«Қазақстанның киелі жерлері» картасы

0
2221

Тараздың ежелгі ескерткіштері. Ақыртас– VIII–IX ғасырларда салынған қорған.

Тараз қаласына 40 км жерде, Ақшолақ теміржол бекетінен 6 км оңтүстікте орналасқан бұл кешен соңғы 130 жыл бойы зерттеліп келеді. Қазір де онда археологиялық жұмыстар жүргізілуде. Кешеннің тастан жасалып, пі­шімі малға шөп салатын ақырға ұқсас болуына байланысты «Ақыртас» деп аталған.

Ол алыстан көрініп тұруы үшін таудың үстіне төртбұрышты етіп салынған. Қазіргі кезде қабырғаларының сақталған сілемдері 140 метр шамасында. Ірі тас блоктардан қаланған. Қорғанның 4 қақпасы бар, біреуі – солтүстікте, үшеуі – оңтүстікте. Тұрғын үйлер ауланың ішіне топтастырыла салынған қызмет көрсететін және шаруаға қажетті бөлмелер кешенінен тұрады.

Ауланың түпкі жағында Ақыртас иесінің жатын бөлмесі мен қонақтарға арналған бөлмелер орналасқан. Солтүстік есік жақтағы үйлер қызмет ететін адамдар мен күзетшілерге, бір бөлігі ат қораға арналған. Су қоймасы бар орталық аула, әскерлерге арналған алаң, жарлықтар жарияланатын немесе діни рәсімдер атқарылатын арнаулы орындар болған.

Маңғыстаудағы Бекет ата кесенесі.  Бекет ата ескерткіш ғимараттары – Маңғыстау, Үстірт, Жем бойындағы Бекет ата есімімен байланысты жерасты ғимараттарының ортақ атауы. Олар туралы халық жадында сан алуан аңыздар сақталған.

Бекет ата Мырзағұлұлы (1750–1813) – әулие, халық баты­ры, көреген абыз, ағартушы, сәулетші. Туып, өскен жері–Маңғыстау өңірі. Бекет атаның білімдарлық, батырлық, әділдік,  еңбексүйгіштік, көріпкелдік қа­сиеттері өз дәуірінде ерекше та­нылған. Халық оны айрықша қадірлеп, әулие тұтқан.

Адайлар өзінің ұранына айналдырған.Халық Бекет атаның өмірін, қы­сылғанға жар болған ерекше қасиетін, әулиелігін ықыласпен әңгімелеп, ұрпақтан ұрпаққа ұластырған. Бекет атаның бес мешіті бар. Оның бірі – Оғыландыда,
екіншісі – Бейнеуде, үшіншісі – Жем бойында, төртіншісі – Арал жағасындағы Баялыда, бесіншісі – Маңғыстау ау­данындағы Тобықтыда. Бекет ата бұл мешіт-медреселерде
Құдайға құлшылық еткен, бала оқытқан.

Алтайдың қазыналы қойнауы құпияға толы. Алтайдың құпияға толы қойнауы адамзат баласын таңдандырумен келеді. Бұл жолы да Қарақаба жазығында қазақ
археологиясына тың жаңалықтар қосылды. Археолог, тарих ғылымдарының докторы Зейнолла Самашев мырзаның ай­туынша, биылғы қазба жұмыстарының кезінде бұған дейін табылмаған, кездеспеген жаңа археологиялық ашылулар болды.

Соның бірі – жас баланың мүрдесі. «Бұл табылған қорым  көне түркі дәуіріне тән. Шамамен VІІ–VІІІ ғасырларға келеді. Жерлеу рәсімі былай атқарылған: алдымен, осындай көлемде шұңқыр қазып, оған жылқыны қойған. Бір жақ шетіне лақат
жасаған да, оған адамның өзін жерлеген.

Оның үсті жабық тұратын болған», – деп түсіндірді археолог ғалым. Мүрденің
ер бала екенін, құлағында екі сырғасы болғанын, ол сырғалардың күмістен жасалғанын тілге тиек етті. Бұған дейінгі қорғандарды қазған кезде үлкен, егде кісілердің табылғанын  ескерсек, жас баланы жерлеу ғұрпы алғаш рет кездесіп отыр.

Заңғар Кәрімхан

Бесшатыр – Жетісудың киелі жері. Бесшатыр – Алматы облысындағы Іле өзені жағалауында,  Желшағыр тауының бөктерінде орналасқан көне қорымдар, сақ дәуірінің аса ірі ескерткіші. Бесшатырды 1957 және1959–1961 жылдары Жетісу ар­хеологиялық экспедициясы (же­­­текшісі К.Ақышев) зерттеді.

Қорым құрамында үлкенді-кішілі 31 оба бар. Олар батыстан шығысқа қарай 1 км, солтүстіктен оңтүстікке қарай 2 км болатын алқапты алып жатыр. 21-і таспен, ал 10-ы қиыршық тас араласқан топырақ үйінділермен жабылған. Қорым шартты түрде екі бөлікке (солтүстік және оңтүстік) бөлінеді. Солтүстік топқа Бесшатыр зиратының ең үлкен екінші және үшінші обалары кіреді.

Зерттеу барысында 18 оба қазылды. Олардың үшеуі – үлкен, қалғандары – орташа және кіші обалар. Алынған ғылыми деректер ежелгі сақтардың әлеуметтік топтарға жіктелуі, шаруашылығы, тұрмыстық салт-дәстүрлері, діни нанымсенімі, архитектуралық жетістіктері, тұтынған қару-жарағы мен құрал-жабдықтары жайлы құнды мәліметтер
береді.

Дереккөз:

  1. Қазақ тілі: жалпы білім беретін мектептің 11-сыныбының қоғамдық-гуманитарлық бағытына арналған оқулық. / Т.Н.Ермекова,
    Г.М.Найманбаева, Б.М.Найманбаева
  2. «Қазақ энциклопедиясы», 2-том

Ұқсас материалдар:


ПІКІР ҚАЛДЫРУ