Гулнар Кисметовна: «Республика тәрбиешілерінің арасынан озып шығамын деп ойламадым»

2
2041

SKILLS ACADEMY мекемесі мен Martebe.kz ақпараттық білім порталының ұйымдастыруымен Республикалық «Үздік балабақша тәрбиешісі» байқауы өткізілген еді. Байқауға еліміздің барлық өңірлерінен тәрбиешілер қатынасты. Қатысушылардың ішінен кәсіби біліктілігімен көзге түсіп, байқаудың «Бас жүлдесін» Губайдуллина Гулнар Кисметовна иеленді.

Гулнар Кисметовна — Атырау облысы, Махамбет ауданы, Ортақшыл ауылы «Балақай» бөбекжайында 35 жыл талмай еңбек етіп, еліміздің болашағы, жас ұрпақты тәрбиелеу ісінде орасан зор үлес қосып жүрген ұлағатты ұстаз.

Осы ретте портал ұжымы байқау жеңімпазымен хабарласып, ой-пікірін білген еді. Назарларыңызға ұсынамыз.

Білім беру мекемесінде жұмыс жасағаныма 35 жылдан асты

Еліміз егемендік алып, әлемге тәуелсіз мемлекет болып танылғанына 26 жыл болыпты. Осы жылдар ішінде Елбасымыздың ел үшін жасаған ерен еңбегі өз нәтижелерін беріп, алға қойған мақсаттарға нық қадам басудамыз. Білім саласында да айтарлықтай тың өзгерістер болып, жас ұрпақтың оқу оқып, тәрбие алуына толық мүмкіншілік бар деп сенімді түрде айта аламыз.

Тәрбиеші бейнесі

Мен, Губайдуллина Гүлнар, еңбек жолымды балабақшамен байланыстырып, 1982 жылы Атырау облысы Махамбет ауданына қарасты Ортақшыл ауылының «Балақай» бөбекжайына тәрбиеші болып орналастым. Осы аралықта 17 жыл бөбекжай меңгерушісі және 18 жыл балабақша тәрбиешісі болып еңбек еттім. Білім беру мекемесінде жұмыс жасағаныма 35 жылдан асыпты.

Білім саласындағы жаңалықтардан қалыс қалмай, іс-тәжірибемізді жетілдіріп, көптеген сайыстар мен семинарларға қатысып тұру – тәрбиешілердің білім деңгейін өсірудің басты құралы деп ойлаймын. Осылайша, биылғы жылы аудандық білім бөлімінің қатынас хаты бойынша Martebe.kz білім порталының ұйымдастыруымен балабақша тәрбиешілерінің арасында өткізілген Республикалық «Үздік балабақша тәрбиешісі» байқауына қатысып, жақсы нәтижеге жетіп, «Бас жүлдеге» ие болдым. Осы ретте, бұл байқауды ұйымдастырып отырған Martebe.kz білім порталының жұмысына үлкен ризашылығымды білдіремін.

Республиканың ең үздік тәрбиешілерінің арасынан «озып шығамын» деп ойламаған мен үшін бұл жүлде үлкен қуаныш болды. Кең байтақ еліміздің алыс ауылы мен қаласында еңбек ететін барлық тәрбиешілерге, жалпы педагогтар үшін қашықтықтан өткізілетін байқаулардың көп көмегі бар деп ойламын. Осы орайда, портал ұжымының жұмысына көңілім толып, санатын көтеруге, білімін кеңейтуге талпынушы барлық тәрбиешілер үшін сайт қызметкерлері мол үлестерін тигізіп отырғанына шын ризамын.

Гулнар Кисметовна әріптестерінің ортасында

Портал ұжымы байқау ережесін түсіндіру, жұмыстарды қабылдап, нәтижесін жариялап, сыйлықтар мен дипломдарды жіберу барысында да тиянақты жұмыс жасап, барлығымыздың алғысымызға бөленді.

Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Құндылықтар жүйесінде білімді бәрінен биік қоятын ұлт қана табысқа жетеді» деген қанатты сөзін негізге ала отырып, Қазақстанымыздың жас ұрпағына құнды тәрбие, саналы білім беруде Сіздермен тығыз әріптестік қарым-қатынаста болып, талмай еңбек етеуге сенім білдіремін.

Құрметпен, Губайдуллина Гулнар Кисметовна


2 ПІКІРЛЕР

  1. Жеңісіңіз құтты болсын Ұлағатты ұстаз Биік белестерден көріне беріңіз

  2. Керемет. Ұстаздардың мәртебесін көтеретін осындай жобаларыңыз көп болсын.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ