Жастық шақ — ерлік жасар кезең!

0
2481

Өмірдің жарқыраған, жалындаған, отша лаулаған кезі – әрине бұл жастық. Адам баласының жасындағы жүрек ештеңе жазылмаған, сызылмаған тап – таза, пәк, қағаз секілді.Сол қағазға әркім өз қалағанын жазып, тіпті суретін де салуына болады. Қағаз бетіне салынған сурет – шимайлалар, жазу – сызулар жер бетіндегі миллиардтаған адамның біреуінің ғана өмір кезеңі.

Бұл дәуренде барлығы қайратты, қуатты болады. Сондықтан да осы жігерлі уақытымызды пайдаланып, ең алдымен — оқуға көңіл бөлейік. Өйткені, біз үшін жас кездегі маңызды міндеттердің бірі ол — білім алу. Жақсы білім алып, сауатты болсақ, жарқын болашағымызға жол ашамыз және де бұл арқылы біздің санамызда үлкен армандар, алға қойған мақсаттар пайда бола бастайды. Егер біздің әрбіріміз осы жастық шағымызда елеулі оқиғаларды бастан кешіп, әлсіздік танытпасақ, ата-анамыз бізді ылғи мақтан тұтатын, қоғамымызда орны бөлек, үлкен азамат пен азаматша болып ер жетеріміз рас. Ата-ананың үмітін ақтап, жарамсыз қылықтардан аулақ болып, тәрбиелі әрі инабатты, сондай-ақ, білімді азамат болу – әрбір жеткіншектің парызы деп ойлаймын.

Қазіргі студенттер еңбекке ерте араласып кетеді. Тіпті жазғы демалысын тынығудан гөрі қарбаласпен өткізіп жүргендер қаншама. Нарық заманында күнкөріс қамымен кез-келген жұмысты жасауға дайын. Ауыр жұмыстарға жегіліп, лас,жағдайсыз жерлерде жұмыс істеуге мәжбүр. Абайсызда от басып, бармақ шайнап қалғандары қаншама. Аталған кемшіліктердің алдын алу мақсатында аудандардағы «Жасыл ел» бағдарламасының еңбексүйгіш жастарға тигізер пайдасы орасан. Себебі студент ақша табумен қатар, өз ауылын көркейтіп, көгалдандыру жұмысына зор үлесі қосып жүр. Ал қалада не өзіне, не өзгеге пайдасы жоқ жұмыс жасап, уақытын мақсатсыз өткізудің жас өмірге тигізер пайдасы шамалы деп ойлаймын.Қысқаша айтқанда, бақыт кілті — әр адамның өз қолында. Сол себепті, қамшының сабындай алтын ғұмырымыздың аз ғана мезгілін құр бос өткізбегеніміз абзал.

 

Дайындаған: Аслан Бағланұлы

 


ПІКІР ҚАЛДЫРУ