Бумын қағанның өмірі мен қызметі

1
3012

Түрік қағандығының тарих саханасында пайда болуы Бумын қағанның есімімен тікелей байланысты. Халық арасында оны «Ел қаған» немесе «Иль қаған» (бірінші қаған) деп атаған, бұл «Бүуіл ел патшасы» болып аударылады.

Бумын қаған (? -552 ж.)-түркілердің өздері «Мәңгі ел» деп атаған әйгілі Бірінші Шығыс Түркі қағанатының негізін қалаушы тарихи ұлы тұлғалардың бірі.

Оның алғаш тарихқа танылуы түркі еліне Батыс Вей империясының елшілерінің келмеуімен тікелей байланысты. Бұл кезде түркі елі Жыужән қағанатының құрамындағы, соларға темір кенін өндірумен айналысатын бодан ел болатын. Бумынның бұл кездегі лауазымы- ұлы йабғу (даиеху). Оған ол түркі елінің басшысы болған әкесі Ту (Туву) өлгеннен кейін, мұрагерлік жолмен ие болды.

Кезінде хатталып, қағаз бетіне түспегендіктен, Батыс Вей империясының елші келгенге дейінгі түркі елінің де, оның басшысы Бумынның да тарихы белгісіз. Сондықтан да болар тарихшылар ортағасырлық түркілердің тарихын, шартты түрде, осы елшілер кеген да-тун жылнамасының он бірінші жылынан, яғни 545 жылдан басталады.

Теле ру-тайпаларымен Бумын қағанның қол астына біріккен түркілер сол кезде өздері тәуелді болып отырған жуань-жуаньдарға қарсы шықты.

Түркілер 552 жылы Бумын қағанның басшылығымен жуань-жуаньдарды тас-талқан етіп жеңді. Бұл соғысқа түркілердің жуань-жуаньдардың қол астынан шығу жолындағы талаптары себеп болған еді. Олардың арасында аса қуатты ашина тайпалары да бар еді.

545 жылы елші келіп, оның мақсаты- түркілерді Батыс Вей империясының бақталасы Шығыс Вей империясының одақтасы болып отырған Жыужән мемлекетіне қарсы қойып, қарсыластар күшін әлсірету әрі оларды күресте өздерінің жақтасыету болатын. Бумынның аса ірі саясаткер, көрген басшы екенін танытатын тұс та, міне, осы кез. Ол алып империяның айдапсалына елігіп, биліке таласушылардың қолшоқпарына айналмай, өз саясатын жүргізе білді.

Асылы, Бумын өзін империя қолдайды екен деп, аңдаусыз аяқ басудың апатқа ұрындырарын мейлінше ұққан сақ жан. Жылнамалар жеткізген тапшы деректер осыны дәлелдейді. Ол Батыс Вей секілді империяның қолдауын пайдаланыпқалайын деп, бірден атқа қонбайды. Батыс Вейдің елшісі кеткеннен кейін оларға өзінің елшісін жіберіп, бар жағдайды өз адамдары арқылы толық біліп алады. Күресте көмектеседі деген империясының өз көмегіне зәру мүшкіл хәлін көреді.

Азаттық күресінде тек өз күшіне ғана сүйену керектігін, қазіргі жағдайда қыздырманың тіліне еріп, қарсы шыққанымен, дәуірлеп тұрған жыужәндарды жеңуге шамасы жетпейтінін түсінеді. Сол себепті де ол ешкім күтпеген әрекетке барып, жыужәндарға қарсы жорыққа аттанған телы тайпаларын қолдау орнына, оларға тосыннан тиісіп, бүкіл елін өз қарауына қосып алады.

Бұл ретте «Жыу кітабы» («Жыушу»): «Осы кезде (546 ж.) телылар жыужәндарға қарсы жаза жорығына шығады. Тумын (Бумын) өзіне қарсы тайпаларды бастап, оларға орта жолда бүйірден тиісіп, талқанын шығарады. Сөйтіп 50 мың түтіндік бүкіл елін бағындырады»-деген дерек береді.

Осылайша еліне ел қосып, жауынгерлер санын көбейтіп, әскери қуатын нығайтып алғаннан кейін барып, ол жыужәндарға қарсы шығудың әрекетіне көшеді. Онда да өзі бірден тиіспей, жыужәндардың өзін соғысуға мәжбүрлейді. Жыужән мемлекетінің билеушісі Анагүйге қызын өзіне әйелдікке беруді сұрап, елшісін жібереді. Бұл сол кездің дипломатиясында: «Менің енді сенімен терезем тең. Менімен санасуға тиістісің» дегенді білдіретін еді. Бұған, әрине, Анагүй келісе алмады, тас-талқан болып ашуланып, Бумынды балағаттап, «Сен менің темірші құлымсың, бұлай істеуге қалай батылың барды» деп, арнайы шапқыншысын жібереді.

Бумынның күткені де осы еді. Дәстүр бойынша, енді оның қорланған жан есебінде не істеймін десе де еркі бар, халықтың толық қолдауына ие болады. Осыны қапсыз пайдаланған Бумын өшпенділікті одан әрі өршіте түсу үшін Анагүйдің шапқыншысының басын алуға әмір береді. Қаған шапқыншысын өлтіру- бұл дағы соғыс ашудың бір сылтауы болатын.

Ақыры фи-ди жылнамасының бірінші жылының (552 ж.) бірінші айында Хуәй-хуанның терістігіндегі кең жазықта жыу-жәндар мен түркі әскері шешуші айқасқа шықты. Осы шайқасқа жеті жыл бойы қапысыз дайындалған Бумын ашудың жетегінде асығыс жиналған жыужән әскерінің тас-талқанын шығарады. Ойсырай жеңілген Анагүй өзін-өзі жарып өлтіреді. Сөйтіп байтақ далада бір жарым ғасыр бойы дара билік жүргізілген Жыужән қағандығы құлады. Оның орнына кейін Ұлы Далаға бірнеше ғасыр бойы үстемдігін жүргізген атақты Түркі қағанаты орнады.

Түркілердің елі жиналып, Бумынды ақ киізге көтеріп, «Ел қағаны» деп жариялады. Әйеліне «Ел Білге қатын» деген атақ берді. Бірақ Бумын қаған өзі орнатқан қағанаттың дәуірлеп дүркірегенін көре алмады.553 жылдың қозы айында өз ажалынан қайтыс болды.

Дереккөз: Тarih.spring.kz

Тарих пәні бойынша басқа да ақпараттар: 

  1. Аттила (Еділ) патшаның өмірі туралы деректер

  2. Анақарыс немесе Анахарсис туралы мәлімет

  3. «Ежелгі Қазақстан» тақырыбы бойынша тест сұрақтары жауабымен

  4. Тас ғасырының тарихи хроникасы
  5. Сақтар. Олардың қоғамдық құрылымы мен мәдениеті

  6. Ежелгі Египеттің тұрмыс-тіршілігі


1 ПІКІР

ПІКІР ҚАЛДЫРУ