Аягөз, Нұра, Жем , Сағыз өзені

0
3481

Аягөз өзені. Аягөз өзені Алматы және Шығыс Қазақстан облыстары аумағы арқылы ағады. Үлкен Аягөз және Кіші Аягөз өзендерінің қосылуынан кейін Аягөз деп аталады. 

Өзен Тарбағатай жотасынан бастау алып, Балқаш көлінің солтүстік — шығысына құяды. Ұзындығы — 450 км. Негізінен, қар және жер асты суларымен толығады. Жылдың 2 жартысында және құрғақшылық жылдары суы Балқаш көліне жетпейді. Юалқашқа құяр жері сортаң және батпақты. Ұзынды-қысқалы 312 саласы бар.

Ірі салалары: Нарын, Балықты, Батпақты, Айғыз, Қурайлы, Таңсық. Қарашаның 1 жартысында атып, сәуірдің басында ери бастайды. Суы тұщы, ауыз суға, жайылымды суландыруға және өндірістік — техникалық мақсаттарға пайдаланылады.

Нұра өзені. Нұра өзені Қарағанды және Ақмола облыстары жерімен ағады. Ұзындығы — 978 км.

Нұра Қарқаралы тауының батыс сілемдеріндегі бұлақтардан басталып,  Теңіз көліне құяды. Ұзындығы 10 км-ден астам 200-дей саласы бар.

Ең ірісі — Шерубай — Нұра (268 км). Өзен жоғарғы ағысында аласа таулардың арасымен, орта тұсында ұсақ шоқылар бойымен және төменгі ағысында төбелі жазықпен ағады. Тереңдігі — 1-4 м. Негізінен, қар және жер асты суымен толығады.

Нұраның шаруашылық маңызы өте зор. Өзен бойында Самарқан және Шерубай-Нұра бөгендері салынып, Самарқан және Нұра су құбырлары іске қосылған. Сағасында Қорғалжың мемлекеттік қорығы орналасқан.

Жем өзені. жем өзені Ақтөбе және Атырау облыстары жерімен ағып өтеді. Ұзындығы — 712 км. Жем Мұғалжар тауының 365 метрлік оңтүстік-батыс беткейінен басталады.

Каспий ойпатының шығысын бойлай ағады. Каспий теңізіне жетіңкіремей тартылып қалады. Аңғары жоғарғы және орта ағысында жақсы байқалады. Төменгі ағасында тармақтар арқылы жалғасқан шағын көл және сор тізбектерге айналған. Жағалауы құм және саз жыныстарынан түзілген.

Арнасы ирелеңді келеді, көбінесе, қарасуларға бөлінген. Басты салаларға: Темір, Атжақсы. Негізінен, қар суымен толығады. Қарашада қатып, сәуірде мұзы түседі. Жем ауыз су ретінде, шабындық суаруға, жайылым суландыруға пайдаланылады.

Сағыз өзені. Сағыз өзені Ақтөбе, Атырау облыстары жерімен ағады. Ұзындығы — 511 км.

Мұғалжар тауының батысынан (Байсары тауынан) басталып, Каспий теңізіне 60-70 км жетпей жерге сіңіп кетеді.

Жауын-шашын суымен толығатындықтан, жауынды жылдары Каспий теңізіне дейін жетеді. Жоғарғы ағысында арнасы тік жарлы, тар, ортаңғы ағасында аңғары 5-15 км-ге дейін кеңейеді. Төменгі ағасындағы аңғары енсіз. Ұзындықтары 10 км-ден аспайтын 100-ге жуық саласы бар. Суы көктемде тұщы, жазда кермек. Ауыз суға жарамды.

Пайдаланылған әдебиет:
«Сен білесің бе?» энциклопедиясы. Құрастырған: Райымбеков Қ.Ж, Байғабылова Қ.Т
Басқа да материал:

ПІКІР ҚАЛДЫРУ