Абай жолының ІV томы

0
5135

«Абай» эпо­пея­сы – твор­чест­во­ның тыл­сым сы­ры­на, өмір мен өлең­нің өза­ра байла­ны­сы­на те­рең бой­ла­ған ту­ын­ды, ақын мен поэ­зия жай­лы әлем әде­бие­тін­де­гі ең шоқ­ты­ғы би­ік үз­дік шы­ғар­ма.

Ми­ха­ил Лу­ко­нин

Абай жолының 4-кітабы «Түн-түнекте», «Құз-қияда», «Қапада», «Қастықта», «Шайқаста», «Жұтта» деген алты тараудан және эпилогтан тұрады.

«Түн-түнекте» деген бірінші тарау Абайдың қаражат мәселесімен Семейге келуінен басталады. Өйткені Петербургтен оқу бітіріп келген баласы  Әбіш Алматыға қызмет жайына жүретін болғандықтан, қалаға мал айдатқан.

Семейге кештетіп келген, «Абайдың сыр сандығы» атанған Баймағамбет екеуі
Ізғұттының қызы Дәмежанның үйіне түседі. Осы үйде Жұман қырт, балалары да «Құнанқырт», «Дөненқырт», «Бестіқырт» атанған Жұман мен Бестіқыртқа жолығады. Түнде Абай уайымдамасын деп, Дәмежан айтпаған әңгімені екеуі жарыса баяндап, өздерінің қашып бара жатқанын айтады.

Қалада іш ауруы тараған екен. Абай әйелі дәрігер Федор Иванович Долгополов («Абай жолы»  деп аталуына дейін, кейініректерде Долгов деп берілген) досын шақыртып, мән-жайға қанығады. Дәрігер түбі Үндістаннан шыққан оба ауруының Ресейде үшінші рет таралып отырғандығын, ал қазақтар арасында тіпті дендеп бара  жатқандығын, өйткені ауру шыққан үйге адамдар көп жиналып, қайта-қайта  тамақ ішетінін айта келіп, елге ықпалы жүретін адам мұны тоқтатпаса болмайтындығын айтады.

Ертеңінде басқа үйге ауысқан Абай сол жердің білікті  адамы Сармолданы шақырып, мешітте насихат жұмысын жүргізу қажеттігін  айтады. Бұған «өлімді жерде молда семіреді» демекші, дінбасылар қарсы  шығады. Жұма намазда Сармолда бұл уағызды екінші рет айтады. Барлық  қала халқы құлақтанып, жұрт жөнді жиылмаса да, ауру асқына береді. Мал базарына келген Абай: «Жаназаны халфе, қари молла, мәзін шығарсын деген шариғат жоқ. Дұға білетін мұсылман өз жақынын мешіт, медресені мазаламай, жаназа шығара, құран аудара, хатім қыла берсін», – дейді.

Абайдың «аурудан сақтан» деген сөзі де қала халқына жайылады. «Оба бәлекетінен құтылудың жолы бір жақсы адамды құрбан ету» деген сөз тарап, бір кекшіл өштескен топ Сармолданы өлтіреді. «Құзғын тәрізді моллалар» тоқтау айтқанның орнына
«шарапатты адам» деп жариялайды. «…Қараңғы, надандық, қыңыр, дүлей зорлық күштің меңіреулігі», дінмен көмкерілген «…елдің топас әрекеті» Абайдың
амалын тауысып, діңкесін құртады.

Шәрібжан халфені ұрып-соғып, үйін өртейді, Соқыр қаридың сәлдесін әжетханаға тастап, өзін ұрып, қораға қамап кетеді. Семейдегі жеті мешіттің имамдары арызданғандықтан, полиция араласып, бұзықтық дереу тоқтатылады. Ауылдан «Артым – қуғын, алдым – өрт» деп алқынған Дәрмен жетеді.

«Құз-қияда» деген екінші тарауда қашқын Дәрменнің сыры ашылады. Әбіш Керегетас деген жердегі ноғай аулына бір топ жастарды ертіп, күйеушілеп  барғанда, Дәрмен жалғыз шешесі ғана бар Мәкен деген қызбен танысады. Екеуі  бір-біріне қылаусыз ғашық боп қалады. Мәкен – Оразбайдың жақын ағайыны  Дайырдың жесірі. Әкесінің тірі күнінде Мәкен Дайырдың інісі Қайырға атастырылған.

Қайыр қайтыс болып, бұған Дайыр ие боп қалады. Оразбайдың ықпалымен Абай мен оның өрен-жаранын жау санайтын Дайыр сауық-сайранның қақ ортасында жүрген Мәкенді шақырып алып, «үйіңе қайт» деп ұрысады. Тіл ала қоймаған Мәкенді қамшымен тартып-тартып жібереді.

Сол  кезде оған Дәрмен араша түседі.

«О не, немене, бұл кім?» деп ұмтылып келе жатқан Әбішті аңғарады да, Дайыр:

– Сенгенің Абай шығар! Абайың түгіл, Құдайыңды пана тұтсаң да жерге
қағармын, – деп шапқылай жөнеледі.

Абай Дәрменнен Әбішке хат жазып береді. Оразбай Абаймен келісім жасау
үшін аса айлакер Есентай деген атқамінерін жібереді. Абай басында балалардікі қателік деп мойындағанымен, Оразбай екі жастың мойнына арқан сап,
өлтіргелі отырғанын айтқанда ыза болған Абай:

– Сен келіс сөзді әкелмей, кетіс сөзді әкеліпсің ғой. Бар, жөнел, ендеше!
Айта бар Оразбайға, істеп көрсін жауыздығын, бірақ өкініп жүрмесін. Жер
тәңірісіп құтырыпты ғой, жерге қағатын күш бар екенін ұмытпасын! Шық бар,
жүре бер! – деп қатты ашуланып, қабақ түйіп, екі көзі қанталай түсіп, Есентайға қадалғанда, ол үн қатпастан шығып кетеді.

Бұл кезде Семейдің жұмысшылары орналасқан «Затон» ауданында
тұратын Дәрменнің досы Әбеннің үйіне «екі қашқын» мен Әбді (Дәрменнің досы), Кәкітай келеді.

«Арғы бет», «бергі бет» деп екіге бөлінетін Семей қаласын  Ертіс өзені бөліп жатыр. Ол кезде көпір жоқ, паром, қайықпен ғана жүреді. Мұқа мен  Әлмағамбет мініп келген алты атқа ие боп, арғы бетте қалады. Кәкітай Абай жазып  берген хатты алып, шайға қарамастан, түнделетіп, Данияр үйіндегі Әбішке келеді.

Әбіш хатты оқи сала, жеңіл трашпенкесін дереу жектіріп, әйелі Мағрипаны алып,
Әбен үйіне келеді. Семейдің «ояз начальнигіне» және «окружной сотына» Әбіш өз
қолымен екі арыз жазып, «Мәкен Әзімқызы» деген жерге Мәкенге қол қойғызады.
«…Мен кетпей тұрып жеткендерің жақсы болды. Әлім жеткенше, қолымнан келгенше… аянарым жоқ… Енді сендер етер әрекет бітті. Қалған тауқымет менде, мына
Кәкітайда… кезегі келсе, қайраты мен намысын жібермес, мынау екі ер-азамат
Әбді мен Әбенге міндет болсын», – дейді.

Арғы беттегі Мұқа мен Әлмағамбетті де алдырып, Мәкен мен Дәрмен қасына қоятындығын, аттарды қорада, ал бір атты  тоғай ішіне тұсаулап, хабар жеткізуге дайын болуға байлам жасайды.  Ертеңінде Дайыр мен жанжалқой Қорабай келеді. Олар ат үстінде қамшы  үйіргенмен, бұлар алдырта қоймайды. Әлмағамбет хабар жеткізеді. Сол кезде  40–50 саудагермен қайта келген Дайырлар Айша, Мұқа, Әбенді қан-жоса қып,  екеуін алып кетеді.

Әбді екеуінің үстіне жығылып, соққыны өзі жеп, бірге кетеді. Паромға жетіп үлгерген әскери киімді Әбіш, паромды тоқтатқызып, сол жердегі полицейге тапсырма береді. Өзін военно-полевая артиллерияның поручигі  деп таныстырады. Қалтасына қанжарын салып алған Әбді паром ішінде екеуіне  ешкімді жолатпай, қарсыласып тұрғанда затонның еңгезердей оншақты қазақ  жұмысшысы да жетеді.

Әбіш арыз берген Семей облысының уездік начальнигі  Маковецкий қылмыскерлерді ұстайды. Ол істі сотқа береді. Әбіш патшалық  қызметкері ретінде куәлік жазады. Абайдан бастап, айналасындағы барлық  адам тегіс куәгерлік етеді. Тергеуші Злобинге Әбіштің өзі сөйлесіп, мол мәлімет  беріп, әскери қызметіне аттанып кетеді. Ұзақ тергеудің соңы Мәкен басына  азаттық берілуімен аяқталады. Кезінде қалың малға берілген шығынды Абай жағы мен достары бөлісіп төлейді. Осымен дау аяқталады.

«Қапада» деген үшінші тарау Әбіштің қайтыс болуына байланысты осылай аталған. «Қапа» деген сөз – мұң, нала, шер, зар деген сөздермен синонимдес. Бұл кезде Абай Әбішке арнап, 13 өлең жазған. М.Әуезов ақын өлеңдерінің мазмұнын ғана емес, «Әбдірахман ауырып жатқанда», «Шын сорлы мен-дағы, Мағыш байқап қараса» деп аяқталатын өлеңдері мен хат-өлеңдерді мысалға келтіріп отырады. Әбдірахманмен бірге туған Мағаш (Мағауия) үнемі Алматыда ағасының қасында болады.

Жатқан үйі – Құнанбайдың жиені Әпсәметтікі. Ол әйел, бала-шағасымен Алматыда тұрады. Мағаш пен ауылдан бірге  келген Майқан екеуі қала ішіне мініп жүретін күйлі ат сатып алуға Никольский базарына барғанда Дәт деген жігіт бұлардың Абайдың туысы екенін біліп, Торжорғаны ұсынады және Әпсәметті де білетін боп шығады.

Әлсіреп жатқан Әбіш Әпсәмет пен Мағаштың қолдарын ұстап: «Менің
Мағашым үйден шықпай, сарғайып жүдеп кетті. Бүгін орыстың қызық мейрамы – масленница… төртеуің ат жегіп, қаланың ортасына барыңдар. Торжорға
атты қосыңдар… Мен бәйге беремін», – дейді күліп. Торжорға бәйге алады.
Жыр алыбы Жамбыл Жабаев келеді. Жамбыл Дәт арқылы бүгін көңіл сұрауға
арнайы шыққанын, бірақ үй иелерінің Торжорғаның жарысына кеткенін естіп,
күн барда келе алмағанын айтады. Қонақтар қонып, ертеңіне қалын сұрау үшін Әбіш жатқан үйге келеді, Жамбыл өз өлеңдерін, Мағаш Абай өлеңдерін оқып,
әнін айтып, мәз-мәйрам болады. Жамбыл сол жерде:

Әкем-ау, жойқын екен Абай үні,
Далада өзгеріпті-ау жырдың түрі.
Жетісу, Алатауды таңғалдырып,
Мені келіп оятты-ау бүгін әні, –
деген өлең жолдарын арнайды.

«Осы кеш пен түн Әбіштің бой жасаған, соңғы қуатын танытқан болымсыз, шолақ шағы…» болады. Әбіш Әпсәметке қолға ұстайтын жері піл сүйегінен, қынабына тұтас күміс шапқан ұзын қылыш сыйлайды.

Абай үш арбалы көлікті арнайы Алматыға жіберіп, Әбіштің сүйегін алдырады. Былғарыға тігілген Әбіш денесі бұзылмай, сол қалпы жетеді. Оны шешесі Ділдә мен әйелі Мағышқа қана көрсетеді. Әбіш үлкен анасы Ұлжанның қасына жерленеді. Бұл кезде жатақтың белсенді өкілі Дәркембай да қайтыс болған.

«Қастықта» деген төртінші тарау тобықты мен уақ рулары арасындағы жер дауынан басталады. Уақтың пысығы Серке мен тобықтының Есболат руынан  Оразбай екеуі қақтығыс үстінде. Уақ қыстайтын Көкен баурайында «Тұщыкөл шайқасы» болады. Оқиға шиеленесе келе, арыз-шағымға ұласып, тексеру келеді.

Куәлікке шақырылған Абай «Тобықты Көкен елін неге шапты?» деген сұрақ  қояды. Оған өзі жауап береді. Құнанбай заманынан келе жатқан, жер дауына тоқтала келіп, тобықты шапқан жерлердің барлығы уаққа тиесілі екенін дәлелдеп  береді. Тәкежан (ағасы), Жиренше (Ырғызбаймен бірге туысатын көтібақ  руынан), Әзімбай (Тәкежанның ұлы), Шұбар (ағасы Құдайбердінің ұлы) сияқты Абай туыстары Оразбай жағында болады. Осылар арқылы Оразбай Абайдың  не істемек ойы бар екенін біліп отырған. Көкше, Мамай елдерін қан қақсатып отырған Сәмен және Әзімбай сияқты жеміт болыстарды Абай ел тілегі, өтініп  сұрауы бойынша орнынан алу үшін төрт адаммен Архаттағы сайлауға арнайы  келеді. Сәмен – «Жаман тобықты» өздерін «Жөкең» деп атайтын рудың адамы.

Ояз – баяғы Әбішке көмектесетін Маковецкий. Оразбайдың нұсқауымен Сәмен  астаған 15-тей адам Абай отырған үйге келіп, Абайды ұрып, өлтірмек болады.  Абайдың бет-аузын қан жауып кетеді. Амал тауып, қашып шыққан Кәкітай  орысша айғайлап, ояз үйінен көмек сұрайды. Ояз стражниктері атқан мылтық  даусынан сескеніп, олар тарап кетеді. «Ол соққы Абайға ғана тиген соққы емес, қазақ халқының арына соққан сұмдық соққы болды». Қайта-қайта қолқа сала жүріп, Әзімбай сұратып алған Ақылбайдың «Таңбалы ат» деген атақты жүйрік атын мініп алған Оразбайдың ұрысы Қиқым Тәкежаннан Абайдың тағы не істемек ойы бар екенін білуге келеді.

Қиқымды көріп қалған Мағаш пен Баймағамбет Тәкежан туралы айтқанда Абай: «Мені шағатын жылан қойнымда отыр  ғой… Кеттім бұл елден, бұл қу өмірден», – деп, Баймағамбетті қасына алып, шаба жөнеледі. Артынан қуып жеткен Ысқақ: «Анау сүйген балаң Әбіштің санадан  сарғайған жары, қайғылы Мағыш үзілгелі жатыр. Сені «соңғы демім үзілерде бір көріп, ырза-қош айтсам деп арман етті», – дегенде барып Абай: «Соным бар ма еді? Менен де мұңлы сорлым бар ма еді?! – деп кері қайтады. Абайлар кіре  бергенде екі жыл қайғы-қасірет шеккен Мағыш (Мағрипа) қайтыс болады. Абай «…Мағыштың жүзін құшып, кесек-кесек ыстық жастарын төгіп-төгіп жіберді».

«Шайқаста» деген бесінші тарауда Көшбикеде Абай басына жасалған қастық көп уақыт жұрт аузынан кетпейді. Оразбайдан кек аламыз деп даурыққан Ырғызбайларға: «Қапқан иттен өш алам деп мен де қапсам, аузымда не қасиет  қалады?» – деп қарсы болады. Бірақ Абай жақтасқан басқа рудың адамдары Оразбайдан кек қайтармақшы болғанда, бұларды Абайдың сүйікті ұлы  Мағаш тоқтатады. «Жаманат жатпайды». Бұл сұмдық оқиға тобықты ішінен  асып, шартарапқа тарайды. Оразбайдың ожарлығы мен осалдығына табынатындар да бар. Семейде тұратын Марков пен Девяткин деген фельдшерлер мен  тоғалақ руынан шыққан Сейіт деген жұмысшының әңгімесі де Абай жайлы.

Сейіт – паромда Дәрмен мен Мәкенге көмектестін қарулы жігіт. Міне, осы  Сейіт сақ-тоғалақ ішіне демалысқа келіп жатып, Оразбайға көрші отырған Есболат аулына барады. Айса досының үйінде домбырамен Абайдың әндерін айтып, өлеңдерін оқиды, ауыл жігіттерімен күреске түседі. Терең құдықтан Оразбайдың түйелерін суару кезінде Сейіт те қайрат көрсетеді.

Осы кезде  Оразбай Абай өлеңдерін оқығаны үшін Сейіттің басын ғана шығарып, жерге
көмгізіп тастайды. Түн ішінде Айса мен кәрі күзетші жерден қазып алады.  Сейіт сақ-тоғалақ ішіне келген соң, болған оқиғаны достарына айтады. Мұны естіген құрбан айтқа жиналған тобықтыға жататын сақ-тоғалақ пен жуантаяқ  руының намысы оянып, «сақ-тоғалақтап» ұрандаған қалың топ «Кек үшін»,  «Ер үшін», «Абай үшін», «Азамат үшін» деп Оразбай ауылын талқандайды.

Базаралы «Абай үшін деп» тура Оразбайдың басына шоқпар ойнатады. Қарапайым шағын ру болса да, сақ-тоғалақтың еркектері ғана емес, әйелдеріне  дейін жауынгер болатындықтан, бай-манаптар бұларға жоламайды. Осылайша  Сейіт себеп боп, ойламаған жерден Абай кегі қайтады. Абайдың досы эмигрант Ф.И.Павлов тағы саяси айыппен абақтыға алынады. Абайдың үйіне тінту жүргізіледі.

«Жұтта» деген алтыншы тарауда Абай Ақшоқыдан алыс, қалаға таяу  Аралтөбе деген жерге қыстау салдырып, қыс бойы кітап оқиды. Ел ішіндегі  дау-дамай Мағаш арқылы шешіле бастайды. Өйткені жаратылысынан сыпайы,  жұмсақ мінезді, мәдениетті Мағаштың билік жүргізуін халық өзі сұрай бастайды. Жұрттың мақтауын естіп, Абай оған мәз болады. Жұт болып, елдің жағдайы нашарлайды. Хабар-ошар үзіледі. Абайдың өмір серік екі арысындай екі досы – Базаралы мен Ербол да қайтыс болады. Әуелі Ербол сүзектен жығылады.

Оның басы-қасында болған Базаралы өзінің ауырып қалғанын сезсе де, сыр білдірмей, досының жаназасын өзі шығарады. Үш күннен соң батыр жанды Базаралы да қаза болады. Халық мақтап, қыз жақтаған Абайдың асыл Мағашы да  ауырып, өмірден озады. Абайға тиген барлық соққының ең ауыры осы болады.

Базаралы мен Ербол өлімін Мағаштың өлімінен он екі күн өткенде Дәрмен мен
Кәкітай амалсыз айтады. Мұны естіген Абай егіліп тұрып, еңіреп жылайды.  Жазушы Абай өлеңдерінде айтылатын қырық жамау жүрек зарын өзіне айттырады. Ақын Кәкітай мен Дәрменге шер төгеді. Мұны Абайдың ең соңғы бой жазғаны деп қабылдаған Дәрмен Әйгерімге айтып, ағыл-тегіл жылайды.

Эпилог – Абайды бүкіл халық болып жоқтайды. Оспан қасына қойылған  Абайды әуелі Зейнеп (Оспанның әйелі) «Қос қоңыр» деп өз жанынан шығарған  зарын айтса, бұдан кейін «ғажайып әнші» Әйгерім «енді айтып болмас арманы  мен зарына» арналған жырын төгеді. «Бұл жоқтаудың осы отырған халайық  есітіп көрмеген, болжап білмеген санасы да, қаралы сәні де басқаша. Айтылып  жатқан соны сөз де өзгеше… Адал жар жоқтауымен, Дәрмен жырымен Абай  жаңаша жолға өтті. Ол өлмеске қадам басты…», – дейді жазушы.

Дереккөз: Қазақ әдебиеті. Жалпы білім беретін мектептің 11-сыныбының
қоғамдық-гуманитарлық бағытына арналған оқулық. Р.Зайкенова,
Р.Сакенова, Л.Н.Нұрланова

Ұқсас материал:

  1. «Абай жо­лы» ро­ман-эпо­пея­сы туралы түсінік (І том)

  2. «Абай жо­лы» ро­ман-эпо­пея­сының тараулары (ІІ том)

  3. «Абай жо­лы» ро­ман-эпо­пея­сының тараулары (ІІІ том)

  4. Ғасырлық туынды. Мұхтар Әуезовтың өмірі мен шығармашылығы туралы

  5. «Бесатар» повесі немесе қызыл империяға қарсы атылған оқ

  6. Асқар Сүлейменовтың өмірі мен қызметі
  7. «Қаһар» романы туралы. Шығарманың тілдік ерекшелігі
  8. Ілияс Есенберлиннің өмірі туралы мәлімет
  9. Сәкен Сейфулиннің өмірі мен еңбек жолы
  10. Сәкен Сейфуллин өлеңдерінің идеясы мен мәні
  11. «Қайталау» теориясы туралы түсінік

ПІКІР ҚАЛДЫРУ