«Жасыл шырша жанында» атты жаңа жылға арналған сценарий

0
5142

Тақырыбы:  Жасыл шырша жанында.

Залдың ортасында сәнді шырша

Жүргізуші: Даламызға, қаламызға,
Жалынды сәлем береді
Тыңдаңыздар, тыңдаңыздар
Таңырқанып тұрмаңыздар
Сәнді шырша шақырады
Шырша жырын жырлаңыздар
Келіңіздер, келіңіздер
Би де билеп беріңіздер
Қызығы мол жаңа жылдың
Тамашасын көріңіздер.

Құрметті ата – аналар, қонақтар, «Азиада» балабақшасының ұжымы мен «Балбұлақ» ортаңғы топ бүлдіршіндеріміз, сіздерді келе жатқан Жаңа жыл мерекесімен шын жүрегімізден құттықтаймыз! Жаңа жыл әрбіріңіздің отбасыңызға жаңа нұр, жаңа шуақ, табыс пен береке, қуаныш пен мереке алып келсін.

Жүргізуші:  Көңілде көп қуаныш,
Әр көңілде жақсы үміт
Кетер жылға мың алғыс
Әкелген көп жақсылық, — деп ескі жыл мен балаларды қарсы алайық. Ескі жыл балалармен кіреді.

Ескі жыл:   Балаларым, достарым
Алғысым көп айтар менің
Дәл осындай көңіл күймен
Қарсы алыңдар …….. жылын.

«Шыршаға бардық» әні. Хор.

Жүргізуші: Ескі жыл сен жаңа жылымыз келгенше бізбен бірге бол. Көңіл көтеріп, ән салып, би билейік.

Әншіде құс үні бар,
Кірсең кештің сәні бар.
Салайықшы шарықтап
Жаңа жылдың әніне
Ал, ағайын тұрмайық
Жаңа жылды жырлайық

Би: «Буги – буги»

(сиқыршы шығады)

Сиқыршы: Сәлеметсіңдерме балалар! Міне, мен де сендердің мерекелеріңе келдім. Осында келе жатып орманнан етік тауып алдым. (Балаларға көрсетіп) Кім жоғалтып алуы мүмкін? Білмеймін.

Жүргізуші: Сиқыршы, сен етікті орманнан таптың ба? Демек орманға бару керек. Барлық індердегі аңдарды қарау керек. Орманға шаңғымен барамыз. (Балалар қатармен жүріп шыршаны айналады, орындықтарға отырады. Әуен ойнап тұрады) Әй мұнда ешқандай аң көрінбейді ғой. Бәрі жаңа жыл мерекесін тойлауға кеткен болар.

Сиқыршы: Қазір мен барлық балаларды ормандағы аңдарға айналдырып жіберемін. (Сиқырлы таяқшасымен сиқырлайды)

«Аңдар» биі.

Сиқыршы: Жарайсыңдар, балалар, жақсы биледіңдер. Бірақ етіктің бір сыңары табылмады.

Жүргізуші: Мен білемін, біздерге Аққала көмектеседі. (Әуенмен аққала кіреді)

Аққала:    Сәлеметсіңдерме балақайлар?
Мен көңілді Аққаламын
Ойын күлкі әкелдім
Бақыт, қуаныш сыйлаймын
Мықты денсаулықпенен.

Жүргізуші: Қош келдің Аққала. Біз етіктің бір сыңарын іздеп жүр едік.

Аққала: Ой, балалар, қараңдаршы мына сиқырлы үйде кім тұрады екен?

Жүргізуші: Жарығы жанып тұр. Кім тұратынын сұрайын. (Үйден әндетін Ақшақар шығады)

Ақшақар: Сәлеметсіңдерме балалар!
Жаңа жылдың таңы неткен арайлы
Ақ мамыққа орап алды маңайды
Аяз ата немересі Ақшақар
Мен боламын таңғалдырған талайды.

Жүргізуші: Ақшақар, сізді жаңа жыл мерекесіне шақырамыз.

Ақшақар:  Жаңа жылды қарсы алуға
Кімдер мені шақырған
Қандай сұлу достарым
Сендерге мен қуанам

Жүргізуші: Алақай, балалар, Ақшақар бізбен мерекені тойлауға келісті.

(Ақшақар мұңайып) – Мен орманда түлкімен серуендеп жүріп, етігімнің бір сыңарын жоғалтып алдым.

Сиқыршы: Бағана балаларды мерекемен құттықтауға бара жатып етік тауып алдым. Балаларды болар деп апарсам, балалардың етігі болмай шықты. Сонымен етіктің егесін іздеп осында келдік. Етігіңді ала қой.

Ақшақар: Көп рахмет сендерге балақайлар. Мен сендерді көріп көңілім көтеріліп тұр. Мұнда өзіме ұқсаған кішкентай Ақшақар қыздар да бар екен. Кәне би билеп беріңдерші.

«Ақшақар биі» (Қыздар биі)

Ақшақар: Балалар, Аяз ата әлі келген жоқ.

Сиқыршы: Мен білемін, Аяз ата балабақшаға келді. Біз шаналарымызға мініп балабақшамызға оралайық. (Балалар қатармен шыршаны бір айналып шығады (музыкамен). Әуенмен Аяз ата мен Жаңа жыл шығады)

Аяз ата: Балаларым, балғыным
Өмір гүлім, шалғыным
Тілегім жыл бойғы
Сендердің денсаулығың.

Амансыңдар ма балаларым! Орман – тоғайдан, үсірік аяздан сендерге жорға жеттім. Өздеріңді көргенше асықтым. Осы қаланы аралап жаңа жыл екеуміз жеткенше осы болды. Әкелген базарлығымыз бар, сендердің өнерлеріңді көріп бір демалайық.

Келген жыл: Менде өзгеден үлгі алам,
Бізді де ақын жырлаған
Келген жыл менің жылым ғой
Еліме жайлы жыл болам
Достық пен шындық бір ұғым
Мен де адалмын, ірімін
Әр қазаққа қастерлі
Жеті қазынаның бірімін, — бәріңізді мерекелеріңізбен құттықтаймын!

Жүргізуші: Қош келдіңіздер, аяз ата, Жаңа жыл! Біздің балалардың өздеріңізге арнаған тақпақтарын қабыл алыңыздар!

Тақпақтар: Еркенұр, Болат Н., Айша, С. Мөлдір, Гүлсезім, Баян.

 Еркенұр:   Жаңа жыл келгенде

Қуанып қарсы аламыз

Аяз ата келгенде

Билейміз, ән саламыз.

Болат Н.:  Жаңа жыл, жаңа жыл

Жаңа жылға жаңа жыр.

Жасыл шырша жанында

Билеп барлық бала жүр.

Айша:        Тамаша, тамаша!

Шыршамыз тұр жараса,

Басында әсем жұлдызы

Көз тоймайды қараса.

С. Мөлдір:   Ақ қар жапты даланы

Ақ жамылды айнала

Жарқыратып шамдарын

Шырша келді ортаға

Гүлсезім:   Әкем таңдап әкелді

Ең үлпілдек шыршаны

Иісі аңқыған шыршаны

Жарқыраған шыршаны

Жұпар иісі аңқыды

Апамды да мәз қылды.

Баян:        Аяз ата ақ сақалды

Ақ таяқты паң ата

Асып өтір асқар тауды

Жеттің бізге таң ата.

Жүргізуші: Дөңгеленіп тұрайық,

Ойық сауық құрайық

Балаларымыздың «Тамаша» әнін тыңдайық

«Тамаша» әні

Көрініс «Қошқар мен теке»

Жүрізуші: Аяз ата біздің балаларымыздың тақпақтарын тығдаңыз.

Ерасыл:    Жасыл желек жамылған

Асыл моншақ тағынған

Міне, сұлу шыршамыз

Көптен күтіп шаршаған

Кел, балалар келіңдер,

Тамашаны көріңдер.

Анел:         Қалып едік сағынып

Күтіп алдық жабылып

Жолын қылдық жарық қып

Шыршаларға шам іліп

Ақтұйғын:  Аппақ тонға оранып

Базарлықты мол алып,

Келді алыс сапардан

Аяз ата оралып.

Жүргізуші: Ата – анамен ойын. «Құлаққаппен сөз жасыру»

Мақсаты: Ата – анаға бала құлаққаппен сөз жасырады, ата – ана оны дұрыс қайталау керек.

Жүргізуші: Ата–аналар мен балабақша ұжымынан сіздерге тағы да бір ойын:

Қанша монша бар? (муж, жен)

Белі бүкір, алысқа түкір, мылтық. Ол не? (Жұмбақ)

Ыдыс Т дан басталады, орысша да қазақша да айтылады.

Бізде қанша бұрылыс бар? (оңға – солға)

Төрт бұрыштың бір бұрышын кесіп тастаса неше бұрыш қалады? (5)

Жүргізуші: Балалар ойыны «Паравоз» би.

Сиқыршы кіреді. Аяз атаны сиқырлайды.

Аяз ата: Ой, қызым –ау, бұл қызық ұсыныс болды ау. Мен билемегелі қашан? Жарайды енді, бір өтінген екенсің. Мен бірақ осы мереке қонақтарымен бірге билеп берейін. Әй, Ақшақар қызым, сен үйде билеп мазамды алушы едің ғой. Келіңдер, бәріміз қосылып билеп берейік.

«Аңдар» биі (Флешмоб Аяз ата кейіпкерлермен)

Қошқар, теке, қасқыр, аққала шығып кетеді.

Жүргізуші:         Құтты болсын жаңа жыл, барша халық

Қуанышқа, шаттыққа тамсанайық

Баршамызға шынайы тілек тілеп

Бар әлемге бақытпен жар саламыз! – дей келе балалардың тақпақтарын қабыл алыңыздар.

Тақпақтар: Іңкәр, Мұхаммеджан, Темірлан, Бүркіт Н., Айару, Т.Анел.

 Іңкәр:                 Ауыл маңы қар аппақ,

Қызықтар көп пе түрлі

Ақ дәптерді парақтап

Қыс отырған секілді.

 

Мұхаммеджан:  Жаңа жылда балалар

Тек қуаныш көріңдер

Ауырмаңдар ешқашан,

Мықты болу өзіңнен.

Темірлан: Аспан жерге төгеді

Ақ күмісін уыстап

Жаңа жылда келеді

Бізге қарай жылыстап.

 

Бүркіт Н.: Әдемілеп біз ілген,

Ойыншықтар тізілген

Қандай әсем шыршамыз

Ән шырқайық баршамыз.

Айару:       Тоғай да, баулар да

Ақ күміс жамылды

Дала да, таулар да

Өзіңді сағынды

Т. Анел:    Жылдың әнін бастайын

Аяз ата кеп қалды

Майысады жас қайың

Көтере алмай көп қарды

Тауық:      Мен тағы бір қонақпын

Он екі жылда оралар

Үлкендерге ақ ниет,

Кішіге де ақ ниет

Сіздерге де мың рахмет

Сау болыңыздар!

 

Жүргізуші: «Шырша жыры» әнін қабыл алыңыздар.

келген, жаңа жыл шығады. 

Аяз атаның сыйлығы.

Сиқыршы шығады.

Аяз ата:    Жаңа жыл, жаңа бақыт әкелсін далама құт,

Өнерлерің көп болсын, елде уайым жоқ болсын

Тілектерің ақ болсын, бастарыңа бақ қонсын

Келер жылы келермін, өнер тағы көрермін

Силық әкеп сендерге, көптен – көптен берермін,

Жақсылыққа толыңдар, тек биікке қоныңдар

Келесі жылы көргенше, амандықта болыңдар.

Ал, енді біз жолға шығайық, бізді басқа да сендер сияқты балалар күтіп отыр. Тағы да жаңа жылдарыңыз құтты болсын.

Ақшақар: Жаңа жылда балалар,

Тек жақсылық көріңдер

Жылау, ауру, жамандық

Қастарыңда болмасын

Сау болыңдар балалар!

Аяз ата: Қош сау болыңдар балалар!

Жүргізуші: Ал, құрметті достар! Бәріміз бірге Аяз атаны шығарып салайық. Аяз ата келесі кездескенше аман болыңыз. Біз сізді асыға күтеміз.

Жаңа жыл құтты болсын! Келесі кездескенше сау – саламатта болыңыздар!

Дереккөз: Sabaqtar.kz

Ұқсас материал:

  1. «Қош келдің, Жаңа жыл!» тақырыбында ертеңгілік
  2. «Жаңа бақыт — жаңа жыл!» балабақшадағы кеш сценариі
  3. Қызыл телпектің жаңа жылғы саяхаты. (сценарий)
  4. «Кош келдің, Жаңа жыл!» мерекелік сценарий
  5. Жаңа Жылға арналған ертеңгілік : «Ертегі әлемі»

ПІКІР ҚАЛДЫРУ