Қазақстандағы Ақсу-Жабағылы, Алматы, Наурызым, Барсакелмес қорығы туралы

0
1679
Freepik.com

Ақсу-Жабағылы қорығы. Ақсу-Жабағалы — Қазақстан жерінде 1926 жылы ең алғаш ашылған қорық. 

Ол Батыс Тянь-Шань тау жоталары, Талас Алатауы мен Өгей тауларының  табиғатын қорғау мақсатымен ұйымдастырылды.

Мұнда ең ірі Ақсу өзені, одан екі еседей кіші Жабағалы өзендері ағады. Бұл қорық —  сан алуан өсімдіктер мен түрлі жануарлардың өсіп-дамуына қолайлы мекен.

Қорықта құстардан да бүркіті мен қарақұсты, кекілік, шіл, бөденелерді кездестірсек, биік таулы аймақтардан сақалтай, қозықұмай, жыланжегіш, лашынды көреміз.

Құс қайту, келу кездерінде бұл жердегі құстар саны көбейеді. Ал құстардан икөкқұс пен ұдар, жануарлардан барыс, сілеусін, қоңыр аю, арқар, көксуыр Қазақстанның «Қызыл кітабына» тіркелген. Сонымен қатар елік, таутеке, жабай шошқа, ақкіс, т.б жануарлар да қорғауға алынған.

Алматы қорығы. Алматы қорығы 1931 жылы Іле Алатауының орталық бөлігіндегібиік таулы алқаптардың табиат байлығын қорғау үшін құрылды.

Қорықты тамашалауға барғандар тастан-тасқа секірген арқарды, елік пен «алтын мүйізді» маралды көре алады. Сонымен қатар, үкі, жапалақ, құмай, қаршыға, жағалтай тәрізді жыртқыш құстар да бар.

Биік таулы аймағында ұлар, далалы алқабында қырғауыл, кекілік, ормандарында құр мен тоқылдақ және шөлді аймағында жылқышы, бұлдыр мекендейді.

Алатау етегінде аңдардан барыс, сілеусін, ақкіс, тау суырлары көп кездеседі. Олардың ішіндегі ең ірісі — қоңыр аю. Шөлді аймағын «Әнші тау» төңірегі қамтиды. Бұл жерде сексеуіл, сораң, бұйырғын, жусан өседі. Көне дәуірден жеткен қылқан жапырақты шыршалар Алатауға сән береді.

Наурызым қорығы. 1934 жылы қарағайлы орма мен Қостанай облысының Наурызым ауданындағы  далалы аймақтың шағын көлдерін сақтап қалу мақсатымен құрылған. 

Бұл жерді табиғи мұражай десе де болады. Наурызым — ителгі, қызыл жемсаулы қаз, дуалақ, аққұр секілді құстардың, борсық, қызыл түлкі, қарсақ, сібір елігі, күзен, зорман, суыр ақкіс, аққалақ сияқты терісі, еті бағалы және сирек кездесетін жануарлардың мекені.

Қорық міндеті — осы өсімдіктер мен жануарларды қорғап, тіршілік ерекшеліктерін бақылау.

Барсакелмес қорығы. Барсакелмес қорығы Арал теңізінің Барсакелмес аралында 1939 жылы құрылды. 

Бұл арал сазды, тақырлы, құмды болғандықтан, өсімдіктері де, негізінен шөл далалық.

Негізгі өсімдігі — сексеуіл. Қорықта қарақұйрық, ақбөкен мекендейді. Көктем, жаз  айларында құстардың саны мен түрлері көбейеді. Жылқышы, шағала, қаз, кішкене бозторғайларды көруге болады.

Су жағасында жасыл құрбақалар көп. Далалы аймағында жұмырбас кесіртке мен кекконды ысылдағыш кесірткелер бар. Жабайы аңдар, құстар үшін қысы қолайлы.

Қорықтың мақсаты — өзіне тән табиғат байлығын қорғап, қорын молайту.

Арал теңізінің тартылуы, өсімдіктердің азаюы, тұздылығының артуы қорықты мекендейтін ақбөкен, қарақұйрық, құландар үшін өте қауіпті.

Пайдаланылған әдебиет:
«Сен білесің бе?» энциклопедиясы. Құрастырған: Райымбеков Қ.Ж, Байғабылова Қ.Т
Басқа да материал:

ПІКІР ҚАЛДЫРУ