«Атау-кере» ро­ма­ны («Қау­іп­ті бу­дан») туралы

0
33585

Жазушы Бөкеев – туған өлкесі – әсем Алтайдың,
асқақ Алтайдың жыршысы!
Оның шығармалары
Алтай өлкесінің гимні іспеттес.

Рабиға Сыздық

Орал­хан – еш уа­қыт­та та­қы­рып­тан тау­сы­лып көр­ген жа­зу­шы емес. Бір-ақ сөй­лемдік мә­се­ле­ден қа­ла­уын­ша шы­ғар­ма ту­ды­ра бе­ру­ге қа­бі­ле­ті де, құ­ді­ре­ті де же­те­тін. Сол се­беп­ті де бо­лар, ол: «Жос­пар­лан­ған дү­нием­нің көп­ті­гі сон­дай, олар­ды еш­қашан жа­зып тауы­са ал­май­тын шы­ғар­мын», – деп қи­на­ла­тын.

Дидахмет Әшімханұлы

Оралхан Бөкей – ой айтуға бейім жазушы. Жазушы көксеген жан тазалығын, ар тазалығын, маңдай термен нан табудың мехнат-рақатын, ұлттық мүдделер, ұлттық  рух идеалын оның әрқилы тағдыр, әр қалыпты ғұмыр кешіп жатқан кейіпкерлері өмірлік мұрат еткен.

«Атау-кередегі» Нюра кемпірдің жалғыздық күйі – қарт адамның өмір көшінің
соңындағы тына бастаған қалпымен де, баласы Еріктің қалауымен болған ортадан жырақтау жағдайымен де, тіпті қала берді, қаншама жерден қазақтың отанасы болғанымен де, діл, орта, арғы негіздер тұрғысынан да қылаң беруі тиіс жалғыздығы.

Гүлжан Ыбырайқызы

Оралхан Бөкейдің «Атау-кере» романына эпиграф ретінде берілген «Ара жасаған қоғамдық өмірдің деңгейіне жету үшін адам баласының алдында әлі  талай ұзақ жол жатыр» (Матерлинк), «Көптен кеткен көмусіз қалар» (Халық нақылынан) деген екі афоризм шығарма сюжетінің өрісін танытады. Шығарманың өзегі бас кейіпкер Ерік деген омарташы айналасында өрбиді. Шығармада төрт негізгі кейіпкер бар.

Еріктің бар есіл-дерті – ақша табу, байлыққа мастану, аң аулау, қиялдағы қызға ғашық болу. Айна – табиғаты момын, адамгершілігі, мейірім-шапағаты мол адам. Таған – аспирант, ғылым жолына түскенімен, жолы болмай, өмірден баз кешкен маскүнем. Ал Нүрке (Нюра) кемпір  осы үш адамға қосалқы әсер ететін төртінші кейіпкер ретінде сюжет желісін  бір-бірімен байланыстырып, дамытып отырады.

Романның «Атау-кере» аталуында да үлкен мағына бар, өйткені «атаукере» адамның өлер алдындағы ең соңғы асы, дәмі деген мағынаны білдіреді. Қазақ арасында қатты ашуланып, ұрсысып қалған жағдайда «Атау-кереңді  ішкір» деген сөз қарғыс түрінде тұрақты тіркеске айналған.  Еріктің ара шаруашылығынан басқа оннан аса сиыры, бес-алты жылқысы,  елу шақты қойы бар.

Әкесі Қандауыр Еріктің ес білмеген шағында қайтыс  болып кетеді. Ол әділетті, шыншыл адам ретінде суреттеледі. Шешесі Нюра Фадеевна (ауылдастары Нүрке деп атайды) – мыңдап марал өсіріп, пантысын (дәрі жасау үшін қолданылатын жас мүйіз) Қытайға сатқан сан жетпес омартасы бар кержақ-орыстың ең шонжары болған Фадейдің қызы. Нюраның  шешесі Анна Филимоновнаның жадылайтын сұңғыла өнері болғандықтан,  жұрт одан қорыққан. «Дұғаны оқыған кезде қара суды теріс ағызатын адам  еді» деп суреттеледі.

Басынан небір азапты күндерді өткізген Нюра Еріктің қолында, сал ауруына ұшырағандықтан, орнынан тұра алмайды. Оған Еріктің әйелі Айна қарайды. Ерік пен Айна Алматыда танысқан. Қолаң шашы тізесіне түскен өте  өңді Айна қазіргі Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің жаратылыстану факультетіне түскенімен, белгілі бір себептермен оқуын аяқтай  алмай, Алматы мақта-мата комбинатына орналасады.

Осы кезде сұңғақ бойлы, көгілдір көзді, бұйра шашты денешынықтыру мамандығында оқитын ересек  жігіт Ерікпен танысады. Екеуі қатар жүргенде жұрттың бәрі тамашалап  қарайтын әдемі жұп болады. Ерік спорт мектебінде, Айна интернат тәрбиешісі болып, аудан орталығында он жыл жұмыс істейді.

Шығарма экспозициясы бас кейіпкердің қазақтар Бек-алқа, орыстар  Фадиха деп атап кеткен, ол жылына бір рет міндетті түрде қатынайтын ауылға  сапарынан басталады. Бұл – Шығыс Қазақстан облысының Бұқтырма мен  Катонқарағай өзендерінің жағасында орналасқан шұрайлы жерлерінің бірі.

Жазушы Ерік туған өлкені «Атақты «Мұзтау» деп аталатын шың Алтайдың
мәңгі жығылмас, шаңырағы шайқалмас ақ отауы сынды еді. Осынау шілденің ми
қайнатар ыстығында пұшпағы шетінемей жататын, мұз құрсаулы шыңның алқымынан бұлақ болып басталып, арыны қатты арқыраған өзенге айналатын суды жергілікті қазақтар «Қатын суы» деп атағалы қа-а-а-ша-ан, одан бері де мың жыл өткен
шығар-ау.

Сол, әсіресе, бас жағы ақ айран болып басталып, Таулы Алтай өлкесіне  жақындағанда, тау-таудың омырауынан сандаған бұлақ саулап қосылып, мөлдірленіп барып Обьқа құятын ағынды өзеннің солтүстігін алтайлықтар, оңтүстігін  қазақтар жайлайтын. Катонқарағай ауданы мен оған іргелес Үлкен Нарын ауданының үйір-үйір жылқысы, қора-қора қойы, табын-табын сиыры жаз бойы емін-еркін   шүйгіндеп, тау басына алғашқы қар түскенде ғана, етекке мамырлай көшуші еді.

Міне, сол Қатын суына Тихой (Тихая) өзені келіп құятын» деп сипаттайды. Оның
ауылға жылына бір-ақ рет қатынайтын себебі – жол ұзақ әрі тау ішінен атпен түскенде бір күнде жететін ауыр жол. Қыстың күні ауыл арасымен мүлде қатынас
болмайды. Ерік бір жыл жинап, дайындаған ара балын Бекзат деген сатушы әйелге
өткізіп, ақшасын алып қайту үшін келеді. Осындай кейінгі бір сапарында оған мектепте бірге оқыған Таған деген сыныптасы жолығады. Ішкілікке салынып, үсті-басы
кір-қожалақ, әбден азып-тозған Тағанды оның «Әй, Қарабауыр» деген сөзінен кейін
ғана таниды. Өйткені «Қарабауыр» деген сөзді оған кезінде Таған ғана айта алатын.

Сюжеттің байланысы осы кездесуден басталады. Бір жұтым ішімдік сұрау  үшін арнайы іздеп келген, бір кезде Қарабура атанған Тағанды «көк есек ретінде  пайдалансам қайтер еді?» деген ой келген Ерік: «Ей, Қарабура, сен маған еріп жүр.

Аузыңнан арақ, алдыңнан тамақ кетпейді»,– дейді. Бұған қуана келіскен Тағанды
жол бойы ішімдіктен беріп қойып, «Екеуміз де бұрынғы палуанбыз. Жол ұзақ, тау
биік, жас мал еңгезердей екі жігітті көтере алмай, қызыл май болып, өкпесі күйіп
кетеді» деген сылтау айтып, атына мінгестірмей, жаяу ертеді.

Жазушы бұдан соң Нюра кемпір мен Айнаның қалай тіршілік етіп жатқанын баяндайды. Катонқарағай өзенінің күркіріне құлағы әбден үйренген Айнада  тыным жоқ. Қора жақтағы тауықтарға жем шашады, қымыз ашытады, айран ұйытады. Сал боп жатқан енесіне самаурынның шайын береді. Жазушы «Жапандағы жалғыз үйде ішіп-жеудің небір түр-түрі ырғын, аста-төк – ит басына іркіт төгіліп жататын. Тіпті тауда өспейтін көкөніс, жеміс-жидекке дейін Прохор Александрович Зырян қаласынан қап-қап қылып жеткізіп тастайтын» деп жазады.

Прохор – вертолетші, Еріктен аң терілерін алып, кәсіп жасайды.  Осы тұста Айнаның монологі арқылы оның жылқышының қызы екендігі,  бүкіл балалығы, қырмызыдай боп бойжеткен шағы жаз-жайлауда өткені, сондықтан ба, қылтың-сылтыңы жоқ, біртоға, тіпті үйкүшіктеу болып өскені,  келін болып түскені, енесінің қазақы жөн-жосыққа жетіктігі, кимешек киіп,  намаз оқитындығы беріледі. Шай үстіндегі әңгіме диалог түрінде өрбиді.

Міне, осы кезде «Сиыр мөңіреді. Жылқылар осқырынды. Малдың тынышы бұзылған
секілді» болады. Жүрексінген келіншек қосауыз мылтықты алып, далаға
шыққанда самырсынның түбінде екі аяғына тік тұрып, ақырған аюды көріп,
қолындағы мылтығы түсіп кетеді. «Аю ақылды болып шықты. Жанында
шоқайып-шоқайып, енесі не істесе соны қайталаған екі қонжығын томпаңдата
ертіп, бұрылып жүре берді», – дейді жазушы.

– Ол не екен, Айнаш? – деген енесіне: – Үйге кіріп, күпәйкесін шешіп тұрған келіні: «Аю екен» деген сөзді «сиыр екен» дегендей аса жайбарақат айтты.

– Айттым ғой, Алтайдың аюы адамға шаппайды.

– Рас айтасыз, апа, біз тиіспесек, олар тиіспейді екен…

Әрі қарай Нүрке кемпірдің күйеуі Қандауыр туралы айтуы арқылы Еріктің   әке-шешесінің өткен өмірімен танысамыз. «Бір күні қалың жыныс орман ішінде бір аяқ жолмен тауға қарай өрлеп келе жатқанда, Қандауырдың алдынан екі аю жолығыпты.

Шегінерге жол жоқ, мінген аты жүре алмай, бір орнында тұрып қалғанда, аюлар мұрнын шүйіре маңқайып қарапты да, «ендеше, жолды біз берейік»
дегендей, бұрылып орманға кіріп кеткен екен. Аюдан ақылды хайуан жоқ деп, сүйсініп отырушы еді жарықтық», – дейді.

Қандауырдың әкесі Меккеге барып, қажы атанып қайтқаннан кейін, үркердей үш келінін бірдей, оның ішінде Нүрке де бар,  мұсылманша оқытып, хат танытады. Ал Нюраның әкесі ғана емес, бүкіл Фадеевтер  әулеті қызының қазақ жігітімен қашып кеткенін кешіре алмай, соғыс ашуға келеді. Екі ел арасы бүлінетін болғандықтан, Нюра өз еркімен келгендігін айтып, мәнжайды әрең түсіндіріп, бір-біріне мылтық кезенген адамдарды әрең тоқтатады.

– Бізге көрші Сарқыт деген кемпір болды, төбені қойып, маңдайдан, мұрынның ұшынан қан ала беретін, жарықтық жақсы адам еді, жатқан жерің
жаннат болсын (Нүрке бетін сипады).

Сол кісі айтатын, бұл қан алудың ең қиындығы – емші кісінің қандауырды тамырға көлденең салмай, жарып салуында деп. Ол кемпір бұл дүниеден аттанған соң, басының қаны тасыған талайадам аттанып кетті соңынан… Иә, ол кісі бетімдегі жараны да жазып еді, сондықтан да есімнен, бес уақ намазымнан қалдырмай, атап отыратынмын.

Алғашында маған бала тоқтамады, не түсік тастаймын, не болмаса қырқынан шыққан соң, қызылша шығып өліп қалады, не керек, бұл қорлықтан өз анам қайтыс болған соң
ғана, көзім ашылды… қатал кісі еді-ау, жарықтық. Қатал еді… оның да топырағы торқа болсын, ғайбаттап қайтейін аруақты, емшек сүтін емізген шешем ғой…

Менің шешем келбетті кісі еді, амал не, мінез-құлқы қатты болатын. Байлар тәркіге ұшырап, жер аударыла бастағанда, барлық бұғыларды сатыдан шығарып, өз
үйін өзі өртеп, арғы бетке қашты. Пахомов дегеннің партизан отрядымен болған
арадағы атыста ағайым Александр оққа ұшады, қызылдардың қолына түспеуге
бекінген анам улы шөп қайнатып ішіп өлген екен. Сөйтіп, бергі бетте бір әулеттен жалғыз қалдым, ал ауылдың аты Фадиха атанып кетті» – дейді. Айна «Қатын
суы» аталуы тарихын білгісі келгенімен, өзен тарихын Ерік те, Нүрке кемпір де
білмейді: «Бәлкім, мен секілді жалғыздықтан жаны жанған әйел, өрт болып лаулаған жалынын басар шипа іздеп, суға секіріп, ағып өлген шығар…».

Жалғыз тірі қалған баласы Ерік өсе келе жұртқа жұғымы жоқ, даланың  тағысы секілді тәкаппарлау болып кеткенін тілге тиек ете келе: «Саған да обал,  келін шырақ, ішім сезеді, құсалық бар, қайтейін, Алтайдың аңғарына қамап ұстайтын аң емессің…» – деп қамығады.

Сюжет байланысы осылайша келіні мен енесі арасында толассыз өрістеп  отыратын әңгіме арқылы алмағайып кезең шындығы ашылады, яғни уақыт пен кеңістік бірлігі айқын көрінеді.

1917 жылғы ақтар мен қызылдардың соғысы, 1921 жылдардан басталған  ашаршылық, 1937 жылғы репрессия, 1941–1945 жылдардағы орыс-герман  соғысы – осының барлығының бел ортасында болған Қандауыр мен Нюраның  көрмеген азабы жоқ. Айнаға кержақтардың кім екенін баяндап береді: «Кержақ-орыстар – орыстың ішіндегі төменгі жақтан ауып келген аса діншілі.  Естуімше, патша ағзамның өзі ішкері жаққа жер аударыпты, неге екенін білмеймін, «кержақтар» атанғанбыз».

«Үйінен су бермейді екен, ал алда-жалда су сұрап іше қалсаң, сол ыдысты қайтып пайдаланбайды екен, бөтен біреу ұстаған есіктің тұтқасын ыстық сумен жуады екен» деуші еді, рас па? – деп сұрады енесінің әңгімесін ұйып тыңдаған Айна.

– Баяғыда одан да сорақы әдеттері бар еді, қазір оның жұрнағы да қалмай,
жергілікті елмен сіңісіп кетті ғой…

3-бөлімде автор жолаушыларға қайта оралады. «Мың жолдыны бір сорлы  байлайды» дегендей, ілбіп әрең келе жатқан Тағанның жағдайына байланысты  жолдағы Захар деген омарташының үйіне екеуі түнеп шығады. Бұл үйден  қолдан ашытылған сыра ішіп, дәмді тағам жеп әлденіп алған Таған «Неге біз  осы…» деп басталатын лекциясын оқуға қайта кіріседі.

«Егер әлем саясаткерлері мен тарихшылары Тағанға ізгілік, ақиқат,  болашақ туралы болжамдар мен өмірлік проблемалардан емтихан тапсырса,  ешқайсысы да зачет ала алмас еді. Ондай атты күн қа-й-да-а… НЕГЕ БІЗ ОСЫ…

Шай ішкен соң, жолға шықты: Ерік – атта. Таған – жаяу. Тағандар Захар мен Марфаның үйіне келгенде, алдарынан үріп шыққан  еңгезердей екі ит қаппаған. Бұл романда: «Жылқышы аулына таянғанда да бұларға қарай зулаған үш ит саңқылдай үріп, жандарына келді, бірі ат үстіндегі  Ерікті аударып тастардай қатты өршеленді, ал қалған екеуі Тағанды иіскелейеріп келеді. «Ит қаппайтын кісі болады деген, тегі, рас екен» деп ойлаған Ерік құлақ етін жеп, алды-артын ораған аламойнаққа қамшы сілтеп еді, ит одан  ары жінікті. Осы кезде жаяу салпақтаған Таған: «Қой енді!» – деп еді, жағы семді. Енді ол үш иттің қоршауында ежелгі таныстарындай тайраңдай басып
келе жатты. Үйлерінен өре шығып, осы көріністі бақылап тұрған жұрт қайран
қалып еді. Әсіресе, балалар мәз», – деп суреттеледі.

Осы көрініс арқылы автор он жыл бойы ішімдікке салынып, жүдеп-жадап, қаңғыбасқа айналған Тағанның соншама жаман адам емес екенін аңғартады. Ал жол
бойында есі кірген кезде «Неге біз осы…» деп бастайтын қоғамдық-әлеуметтік өмір
туралы лекциялары арқылы білімді адам болғандығын танимыз. Негізі Таған әуелі
әлеуметтік экономика саласы бойынша диссертация жазып, қорғай алмайды. Екінші
рет «Алтайды мекендеген ұлттардың тарихы» деген диссертациясына «ұлтшылдықпен уланған» деген айып тағылып, қудалауға түседі. Кейінгі әйелі де бір баласын
алып, бұған қарамай, кетіп қалады. Содан кейінгі өмірі «бомждыққа» айналған.

4-бөлімде автор будан аралар туралы баяндайды. 1956 жылы генетик-селекционер У.Керр африкалық бал арасын Еуропаға алып келеді де, жергілікті тұқыммен будандастырады. Буданнан пайда болған африкаландырылған араның сыртқы пішінінде пәлендей айырмашылық болмағанымен, еңбекқор және
қауіп төнсе, тобымен шабуыл жасайтын өте агрессивті болып қалыптасқан.

«Жауыз ара» атануы да содан. Айталық, осы Африка мен Еуропа араларын  будандастырудан пайда болған буданның шағуынан 1969 жылы Бразилияда  200 адам өліп, мыңдаған адам жарақат алған. Кісілер үшін жергілікті, яғни  өз арамыздан гөрі будандастырылғандардың уы әлдеқайда қауіпті. Осы тұрғыдан будан араның тарихын түсіндірген жазушы Еріктің де араның бұл елде жоқ түрін алғаш рет вертолетші жігіттен естіп, «Наука и жизнь» журналынан  «Қауіпті гибрид» деген мақаланы оқып, осы араға аңсары ауғандықтан, Прохор Александровичтің шетелге ұшатын самолетте істейтін әріптестері арқылы  жең ұшынан жалғасып, «жауыз араны» алдыртады. Күйеуі шетел арасына  Айнаны жолатпайтындықтан, ол бұдан хабарсыз. Тек жаңа тұқымды «импорт»  араның ұясын ғана біледі. Осы бір жайды енесіне айтқанда, Нүрке кемпір:

«Жатжұрттық ешқашан да жарытқан да, жерсінген де емес, бүгін балын берсе,
ертең уын ұсынады, түбі тыныш болғай», – деп, ауыр күрсініп еді.

Тағандар тақағанда «Үй-бай-ау, ұстайық» деп Ақмойнаққа оқталған
Айнаға Ерік:
– Ой, ол сүмелекті ит қаппайды екен, – дейді.
– Таған Мақажанов деген бірге оқыған досым, тәте, – деп таныстырғанда
шешесі басын оқыс көтеріп алып:

– Тәңірім-ау, не айтып отырсың… Өзіміздің Мақаңның – алты алашты
аузына қаратқан Мақажан ақынның немересі ме? Біздің Көкен жарықтықтың
ұлы ма? Ол қайдан жүр бұл ит өлген жерде? –
дегенде Ерік:

– От оттап, су ішіп отырған жеріңізге «ит өлген» деп тіл тигізбеңіз, тәте, – дейді.
Кемпірдің сөзі және келініне аяушылықпен қарайтыны арқылы «Көптен кеткен көмусіз қа­лар» деген эпиграфтың тегін алынбағанын аңғаруға болады.

Нюра монологі арқылы Тағанның шешесі Аналық екеуі апалы-сіңлілердей  болып, ең бір ауыр да азапты жылдарды бірге өткізгендігі, Қандауырдың да  Тағанның әкесі Көкенмен құйрық-жалы жарасқан қос торыдай үзеңгілес дос  болғандығы еске алынады. 1937 жылы бай-шонжарлардың тұқымы болғандықтан, Қандауырмен бірге Нюраға да қауіп төнеді. НКВД-нің (ішкі істер  халық комиссариаты) шолақ қол бастығы қыр соңдарына түседі.

Көкен мен Аналық екеуі Нюраны ешкім бармайтын ескі моншаға жасырып,  аман сақтап қалады. Осы кездегі Нюраның тартқан азабы жан төзгісіз. Шолақ қол  Нюраны моншаға дейін іздеп барады. Үңгір-монша туралы аңыздан сескеніп тұрғанда өзімен бірге еріп барған адамды байқамай, атып алады. Содан Шолақ қолдың  өзіне айып тағылып, сотталып кеткеннен кейін ғана тығылған жерінен шыққан  Нюраның 4 жастағы қызына суық тиіп, қайтыс болып кетеді. «Халық жауының»  отбасы болғандықтан, жұмыс берілмейді. Тек Тағанның әке-шешесінің қамқорлығы арқасында өзі тірі қалады. Ал 1937 жылы сотталып кеткен Қандауыр төрт-бес  жылдан соң ғана оралғанын жазушы былай пайымдайды: «Соғыс басталғанына  екінші жыл толғанда, ойда жоқта Қандауыр оралды.

Өлгені тіріліп, өшкені жана  қуанған Нюраның ерімен екеуі арасындағы қызық тым келте кесілген. Он күнге  ғана сұранып келген Қандауыр бір аптадай еру болды да, айыпкер батальонның  сапында, алғы шепке аттанып кете барған… Содан қайтып оралған жоқ… Сталинград түбінде ерлікпен қаза тауыпты. Ал Көкен бір аяқтан айырылып оралды, бірақ  елуінші жылдан асып жасай алмады. Аналық алпысыншы жылдан аттап өте алмады», – деп бастан өткен қиын күндерді баяндап берген Нүрке кемпір енді Тағанға ерекше назар аударады. «Қыстап шыққың келсе, менің айтқаныма көніп, айдағаныма жүресің» деп, әртүрлі шөптерді қайнаттырып, оны емдей бастайды.

Көп  қиындықпен, Нүрке кемпірдің арқасында Тағанның беті бері қарай бастайды. Ол
енді «Маралкөл жақта әр таудың басын көксеп, маңып жүрген кісікиік Шал бар»
дегенді бұрыннан білетін, сонымен жолыққысы келіп, тау ішін аралай бастайды.  Ақыры Шалмен ойда-жоқта жолығып, оның тұратын екі бөлмелі кең үңгірінде  қонақ болады. Шалдың кемпірі ертеректе қайтыс болып кеткен, өз кіндігінен бала  жоқ. Қозы, Баян деген ұл мен қызды асырап алған. Шал Тағанның атақты ақын Мақажанның немересі екенін білгеннен кейін арнайы қой сойып, күтеді.

Ал бұл кезде Ерік өзімен-өзі әуре, араларға қарайды, аңға шығады, Қатын  өзенінің арғы бетінде үнемі келіп тұратын бір қызға түрін көрмесе де ғашық. Өйткені өзеннің ағысы қатты, көпір жоқ, күркіреп ағатындықтан, сөз естілмейді. Сонда да сырттай соны көргеніне мәз болып жүреді. Айнаға адам екен-ау деп, көңіл аудармайды.

Бірде Айна үй сыртында екі баласымен өліп жатқан адамды көріп шыңғырып, сол жерде талып қалады. Сөйтсе, бұл терісі сыпырылған баяғыда өзіне тиіспеген, екі қонжығы бар аю екен. Мұның бәріне жайбарақат қараған Ерік аю терілерін Прохор досына беріп жібереді.

Автор ой үстінде жүретін Тағанға өз-өзіне «Неге біз осы» деген сұрақты
қойғызу арқылы дүние қыр-сырына шолу жасайды.

Сюжеттің шарықтау шегі – тордан шыққан будан аралардың есік алдында
отырған Нүрке кемпірді шағуы. Ол өлер шағында бой жасап, сөйлей бастайды. «Асықпай дәреттеніп, ақтық дәм – атау-кере суын ішіп болған соң, Алла  тағалаға мінажат білдіріп, рахымына көнетінін, төтеден жіберген дертіне мың  да бір алғысын айтып, ұзақ күбірледі. Бұдан соң «бисмилла рахман рахим» деп,екі қолын кеудесіне қойып, шалқалай жатып көзін жұмды…

Енесінен көз алмай  отырған Айна бір уақта… жаңа ғана қыбырсыз жатқан: бұл түсінбейтін орысша  әлденені айтып күбірлеп, бұл түсінетін «о, господи, прости своего грешнего…»  деген сықылды сөздерді араластыра сөйлеп, шоқына бастағанын көргенде…  иә-иә, көргенде… екі көзі шарасынан шыға шошынғаны соншама, «апатайымау, мұның не?!» деп, айқайлап барып құлады. Талып қалды.

Бұл – Айнаның өз  өмірінде екінші рет оңбай қорыққаны, талғаны еді… Нүрке кемпір қанша діндар  болса да, не мұсылманша, не христианша жерленбей, өз иманын өзі айтып, өз  жаназасын өзі шығарып», өзі аңсаған туған жері Фадихадан топырақ бұйырмай,  Қатын өзенінің жағалауына жерленеді. Себебі күн ыстық, жол ұзақ.

Ерік өзінің баласы жоқ екенін өмірінде бір-ақ рет есіне алады. Бар ақылы  ақша жасауға жұмсалғандықтан, оның сезімі қатыгезденіп кеткен. Ал Айнаға  ендігі өмірдің мәні жоқ көрінеді. Қатын өзеніне секіріп кеткен жерінен оны  Таған құтқарып алады. Сол бетінде Шалдың үйіне қарай алып кетеді. Ал Шалды Ерік жеккөреді, ата жауы санайды. Сондықтан екеуін іздемейді де.  «Жетісерсіңдер, жетісерсіңдер! – деп, жын ұрғандай, тауды басына көшіре  сақылдап күліп: «Прохор келсін, вертолетпен Бекзатты алдырамын. Маған  бәрібір, қатын болса – болды», – дейді. Ертеңінде әлемді аппақ кебінге орап, қар жауады. Биылғы жылдың алғашқы сонары… Еріктің ойы – аңға шығу.

Роман сюжеті былай аяқталады: «Келер жылдың көктемі шығып, жабағыланған сіреу қар еріп, таусылып, арқырап өзен тасып, ағаш бүрлеп, гүл бас жарғанда, Ерік жылдағы әдетінше Қатын суын құлдап, тарихи мекеніне барған. Арғы беттегі  шынарға жанарынан су аққанша қарады. Әне, көрінді! Сол! Өзі! Ақбоз ат мінген сұлу! Омарташының ғашығы! Аттан түсіп жетелеген күйі, өзен жағасына келді –
тым жақыннан көрінді. Қолын бұлғады. Ерікте ес қалмады.

Суға түсердей болып, жағалауға мінбелей ынтыққан. «А, Құдай, араға айналсам екен, ара болып, арғы  бетке ұшсам екен» деп, тізерлей отырып, қолын аспанға соза, бар болмысымен  тіледі-ай, тұңғыш рет зар еңіреп жылады-ай… Құдайдың құдіретімен омарташы  араға айналды… бірақ бал арасына емес, малға тыныштық бермейтін көкбас сонаға айналды. Айналуы сол екен, арғы жиектегі Қызға зымырай ұшқан. Ұшқан
қалпы ғашығына жетіп, иығына қонды. Не болғанын білмей, сасып қалған Қыз
қолындағы екі бүктелген қамшымен сескене салып қалғанда, енді ғана арманына жеткен «Ерік-Сона» қанатын серпуге шамасы жетпей, тырапай асып домалап
түскен… мәңгілікке… Қатын суының айлағындағы керемет үй, көл-көсір байлық,
қора толған мал, бал аралары иен қалды. Қалса – қалсын… көп ұзамай Қатынға тоған орнатылып, су көтерілгенде, бәрібір шіріп астында қалады…

Су астында Нюра  Фадеевнаның жетімсіреген зираты да қалады… «НЕГЕ БІЗ ОСЫ…».
Неге Ерік сонаға айналды? Автор мұны дүниеқоңыз адам тек сонаға ғана
айнала алады деген ирониямен беріп отыр. Өйткені ендігі оның өмірінде мән
жоқ. Қайтадан тіршілік бастай алмайды. Ал Таған мен Айнаның жан дүниесінде
ұқсастық, қайырымдылық болғандықтан, екеуі үйленіп, өз әлдерінше тіршілік
ететін болады деген ой тастайды.

Романның екінші атауы «Қауіпті будан» болуы тегін емес, өйткені шексіз
дүниеқоңыздыққа бой алдырған Ерік шетелдік араның қауіпті екенін біле
тұра алдыртып, ақырында шешесінің беймезгіл өліміне себепші болады. Сонымен бірге Нюраның әке-шешесінің келісімін алмай, тұрмысқа шығуы, оған
шешесінің лағынет айтуы, қарғыс дұға жасауы – осылардың бәрі жинақталакеле романның «Атау-кере» деп аталуына себеп болған.

Осы орайда орыс жазушысы Владимир Личутиннің «Бөкеевтік прозаның әуені мұңлылау әрі мұнтаздай болып келеді. Сондықтан әсері күшті: Жалғыз басты адам. Жалғыз киіз үй.  Оқшау жаратылысты, оның үстіндегі күн және иесіне адал аттың жалғызсырай  тықыршуы» деген сөзі есімізге түседі.

Дереккөз: Қазақ әдебиеті. Жалпы білім беретін мектептің 11-сыныбының
жаратылыстану-математикалық бағытына арналған оқулық.
Р.Зайкенова, Р.Сакенова, Л.Н.Нұрланова

Басқа да материал:


ПІКІР ҚАЛДЫРУ