Жастар арасындағы жұмыссыздық

0
2573

«Ендігі жастардың барлық уақыты әңгімеге, жұмысқа, елдің тағдырына кетеді. Әрине ол өте дұрыс. Бірақ айтыңыздаршы, сол көңілді ме?» деген екен Агата Кристи.

Әрине,жұмыс кейбіреулер үшін көңілсіз болуы мүмкін.Сол үшін де 28 қаңтарда Жер шарының көптеген бөлігінде Дүниежүзілік жұмыссыздар күні аталып өтеді. Бұл мереке әр түрлі елдердегі жұмыссыздық проблемасына назар аударту үшін құрылған. Көптеген елде, өкінішке қарай, жұмыссыздық жоғары деңгейде.Жұмыссыздар күні деген мерекенің атауын естігенде жұмыс істегісі келмейтіндерді немесе жұмыс таба алмай жүргендерді құттықтау керек секілді әсерде қаласың. Алайда мүлде олай емес. Бұл күні елдегі жұмыссыздар санына назар аударылып, еңбек етуге шақырылады.Әсіресе,бүгінгі таңда жастар арасындағы жұмыссыздық саны артуда.

  Қазақстан заңнамасына сәйкес жастарға 14-28 жас аралығы жатқызылады. Дерекке сүйенсек 2,1 миллион жас 20-28 жас аралығындағы азаматтар екен. Яғни, жастар Қазақстанның экономикалық белсенді тобының ширегін құрайды деген сөз. Бұл ретте 2014-2018 жылдары жастар арасындағы жұмыссыздық көрсеткіші 0,4 пайыздан 3,8 пайызға дейін төмен түскен еді. Бұл шамамен 22 мың адам. Қазір нарық заманы. Соған бейім болу керек. Алайда өз бизнесін қалыптастыру және оны жүргізуге байланысты тәжірибесінің аздығы, қабілетінің төмендігі салдарынан жастар көп жағдайда жалдамалы жұмысшы болып табыс табуға мәжбүр.
Елімізде жоғары және аяқталмаған жоғары білім алған жастардың 35,9 пайызы жұмыссыз. Орта біліммен шектелгендердің 39 пайызы жұмыссыз.

 Бұл ретте орта білімді былай қойғанда,жоғары білімі бола тұра жастардың жұмысқа кіре алмауының себебі неде? -деген сұрақ туындайды.Себебі,көп жастарымыз танымал мамандықтарға түскісі келеді.Мамандар көп жерде,бәсеке де жоғары болатынын олар ескермесе керек.Сарапшылар  «The Future of Jobs Report 2018» экономикалық форумының есебінде  мамандықтарды үшке бөліп қарастырған екен : тұрақты, жаңа және жоғалып кету қаупі бар. Сондай-ақ,сарапшылар «2026 жылы бес-алты жыл бұрынғы өзекті болып тұрған 65 пайыз мамандыққа деген сұраныс тоқтайды. Ал 2030 жылы 800 миллион мамандықты робот қызметі алмастырады. Дәл қазір сұранысқа ие болып тұрған ең танымал мамандықтар 10 жыл бұрын нарықта мүлде жоқ еді» дейді.

Иә, қазірдің өзінде роботтар кейбір салалардағы жұмысшыларды ауыстырып та үлгерді.Мысалы, Токионың Минато ауданында Ниппон қоры DAWN ver эксперименталды кафесін ашты.Онда даяшылар мүгедектер басқаратын робот-аватарлар.Біз бұл кафе жайлы естіп,көрген де болармыз.Бірақ,сол  Orihime-D роботтарын басқаратын адамдар бүйірлік амитрофиялық склероздан зардап шегетін 20-50 жас аралығындағы ер адам мен әйелдер екенін біреу білсе,біреу біле бермейді.Ал,аяқ -қолы сау,тепсе темір үзетін біздің жұмыссыз жастарымыздың екі қолына бір күрек таппайтыны қынжылтады,жүректі сыздатады.

Жұмыссыз жастар қатары азаймай тұрғанда, «ел болашағы- жастар» деген мемлекетіміз не қарап отыр дерсіз.Қарап отқан жоқ.Жастарымызды жұмыспен қамту үшін бір емес бірнеше бағдарламалар бар. Жұмыс іздеп жүрген жас мамандар «Еңбек» бағдарламасы аясында «Жастар тәжірибесі» бағыты бойынша өздерінің алғашқы жұмысын таба алады. Мамандарға қойылатын басты талап жас мөлшері 29 жастан аспауы керек.Аталмыш практикаға қатысқан жастар ай сайын 89 540 теңге, ал әлеуметтік төлемдерді ескерген жағдайда 76 801 теңге алады.Ұзақтығы 6 айдан аспайтын жұмыс уақытша болғанымен, болашақта сол мекемеге тұрақты жұмысқа орналасу мүмкіндігі бар.Әрине,қазіргі бағаның өсуі,баспана жалдау құнының қымбаттылығын ескерсек,бұл мардымсыз сандар болуы мүмкін.

 Ресми дерек бойынша жұмыс істеуші жастардың орташа айлық жалақысы 115,4 мың теңге екен. Бұл экономикадағы жалпы орташа айлық жалақы көлемінен бір жарым есеге төмен. Ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау, мемлекеттік басқару салаларында жалақы аз.

Жалақысы аз жұмыстарды менсінбей,біреудің қол астында жұмыс жасағысы келмейтін жастарға кәсіп ашу үшін де арнайы бағдарламалар бар. Жастар арасында жаңа орта қалыптастырып, кәсіп бастауға негіз болған — «Zhas Рroject» жобасы. Аталмыш жоба Білім және ғылым министрлігі және Дүниежүзілік банктің бірлесумен 2017 жылдан бері елімізде жүзеге асып келеді. Бұл бағдарлама жұмыссыз жүрген жастардың кәсіп ашып, ісін өркендетуге бағытталған.2019 жылы аталған бағдарлама Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларында сонымен қатар Ақмола облысы, Атырау облысы, Батыс Қазақстан облысы және Маңғыстау облыстарында жүзеге асқан. Қайтымсыз 1 миллион және 6 ай бойы шәкіртақы сіздің кәсіп ашуыңызға жақсы мүмкіндік болмақ. Биыл Алматы және  Қарағанды облыстарына 250 грант бөліп отыр. Жоба жеңімпаздары кәсіп ашуға миллион теңге, сонымен қатар жоғары оқу орнының түлектеріне 60 000 теңге, қалған қатысушыларға 40 000 теңге ай сайын шәкіртақы төлейді. 2020 жылы жобаның шеңберінде шамамен 900 адамдай қамтылды.

Жастарға кәсіп ашуға қолдау көрсететін тағы бір жоба- жастар жылында Атамекен Кәсіпкерлер палатасы 18-29 жас аралығындағы жігіттер мен қыздарға арналған «Жас кәсіпкер» жобасын іске қосқан болатын. Мұнда іш пыстыратын дәрістер және ескірген деректерге орын жоқ. Шынайы кейстер және үздік бизнес-тренерлер ұсынған шеберлік сабақтар, сондай-ақ кәсіпкерлік ортаға терең бойлау бар.

Міне,осы бағдарламалардың барлығы жастардың жұмыссыз,табыссыз қалмауы үшін жасалынып отыр.Статистикаға сүйенсек,жұмыссыздардың көбі халық тығыз орналасқан аймақтарда шоғырланған. Мәселен 15-28 аралығындағы жұмыссыз жастардың көбі Алматы қаласы, Алматы облысы мен Түркістан облысында жүр екен.Бүкіл жастардың бір қалаға шоғырлануын алдын алу үшін «Серпін» жобасы да бар екенін білеміз.Яғни бұл жоба жұмыс күші мол аймақтардағы жастарға сұранысқа ие кәсіби білім беруді ұйымдастырады және оларды жұмыс күші тапшы аймақтардағы сұранысқа ие мамандықтар бойынша оқуға тартады.Сондай-ақ жастардың әлеуеттік және жұмыссыздық мәселелерін шешеді.

 Жұмыссыздық мәселелері шешілмеген жастардың ақша тапшылығынан қылмысқа,ұрлыққа баруы да өзекті мәселе.Мысалы,осы жылдың күз айында Алматы облысында көптеген ұрлыққа қатысы бар деген 21 жасар жігіт ұрланған заттарды төмен бағамен сату кезінде ұсталған болатын.Бұдан өзге жұмыссыз жастар көп тіркелген Алматы облысында осы жылдың қазан және қараша айларында жеке үйлерден өзгенің мүлкін қолды етудің 12 дерегі тіркелді.Аталған деректер бойынша ҚР Қылмыстық кодекстің 188 – бабаы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп,ұрлық жасаған қылмыстық топ анықталды.Топ 22- 29 жас аралығындағы бес адамнан құралған Талдықорған облысының тұрғындары болып шыққан.Әсіресе,жұмыссыз жастар көлік бөлшектерін ұрлауда басымдық беріп тұр.Мысалы,Алматыда 2018 жылғы деректер бойынша көлік бөлшектерін ұрлаған1688 іс тіркелген.Көлік бөлшегін қолды еткен 165 адам ұсталды. Оның 163-і жұмыссыздар деген еді тәртіп сақшылары.Осы орайда, «жақсы болар жігіттің ,жұмыссыз жүрген күні жоқ,жаман болар жігіттің,еш жұмысқа қыры жоқ» деген қазақ мақалы еске оралады.

Қазақ мақалы не десе де қазақ жігіті,қазақ қызы-еліміздің ертеңі сіздерсіздер!Жұмыссыз көшеде сандалғанша, «ол жұмыс қалай тапты?» деп таңданғанша, «жұмыс жоқ амал қанша?» демей,бар мүмкіндіктеріңізді жоғалтып алмаңыздар. Жастық қуатты болмашы дүниемен суытпаңыздар,тірліксіз үйде құр отырмаңыздар. Болашақтарыңыз жарқын,мақсаттарыңыз айқын болғай!
                                                                                

                                                                    Дайындағандар:
Диас Муханбек,Ұлжан Тұрлыбек,
Ұлжан Хасен,Аяулым Жұмабек


ПІКІР ҚАЛДЫРУ