Қазақ әдебиетінен глоссарий

0
2621
Freepik.com

Хронотоп – мекеншақ (Б.Майтанов)– уақыт пен кеңістік белгілерінің нақтылы бір  үтіннің табиғатына лайық бірлікте көрінуі. Мұнда уақыт қоюланып тығыздалады, сығылысады. Сөйтіп көркемдігімен көзге түсетіндей дәрежеге жетеді, ал кеңістік болса, шоғырланады, тарихтың, сюжеттің, уақыттың қозғалысына бағындырылады. Уақыт таңбасы кеңістікте белгіленіп көрінеді.

Ал  кеңістік  уақыт арқылы танылып, өлшенеді. Көркем хронотоп қатпарлардың  осылай қиысып,белгілердің осылай қосылып, тұтастануымен сипатталады  (М.Бахтин). О.Бөкей шығармаларында уақыт пен кеңістік композициясы үлкен орын алады. Қаламгер оқиғалардың мезгілін нақты сипаттайды. Оның  шығармаларындағы кеңістік пен уақыт ондағы оқиға, іс-әрекеттерге қатысты
өзгеріп отырады.

Поэтика (грек. poietik fehne – шығармашылық өнер) – сөз өнері туралы
ғылым.

Пафос (грек. pathos – сезім, құмарлық) – өнер адамдарының ерекше шабыттанып, жігерленетін кезі, құлшыныс, құштарлығы, қуатты сезімі.  Ежелгі грек әдебиетінде пафосты қаламгердің шығармашылық ойының сын-сипатын айқындауда, туындыларында заман бейнесінің бейнеленуі дәрежесін бағалауда негізгі көрсеткіш ретінде таныды. Пафос арқылы ақын-жазушының қоғамдық-әлеуметтік идеалын анықтау да қалыптасты.

Тартыс (лат. conflictus – қақтығыс, айқас, талас) – өмірдегі қайшылықтардың өнердегі көрінісі.

Диалог – әдеби шығармаларда екі кейіпкердің немесе бірнеше адамның  сөйлесуі, яғни оларды сөйлету арқылы шығарма мазмұнын ашу тәсілі. Монологтен айырмашылығы онда тыңдау механизмдері қатар жүреді.

Мазмұндық-тақырыптық талдау – шығарманы тұтастай ала отырып, талдау. Композиция (лат. compositio – құрастыру, қиыстыру) – әдеби шығарманың  құрылысы, оның үлкен-кішілі бөлім-бөлшектерінің бір-бірімен қисынды түрде  қиюластырып, әртүрлі тәсілмен байланыстырылған тұтастық бірлігі. Көркем әңгіме не поэма, не романда әр алуан сюжетке құрылады.

Сюжет (франц. sujet – зат) – көркем шығарманың мазмұнын ашып, мазмұнды пішінге көшірудің негізгі түрі, жолы және тәсілі. Сюжет тек оқиғалы шығармаларда ғана қолданылады:

– шығармадағы адамдардың бір-бірімен байланысы, қарым-қатысы, күрестартыстары;
– шығармадағы оқиғаның дамуы. Ендеше оқиға белгілі бір тәртіппен дамиды. Бір оқиға себебі болса, екіншісі – оның нәтижесі.

Адамдардың арасындағы күрес-тартыстар тек кездейсоқ нәрсе емес, өмір шындығы, өмірге түрлі көзқарас, түрлі мінездің түйісуі екендігі аңғарылады.

Оқиғаның белгілі бір мекенде, белгілі мезгілдерде болғандығы көрсетіледі.Әңгіме адамдар туралы болғандықтан, олардың сыртқы пішіні, кескіні,  мінез-құлқы, іс-әрекеті, күйініш-сүйініші, сөйлеген сөзі беріледі, қысқасы,  өмірдегі адам қандай болса, көркем шығармада да біз тап сондай адамдарды  кездестіреміз.

Сөйтіп, жазушы шығармада кездесетін оқиғаның осылар тәрізді  әр алуан бөлшектерінің қалауын тауып, асқан шеберлікпен қиюластырып,  бір бүтін нәрсе етіп шығарады. Оқиғаның басталуы, өрбуi, шешімі – барлығы бiртұтас композицияны құрайды.

Комедия (грек. komodia) – драмалық жанрдың негізгі бір түрі, өмірдегі  келеңсіз, жағымсыз құбылыстарды, адам бойындағы міндерді, оспадарлықты  күлкілі етіп бейнелейтін сахналық шығарма. Әдебиеттегі комикалық нысанның  ең ерекше түрі ретінде комедияның ең маңызды ерекшеліктері – юморды, иронияны, сарказмды, сатираны қабылдап, бере білуі.

Комедиялық шығармада  шынайы тапқырлық, асқан зеректік танытатын жарқылдаған ашық көңілді  күлкіден бастап, кейіпкердің аңғалдығы, епсіздігі немесе топастығына негізделетін, іштен шықпаған, сырттай ғана көрінетін жасанды күлкіге дейін кездесіп отырады.

Дереккөз: Қазақ әдебиеті. Жалпы білім беретін мектептің 11-сыныбының
жаратылыстану-математикалық бағытына арналған оқулық.
Р.Зайкенова, Р.Сакенова, Л.Н.Нұрланова

Басқа да материал:


ПІКІР ҚАЛДЫРУ