Жанболат Аупбаев — журналист, редактор

0
3248
Жанболат Әлиханұлы Аупбаев – 1951 жылы 24 желтоқсанда ҚХР-дың Шыңжаң өлкесіндегі Құлжа уәлаятына қарасты Текес елді мекеніндегі қазақ диаспорасының отбасында өмірге келген. 1956 жылы шет елде жүрген ата-анасына рұқсат берілген соң атамекені – Қазақстанға қайтып оралды. 1969 жылы Алматы облысының Нарынқол селосындағы орта мектепті бітіргеннен кейін КазГУ-дің журналистика факультетіне оқуға түсіп, оны ойдағыдай аяқтап шықты. Осыдан кейін ол республикалық «Лениншіл жас» газетінде (1974 – 1986 жж.) стажер, әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі, «Қазақстан коммунисі» журналында (1986 – 1991 жж.) жауапты хатшы, «Халық кеңесі» газетінде (1991 – 1996 жж.) бас редактордың орынбасары, саяси-қоғамдық «Ақиқат» журналында (1996 – 1998 жж.) бас редактордың бірінші орынбасары, республикалық «Егемен Қазақстан» газетінде (1998 – 2003 жж.) бас редактордың орынбасары болып жұмыс істеді. Қазір осы қазақ баспасөзінің қарашаңырағы – «Егемен Қазақстанның» бас редакторы.
Ж.Ә.Аупбаев – Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. Кезінде Мәскеудегі «Комсомольская правда», «ТАСС», «АПН» секілді Бүкілодақтық ақпарат көздерінде тәжірибе жинақтаудан өткен ол деректі дүниелер жазумен шұғылданады. Оның «Мынау ғажап дүние» («Жалын», 1983 ж.), «Жанарымда туған жер» («Қайнар», 1984 ж.), «Оққа тосылған отжүрек» («Қазақстан», 1985 ж.), «Сырымды саған айтамын» («Жалын», 1990 ж.), «Ғұмыр – дария» («Санат». 1997 ж.), «Таңғажайып тағдырлар» («Қазақстан», 1998 ж.), «Бізге беймәлім бейнелер» («Елорда», 2000 ж.), «Елім менің ертегі» («Елорда», 2002 ж.), «Өмірге таңдана қара!» («Елорда», 2004 ж.), «Автограф» («Елорда», 2005 ж.), «Таңсәрі мен талтүс» («Елорда», 2007 ж.), «Ашылмаған аралдар» («Қазақстан», 2009 ж.) «Ұлылардың ұрпақтары» «Қазақстан», 2012 ж. атты кітаптары оқырмандардан жақсы баға алып келеді.
Кәнігі журналистің негізгі тақырыбы – әскери-соғыс тарихындағы тағдыры таңғажайып қазақтар мен бейбіт кезеңдегі өте сирек мамандықты меңгерген қандастарымыздың өмірі және республикамыздағы бұрын көп сөз болмаған табиғат құпиялары. Мұнымен қатар ол тәржіме жасаумен, киносценарий жазумен де табанды түрде айналасып келеді. Оған оның қазақстандық орыс тілді қаламгерлер Олжас Сүлейменов пен Сәтімжан Санбаевтың публицистикалық шығармаларын шебер аударғаны және «Қажымұқан мен Қажытай» («Қазақтелефильм», 1991 ж.), «Хан-Тәңірі» («Қазақтелефильм», 1994 ж.) атты деректі киноленталар сценарийлерінің авторы болғандығы анық дәлел.
Ж.Ә.Аупбаев – Қазақстан Журналистер одағының (1981 ж.), халықаралық «Алаш» сыйлығының (2005 ж.) лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткер» (2009ж).

ПІКІР ҚАЛДЫРУ