Қазақстанның теңіздері. Каспий мен Арал теңізі туралы

0
7655

Каспий — дүние жүзіндегі ең ірі тұйық су айдыны, үлкендігіне қарап теңіз деп атайды.

Ауданы — 376 000 км (2). Ұзындығы шамамен 1200 шақырымға созылса, орташа ені — 300 шақырым. Теңіз жағалауының ұзындығы — 7000 км, оның солтүстік жағалауының басым бөлігі және шығыс жағалауының солтүстік жартысы Қазақстанға тиесілі (2340 км). Қалғаны Ресей, Әзербайжан, Түрікменстан және Иран жерімен шектеседі.

Ең терең жері — 1025 м, орташа тереңдігі — 180 м. Маңғыстау, Қазақ, Қарабұғазкөл және т.б шығанақтары, 50-ге тарта аралдары бар (ірілері: Құлалы, Шешен, Артем, т.б). Ірі түбектері: Маңғыстау, Апшерон, Аграхан, Красноводск, Шелекен.

Қыста солтүстігінің таяз бөлігі қатады. Каспийге 130-дай өзен құяды. Ағын су көлемінің 80%-ын Еділ, 5%-ын Жайық өзендері береді.

Теңізден бекіре тұқымдастары, майшабақ, табан, торта, көксерке, сазан, килька көптеп ауланады. Каспий теңізі қара уылдырық өндіруден дүние жүзі бойынша алдыңғы орындардың бірінде.

Каспий теңізінің түбінен мұнай өндіріледі.

Арал теңізі. Арал теңізі Қазақстанның Қызылорда және Ақтөбе облыстары мен Өзбекстан жерінде орналасқан.

Арал теңізіне Орталық Азияның 2 аса ірі өзені — Әмудария мен Сырдария құяды.

Бірақ 1970 жылдан бастап көлге құятын өзен суының көлемі жоққа тән болғандықтан, булануға кеткен шығынды толтыруға шамасы жетпейді. Сондықтан теңіз суы жылдан жылға тартылып келеді. 1998 жылы теңіз деңгейі 18 метрге төмен түскіп кетті.

Қазірде теңіз екі бөлікке бөлініп қалған. Қыс бойы теңізді толығымен мұз басады. Суы 25 метрге дейінгі тереңдікті көруге болатын өте мөлдір болған. Арал теңізінде арал шоқыры, сазан, қаяз, торта, т.б балықтар бар. Соңғы кезде камбала жерсіндірілген.

Алғаш Әмударияның атырау тұсы Арал теңізі аталып, кейін теңіз түгелімен Арал атанған.

Пайдаланылған әдебиет:
«Сен білесің бе?» энциклопедиясы. Құрастырған: Райымбеков Қ.Ж, Байғабылова Қ.Т
Басқа да материал:

ПІКІР ҚАЛДЫРУ