Бұлақ және Рахман қайнары туралы мәлімет

0
2913
Freepik.com

Бұлақ — жер бетіне шығып жатқан табиғи жерасты су көзі. Ол таулы, қыратты аймақтарда, өзен, көл жағалауларында жиі кездеседі. 

Бұлақтың арынсыз және арынды түрлері болады. Сонымен қатар таулы аймақтарда, қыраттарда  жер астындағы  кең көлемді жарықтарды бойлай өзен секілді ағып жер бетіне шығып жататын бұлақтың ерекше түрлері де кездеседі.

Арынсыз бұлақ — ылғалды жылдарда, көктемде қар ерігеннен кейінгі немесе жауын-шашынды кезеңдерде жер бетіне таяу жатқан жерасты суы деңгейінің көтерілуінен пайда болатын су көздері. Онығ, әдетте, тұм деп атайды. Құрғашылық жылдары, ылғалсыз жаз айларында мұндай бұлақтың суы тартылып қалады.

Арынды су көзі — жерасты суынан бастау алып, сай-жылғаларда, өзен мен көл бойында немесе тау-тастардың терең жарықтарынан табиғи жолмен шығатын бұлақ.  Оны қайна деп те атайды. Мұндай су көзінің шығымдылығы, температурасы, минералдылығы тұмаға қарағанда жыл маусымдарының барлық кезінде тұрақты келеді.

Суы мол, көлемі тұрақты бұлақтар Қазақстан жерінде Қаратау, Ерейментауда, Шыңғыс тауында, Жайық бойындағы Индер тауында, Үстіртте, т.б аудандарда кездеседі. 

Өзендер солардан бастау алады. Кейде олардан жер астында кішігірім көлдер пайда болады.

Мұздық тауларда бұлақ суының температурасы 0-градустан аспайды. Суы тұщы бұлақтар елді мекендерді ауыз сумен қамтамасыз етуге, жер суаруға, мал жайылымдарын суландыруға жұмсалады. Табиғи жолмен шығып жатқан жылы және  ыстық қайнарсулары шипажайлар мен емдеу орындарында әртүрлі ауруларды емдуге қолданылады.

Мұндай бұлақтар Қазақстанның оңтүстігіндегі және шығысындағы таулы өңірлерде жиі кездеседі.

Рахман қайнары. Рахман қайнары, Рахман көлі, Арасан-Шығыс Қазақстан облысының Қатонқарағай ауданындағы шипалы жылы су көзі.

Оңтүстік Алтай ойпатында , Арасан көлінің жағасында теңіз деңгейінен 1750 м биіктікте орналасқан. Су граниттегі терең жарықтан шығады. Температурасы — +35-12 градус. Рахман қайнарышипалық қасиеті мен құрамындағы пайдалы элементтердің молдығымен ерекшеленеді. Суы тұщы.

Қайнардың шипалық қасиеті ертеден белгілі. Өйткені суы асқазан, жүйке, тыныс ауруларын және әртүрлі жараларды, улануды емдейді.

Рахман қайнары биік тауда, орманның өте көрікті жерінде орналасқандықтан, 1925-1936 жылдары бұл жерде демалыс орны болған. 1960 жылдан мұнда шипажай қайта жұмыс істей бастады.

Пайдаланылған әдебиет:
«Сен білесің бе?» энциклопедиясы. Құрастырған: Райымбеков Қ.Ж, Байғабылова Қ.Т
Басқа да материал:

ПІКІР ҚАЛДЫРУ