді. Бірақ тағдыр бұларға енді қайтып кездесуге жазбапты. Ең болмаса, бір-бірінің өлі не тірі екенін де білуге жазбапты…

О, Жалған-ай!!!». Әрине, бұл сұмдық оқиғаны автордың туыстары өз басынан кешіргені даусыз, сондықтан жазушы өзі көзбен көргендей нанымды баяндайды.
Қазақ халқы тәңірлік діннен ислам дініне өткендіктен, әлі күнге дейін тұрмыста
тәңірліктің белгілері кездесіп отырады. Жазушы мұны да ұтымды пайдаланып,
романда «Аспан» сөзін қолданады. Реалистік өмірде сұрағына жауап алмаған Едігенің
жаны шырқырап, бәріне куә болып, үстінен төніп қарап тұрған Аспаннан жауап күтеді.
Жетім бала Едіге Қарақалпақстаннан арман қуып, Алматыға келеді. Ең беделді университетке оқуға түседі. Ешкімнен теперіш көрмеу үшін спорт секциясына
қатысады. Сәнді киім киеді. Жазушылықпен айналысады. Бұдан артық не керек?!

Алайда есейе келе көкейіндегі шығарманы жазу үшін тарихты ақтарған Едіге ақиқаттың түбіне жете алмайды. Көзбояушылыққа толы арзанқол дүниелерді бұдан былай жазғысы келмейді. «Едіге қырыққа шейін ұсақ-түйек шығармалар жазып жүрді де, қырықтан аса, өзіне арман болған әлгі кітапқа кірісті. Одан бұрын ол өз ауылының отызыншы жылдары кәмпескеден қашып, Жем бойынан үдере көшіп, сонау Қарақалпаққа шұбырып, Үстірт асқан жолымен жүріп өтті. Осы жылдар дүрбелеңін көзбен көрген көне көз қарияларға жолықты. Сондай сапардан келген сайын Едіге үйге өзінше бір жаңалық аша келетін. Отызыншы жылдар ашаршылығы туралы «Ол ашаршылық оқулықтар жазғандай, «кездейсоқ қуаңшылықтан» немесе «жергілікті белсенділер жіберген кейбір қателіктерден» емес, тұп-тура сол кездегі Кремльден
бастап Қазақстанға дейін партия жүргізген саясаттан болған» дегенді айта
бастады.

Оның бұ сөзінен Маусымжанның төбе шашы тік тұрды. Зәре-иманы
ұшты. Мына сөзі КГБ құлағына жетсе, не болды? Өз жолын өзі кеспей ме Едіге?! Маусымжан «антисоветчиктің әйелі» атанып, партиямен де, институтпен
де қоштаспай ма?!». Осылайша, шындыққа негізделген тарихи романын бастыра алмай, нәпақасын таба алмай, отбасын асырай алмай, әйелі Маусымжанға
қарайтын беті қалмай, қарызға белшесінен батады, Кеңес үкіметі саясатының
қылышы жалаңдап тұрғанда мұның шындығы кімге керек: «Шықпаған кітап
та бір, дүниеге өлі келген нәресте де бір. «Отыз екінші жыл» – Едігенің жазушылық тағдыры. Сол тағдырының адыра қалғаны ма?

Екінші кейіпкер – жас күнінде «халық жауының» әйелі атанып, жесір
қалған, қой бағып, айналасын асыраған Хансұлу баласы ержеткеннен кейін
кедейліктен құтылады. Алайда өмірінің соңында баласының қызметтен де,
отбасынан да айырылғанын естіп, о дүниеге күйініп аттанады. Көзі жұмылар
алдында баяғы аштықтан қайыр тілеп, шұбырған балалық шағы көз алдына
елестейді. Баласы туралы жағымсыз жаңалықты білгенде іштегі шемен қайта
бас көтереді. Жазушы Түгелханды да «тоқырау заманының» құрбаны ретінде
алған. Ол бір күнде жарының да, қызметтің де алдамшы, сағым белес болғанын
түсінеді. «Бармақ басты, көз қыстыға» көнсең ғана шалқып өмір сүресің, оған
көнбесең – далада қалғаның.

Қаламгер осындай кейіпкерлері арқылы тоталитарлық дәуірде жалпы ұлт
мүддесінің аяққа тапталып, рухани таусылуын символикалық түрде шебер
келтіреді. Сондықтан С.Елубай бүгін: «Қазақпын деген әрбір азамат өзіне:
«Мен тәуелсіздікке қандай үлес қостым?» деген сұрақ қоюы керек!» – деп есептейді. Себебі тәуелсіздік, ең алдымен, рухани азаттық.

Дереккөз:  Қазақ әдебиеті. Жалпы білім беретін мектептің 11-сыныбының
қоғамдық-гуманитарлық бағытына арналған оқулық. Р.Зайкенова,
Р.Сакенова, Л.Н.Нұрланова, 2020 жыл.

Ұқсас материал:

  1. Смағұл Елубайдың өмірі мен еңбегі

  2. «Бесатар» повесі немесе қызыл империяға қарсы атылған оқ

  3. Асқар Сүлейменовтың өмірі мен қызметі

  4. «Қаһар» романы туралы. Шығарманың тілдік ерекшелігі
  5. Ілияс Есенберлиннің өмірі туралы мәлімет
  6. Сәкен Сейфулиннің өмірі мен еңбек жолы
  7. Сәкен Сейфуллин өлеңдерінің идеясы мен мәні
  8. «Қайталау» теориясы туралы түсінік

1 ПІКІР

ПІКІР ҚАЛДЫРУ