Martebe.kz ақпараттық білім порталы жылды қорытындылайды

3
3222

SKILLS ACADEMY мекемесінің құрамына кіретін Martebe.kz ақпараттық білім порталы 2017 жылғы өз жұмысын қорытындылайды.

І республикалық «Жас маман» байқауы — жас мамандарды ынталандырады

Martebe.kz ақпараттық білім порталы 2017 жылдың ақпан айында еңбек өтілі 5 жылға дейінгі білім саласында қызмет етіп жатқан жас мамандарға арналған І Республикалық «Жас маман» байқауын жариялады. Байқаудың мақсаты: жас мамандардың біліктілігін арттырып, өз кәсібіне деген сүйіспеншілігін ояту және олардың мамандығына үлкен жауапкершілікпен қарауға баулу. Байқауға республикамыздың түкпір-түкпірінде қызмет жасап, ұстаздық жолға түскен жас қызметкерлеріміз белсене қатысты. Конкурс нәтижесінде мектеп мұғалімдері арасында Баймухышова Гульдана Галымовна, балабақша тәрбиешілерінің арасында Қалиева Гулнар Серікқызы үздік деп танылып, арнайы статуэтка иегері атанды. Сонымен қатар, жүлдегер жас мамандарға «Үздік жас маман» төсбелгісі тағайындалды.

І Республикалық «Жас маман» байқауының жеңімпаздарының сұхбаты сайтта жарияланды.

Баймухышова Гульдана: Жетекшілігіммен байқауға қатысқан шәкірттерімнің ешқайсы да жүлдеден қағылып көрмепті

Қалиева Гүлнар: «Балалармен болған әрбір уақытым мені жаңа бір әлемге жетелейді»

Жас мамандардың біліктілігін арттыру мақсатында өткізілген бұл байқауға биылғы жылы да көптеп сұраныстар болуда. Байқау алдағы жылы да өз жалғасын табады. Сайт ұжымы байқау шарттарын 2018 жылдың қаңтар айының алғашқы аптасында сайтқа жариялайтын болады.

«Мұқағали мұрагері» төсбелгісі тағайындалды

«Мұқағали мұрагері» төсбелгісі

Хан Тәңірінің мұзбалағы, ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың туған күніне орай ақынның шығармашылығын оқушылар арасында насихаттау мақсатында Республикалық «Қара өлеңнің құлагері» атты байқау өткізілді. Байқауға барлық өңірлерден әдебиетке жаны құштар оқушылар қатысып, өз бақтарын сынады. Ақынның шығармашылығын терең түйсініп, поэзия әлеміне қадам басқан жастарға «Мұқағали мұрагері» төсбелгісі табысталды.

Байқау жеңімпазы

Еліміздің үздік әдіскерлері анықталды

Еліміздің әр өңірлеріндегі балабақша әдіскерлерінің педагогикалық шеберлігін және кәсіби біліктілігін арттыру мақсатында ұйымдастырылған І Республикалық «ҮЗДІК БАЛАБАҚША ӘДІСКЕРІ» байқауы жарияланды. Байқау қорытындысы бойынша үздік әдіскерлерге «Үздік әдіскер» төсбелгісі мен сыйлықтар табысталды. Ал гран-при иегері арнайы тағайындалған статуэткамен марапатталды.

Республикалық «Үздік әдіскер» байқауы 2018 жылы да ұйымдастырылатын болады.

Балалар шығармашылығы  назардан тыс қалмайды

2017 жылы Martebe.kz ақпараттық білім порталында алғаш рет балаларды шығармашылық жұмысқа баулу мақсатында балабақша тәрбиеленушілері мен оқушыларға арналған байқаулар ұйымдастырылды. «Жайдарлы жаз», «Күз — береке бастауы» және «Алтын күз» атты балалар байқаулары өткізілді. Бұл байқауларды өткізу ұйымдастырушы тарапқа оңайға соқпады. Алдағы уақытта балалар шығармашылығына арналған жаңа сайт ашу жоспарлануда. Келер жылы балалар шығармашылығын дамыту үшін жаңа жобалар атқарылмақ.

Республикалық «Үздік балабақша тәрбиешісі» байқауы

Тәрбиешілер байқауына барлық өңірлердегі балабақша қызметкерлері белсенді түрде қатысты. «Кең байтақ еліміздің алыс ауылы мен қаласында еңбек ететін барлық тәрбиешілерге, жалпы педагогтар үшін қашықтықтан өткізілетін байқаулардың көп көмегі бар деп ойламын. Осы орайда, портал ұжымының жұмысына көңілім толып, санатын көтеруге, білімін кеңейтуге талпынушы барлық тәрбиешілер үшін сайт қызметкерлері мол үлестерін тигізіп отырғанына шын ризамын»,- дейді байқау жеңімпазы Гулнар Кисметовна.

Гулнар Кисметовна: «Республика тәрбиешілерінің арасынан озып шығамын деп ойламадым»

Байқау жоғары деңгейде өткізілді. Жүлдегерлердің марапат қағаздары мен сыйлықтары казпочта арқылы жеткізілді.

«Үздік балабақша тәрбиешісі» байқауының жеңімпазы

Тәуелсіздік — ең бағалы құндылық

«SKILLS ACADEMY» мекемесі Тәуелсіздік күні мен Тұңғыш Президент күні қарсаңында  «ТӘУЕЛСІЗДІК – МӘҢГІЛІК ЕЛДІҢ ТҰҒЫРЫ» республикалық оқушылар байқауын ұйымдастырды.

Байқауға келіп түскен таңдаулы шығармашылық жұмыстар ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы қоры сыйлығының иегері www.martebe.kz сайтында жарияланады. Және ең үздік шығармашылық жұмыстары кітап болып басылып шықты.

«Тәуелсіздік — мәңгілік елдің тұғыры» балалар шығармашылығының жинағы

Үздік педагог мамандар бағалы сыйлықтарға ие болды

Qaztest.kz қазақ тілді интернет сайтында ұйымдастырылған І Республикалық Педагогикалық олимпиаданың қорытындысын жариялаймыз. Олимпиада екі кезең бойынша өткізілді. Іріктеу кезеңіне 600-ден астам педагог маман қатысып, оның 200-ге жуығы екінші кезеңге өткізілді. Екінші кезеңнің қорытындысы бойынша 148 педагог жүлделі орындарды иеленді. 

Skills academy мекемесі басшылығының шешімімен жүлдегер ұстаздарға диплом мен арнайы құрмет грамота тағайындалды. Ал ең үздік нәтиже көрсетіп, І орын алған 6 қатысушыға бағалы сыйлықтар (ноутбук, смартфон және планшет) берілді.

Ахмет Байтұрсынов олимпиадасы ұйымдастырылды

Qaztest.kz сайтында ұйымдастырылған І Республикалық Ахмет Байтұрсынұлы атындағы қазақ тілі мен әдебиеті олимпиадасы өз мәресіне жетті. Сәуір айының 15 жұлдызынан 1 мамырға дейін созылған онлайн олимпиадаға республикамыздың түкпір-түкпірінен оқушылар қатынасты.

Сұрақтар мектеп бағдарламасынан дайындалды. Олимпиадаға 5-8 сынып оқушылары белсенді түрде қатысты. Шектік 25 ұпайды 15 оқушы жинады. Олардың ішінде уақыт көрсеткіші жоғары бес оқушыға ақшалай стипендия тағайындалды. Тестті жылдам орындаған 24 және 23 ұпайлар қатарластарынан бір сатыға алға шығуға мүмкіндік алды. Уақыт — ең жақсы капитал. Оқушылардың уақытын тиімді пайдалануға баулу үшін тесттен өтуге 25 минут берілді. 25 минут кейбір оқушылар үшін қиындық тудырса, кейбір қатысушылар 10 минутқа жетер жетпес уақытта тестілеуден өтіп жоғары балл жинады.

Олимпиадаға белсене қатысып, бірнеше оқушылары жүлдегер атанған Атырау қаласындағы дарынды балаларға арналған ұлттық гимназия мен Ақмола облысы, Целиноград ауданы №2 Қосшы орта мектебі «ЕҢ ҮЗДІК МЕКТЕП» атанды.

Тұңғыш республикалық Ахмет Байтұрсынұлы олимпиадасының стипендия (10 мың теңге) иегерлері:

1.  Ескелдинов Дарын (Алматы облысы, Ақсу ауданы Н.Есеболатов атындағы орта мектеп) 

2. Қуандық Ерхан Қуандықұлы (Ақмола облысы, Целиноград ауданы №2 Қосшы орта мектеп) 

3. Жунусова Ақерке (Қызылорда облысы, Қызылорда қаласы №15 мектеп-лицей)

4. Төлегенова Таңнұр Аймұханқызы (Атырау облысы Атырау қаласы Атырау облыстық дарынды балаларға арналған ұлттық гимназия)

5. Серік Азамат (Атырау облысы, Исатай ауданы, Аққыстау орта мектеп)

 

Martebe.kz ақпараттық білім порталы 2017 жылды осылай қорытындылады. Келер жылы да білім саласы үшін атқаратын жобалар мен жақсы жаңалықтарымызбен қуантатын боламыз.

Бізбен бірге болыңыздар!

Жаңа жыл құтты болсын! 2018 жыл құт-береке жылы болсын!

 


3 ПІКІРЛЕР

  1. Жаңа жыл мерекесі қутты болсын, Жаңа жыл қарсаңында жіберілген мақтау қағазын алдым көп рахмет,

  2. Өте тамаша тартымды байқау екен.Маған ұнады.Қатысар едім.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ