Жарасқан Әбдірашев қаламынан қандай шығармалар туындады?

0
4678

Әр ақын – өз алдына бір әлем. Оны әркім өзіне әр қилы жағдайда ашуы мүмкін. Кейбірімен көзіңді тырнап ашқандай  сырлас болсаң, кейбірін оң мен солыңды танып, осы қалай екен деген ой жетелеген уақытта барып қана қолға аласың.

Жарасқан Әбдірашев

Әде­би­ет­ке, оның ішін­де поэ­зия­ға кел­ген топ­тың, шо­ғыр­дың ең бір жа­ры­ғы, ең бір сәу­лелі­сі, ең бір жұл­дыз­ды­сы – Әб­ді­раш­тың Жа­рас­қа­ны. Ол – ал­ғаш­қы өлең­де­рі­нен бас­тап-ақ, өзі­нің ақын еке­нін, ақын бол­ған­да да, жақ­сы ақын еке­нін та­ныт­қан жі­гіт. Жал­пы бі­лі­мі, ақындық күш-қу­аты бір ел­дің поэ­зия­сы­ның ту ұс­тау­шы­сы бо­ла­тын­дай мүм­кін­ді­гі әб­ден бар жі­гіт.

Тұманбай Молдағалиев

…Жарасқан туған жердің мұңын жырлап шарқ ұрар шабытты сәттері әлі талай
тол­қын-жыр боп туарын сезгендей-ақ екен. Оған уақыт куәгер болды – «Дала, сенің ұлыңмын» кітабы шығармашылық таңы, туған жеріне тілектес бір тамшы қаны (жаны дегенім) болды. Туған жерге деген өжеттігі сондай, оқтын-оқтын оралып  отырады. Оралған сайын өркенді ойлары желкенді жырларға айналып, толқыннан соңғы толқындай бірінен бірі асып түсіп жатар еді.

Жақау Дәуренбек

Міне, қазақ! Жа­рас­қан Әб­ді­ра­шевтің 21 жа­сын­да тұң­ғыш кі­та­бы жа­рық кө­ріп, КСРО Жа­зушы­лар ода­ғы­на мү­ше­лік­ке қа­был­дан­ған. Жа­рас­қан Әб­ді­ра­шев­тің ұлы режиссер Рүс­тем Әб­ді­ра­шев­тің «Қа­ла­дан кел­ген  қыз» филь­мі­не қа­лам­гер­дің ба­ла­лық, жас­тық ша­ғы ар­қау бол­ған екен.

Әде­би­ет­ке алпысыншы жыл­дар­дың ая­ғын­да Арал те­ңі­зі­нің дау­ылы се­кіл­ді бұр­қыра­тып кел­ген адам­дар­дың бі­рі – Жа­рас­қан. Ол бір­ден өз буы­ны­ның көш­бас­шы­сы­на ай­нал­ды. Ақын­дар бұл­бұ­лы – Шө­міш­бай Са­риев, Те­мір­хан Ме­дет­бек си­яқ­ты поэзияның қа­зір­гі за­манғы ақиық­та­ры­на ай­нал­ған ақын­дар­ кө­шін Жа­рас­қан бас­та­ған еді. Сол мұз­жар­ғыш мі­нез Жа­рас­қан­ның бой­ын­да көз жұм­ған­ша сақ­тал­ған еді.

Ұлықбек Есдәулет

Ақын қай өңірде туып-өскен?

Жарасқан Әбдірашев 1948 жылы Қызылорда облысы Арал ауданының Ақшатау ауылында  дүниеге келген. Жарасқанның әкесі колхоз басқармасының төрағасы болғандықтан, үйлеріне жиі-жиі келетін қонақтардың арасында өлеңжырдың тиегін ағытатын өнерлілері де болған.

Кішкентай Жарасқан солардың бәрін көкірегінде  түйіп өскендіктен, бала кезінен қаламын ұштай  бастайды: аудандық, облыстық газеттерде өлеңдері, мақалалары, әңгімелері жарияланады.

Жарасқан Әбдірашев қай жерде білім алған?

Ақын 1954–1960 жылдары Ақшатау бөлімшесіндегі бастауыш, Арал қаласындағы орта мектепте оқыған. 1963 жылы Жақсықылыш жұмысшылар кентіндегі орта мектептің тоғызыншы сыныбын тамамдап, Қазалы ауылшаруашылық техникумының механика факультетіне қабылданды. 1965–1969 жылдары  қазіргі әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың журналистика факультетіне түсіп,  одан соң осы оқу орнының аспирантурасында сырттай оқыды.

Ақын қандай қызметтерді атқарған?

Жарасқан Әбдірашев еңбек жолын 1969 жылы сол кездегі беделді басылымның бірі – «Лениншіл жас» газетінің әдебиет пен өнер бөлімінен бастайды. 1969–1970 жылдары «Қазақ әдебиеті» газетінің сын бөлімін, 1970–1974 жылдары «Жалын» альманахының сын және поэзия бөлімін басқарған. 1974–1985 жылдары «Жұлдыз» журналының сын және библиография бөлімінің меңгерушісі, 1989–1992 жылдары Қазақстан Жазушылар одағы жанындағы Көркем аударма және әлемдік әдебиеттер байланысы бас редакциясы Төрағасының орынбасары, 1992–1997 жылдары «Тамаша» сатиралық телехабарының Бас редакторы қызметтерін атқарған. Одан кейінгі өмірін шығармашылық демалысқа арнайды.

Жарасқан Әбдірашев қаламынан қандай шығармалар туындады?

Жарасқан – шығармашылығы сан қырлы (лирик, сатирик, сыншы, аудармашы) ақын. Ол қазақ әдебиетіндегі әзіл-оспақ, эпиграмма, сондай-ақ эпитафия (грек. epіtaphіos – қабір үстіндегі) жанрын жаңа деңгейге шығарды.

Ақын өлеңдерінің тақырыбы – рухани құндылық, туған жер, адамгершілік, еліміздің тарихы. Ж.Әбдірашевтің «Жаңа жылға – жаңа жыр», «Отан», «Кірмеші жиі түсіме», «Мәңгі көктем» және т.б. өлеңдеріне әндер жазылды.

Ақынның «Тұңғыш кітап» деп аталатын тырнақалды кітабы 1969 жылы  жарық көрді. Бұдан соң «Ақ қайран» (1970 ж.), «Найзағайлы жаз» (1971 ж.),  «Саяхат» (1972 ж.), «Парасат пен парыз» (1973 ж.), «Дала, сенің ұлыңмын»  (1975 ж.), «Соғыстан соң туғандар» (1977 ж.), «Перзент парызы» (1980 ж.),  «Сана соқпағы» (1988 ж.), «Әзілің жарасса» (1989 ж.), 3 томдық таңдамалы жырлар жинағы: «Сана соқпағы», «Көңіл көкпары», «Шежірелі шаңырақ»  (1998 ж.) шықты. Ал эпитафия жанрында жазылған «Құлпытас» жинағы ақын қайтыс болған cоң, 2 айдан кейін ғана жарық көрген.

Ақын аударма саласына да еңбек сіңіріп, орыс жазушысы М.Зощенконың,  үнді ақыны Р.Тагордың (1969 ж.), француз ақыны П.Элюардың (1972 ж.), беларусь ақыны Я.Купаланың (1982 ж.) таңдамалы өлеңдер жинағын, балалар  ақындары К.Чуковскийдің «Дәрігер Айболит», А.Бартоның «Ойыншықтар»,  «Өсіп келем» сияқты туындыларын, сондай-ақ А.С.Пушкиннің, А.Блоктың,  Г.Гейненің таңдамалы өлең кітаптарын, Б.Окуджаваның, Е.Евтушенконың,  Р.Рождественскийдің және басқалардың шығармаларын тәржімелеген.

Ақынның өз шығармалары да орыс, неміс, венгр, украин, өзбек, тәжік, әзірбайжан,  түрікмен, қырғыз, саха тілдеріне аударылған.

Ж.Әбдірашев М.Жұмабаев атындағы әдеби сыйлықтың иегері, Қарабура
атындағы мүшәйраның бас жүлдегері болды.  Ж.Әбдірашевтің қазақ әдебиетіне сіңірген зор еңбегі ескеріліп, ақынның Алматыдағы соңғы жылдары тұрған үйіне ескерткіш тақта орнатылды.

2001 жылдан бері Алматы қаласында Ж.Әбдірашев көшесі бар. Туған жері Арал  қаласында да көше мен мектепке Ж.Әбдірашевтің есімі берілген.

Дереккөз: Қазақ әдебиеті. Жалпы білім беретін мектептің 11-сыныбының
жаратылыстану-математикалық бағытына арналған оқулық.
Р.Зайкенова, Р.Сакенова, Л.Н.Нұрланова

Басқа да материал:


ПІКІР ҚАЛДЫРУ