Халықаралық көрмелер тарихы туралы қызықты мәлімет

0
1932

1855 жылдың 15 мамырында император Наполеон III Парижде екінші дүниежүзілік ауылшаруашылық, өнеркәсіп және көркемөнер көрмесін салтанатты түрде ашты.

Айта кету керек, бұндай шараларды өткізу Франция үшін таңсық емес еді. Бұл елде ең алғаш рет осындай көрме 1798 жылы ұйымдастырылып, 110 қатысушы өз тауарларын көрермен назарына ұсынған болатын.

Алайда, экспозициялар көп болғанымен, онда тек француз өндірушілерінің жетістіктері насихатталды. Көрмеге келушілер де париждіктер мен буржуазия өкілдері болған еді. Ендігі кезекте бұндай шараны халықаралық деңгейде өткізу көрме ісінің дамуына жаңа серпін беріп, оның одан әрі дамуы үшін жасалуы тиіс нақты қадам болғаны сөзсіз.

1851 жылы Лондонда өткен бірінші дүниежүзілік көрмеде Франция көлемі жағынан ең ауқымды павильондардың бірін иеленген еді. Бұл оқиғадан үлкен шабыт алған Наполеон III келесі дүниежүзілік көрмені Парижде өткізуге бел байлады.

Бұл бастама француз үкіметінен де қолдау тапты. Бір жағынан бұл өз жеріндегі керемет шеберлердің жетістіктерін көрсетуге деген мүмкіндік болса, екіншіден, француз империясын, тіптен императордың өзінің даңқын асыру үшін таптырмас тәсіл еді. Виктория ханшайым мен Наполеон III-нің ресми жүздесуі бұл мәселедегі шешуші қадам болды.

Императордың немере бауыры Наполеон ханзаданың тікелей атсалысуымен өткен көрме өзінің ауқымы жағынан Лондон көрмесінен асып түспесе кем түспеуге тиіс еді. Елисей алаңында (Champs — Elysees) инженер Алексис Баро (Alexis Baтault) мен сәулетшілер Виел (Viel) және Дезжарденның (Desjardins) жобасы бойынша бой көтерген Индустрия сарайы (Le Palais de l’Industrie) британдық Хрусталь сарайынан (Crystal Palace) асып түсті. Оның жалпы ауданы 45 000  құрады. Әйнек шатыры бар тік бұрышты металл кұрылыстың ені 110 метр, ұзындығы 254 метр болса, биіктігі 30 метрге жететін.

Бұл ғимарат ойластырылып отырған көрме үшін тарлық етеді деп шешкен Наполеон III одан өзге тағы бір ғимарат — Машиналар галереясын салуға бұйрық берді. Сена өзенінің жағалауында орын тепкен галерея сол кездің озық технолориясының үлгісі еді. Индустрия сарайы мен Машиналар галереясын өзара байланыстырып тұратын ротонда оларды біртұтас сәулет ансамбліне айналдырған болатын.

Алайда, бұл ғаламат құрылыс 6 адамның өмірін жалмап, 594 жұмысшының  денсаулығына айтарлықтай зиян келтірген болатын. Монтэнь авеньюде (avenue Montagne) орналасқан Көркемөнер сарайы (Le Palais des Beaux – Arts) 20 000  жерді алып жатты. Осылайша барлық көрме павильондарының аумағы 12 гектарға жетті.

Екінші дүниежүзілік көрменің ресми ашылуы 1 мамырға жоспарланған болатын. Алайда, ұйымдастыру шараларына байланысты екі аптаға кешеуілдеп 15 мамырда ашылды. Жазға қарай билеттің алғашқы құны 5 франктен (демалыс күнінен өзге күндері) 1 франкке арзандады. Император 10 000 жұмысшының тегін кіруіне рұқсат бергізді.

Бұл француз шеберлерінің әлемдегі жаңашылдықты көзбен көріп, металл, ағаш және өзге де материалдарды өңдеу ісінде тәжірибе алмасуы үшін қажет болатын. Өздері тұратын жерден аттап басып көрмеген көптеген жұмысшылар үшін бұл тамаша мүмкіндік болғаны сөзсіз. Қонақтарға жайлы болу үшін оларға арнайы жолсеріктер қызметі көрсетілді.

Көпшілік назарына технологияның жаңа жетістіктері ұсынылды. Олардың ішінде шөп кесетін шағын қондырғылар, 2 000 шынаяқ кофені айналдырған жылдам дайындап шығаратын Луазель (Loyzel) перколяторы, Мур (Moore) кіржуғыш машинкасының балама түрі, Зингер деп аталатын киім тігетін машинка, дыбыс шығаратын қуыршақ, алты зарядталған револьвер құрылғысы, жанармаймен іс атқаратын алғашқы көлік құралдары — осының барлығы көрмеге келушілерді тәнті етті.

Көрмеге қойылған ерекше жаңалықтардың бірі фотосуретті нитроклетчатка мен этил спирті қосындысынан жасалған сұйықтықпен шығару процесі болатын. Бұл тәсіл суреттің мейлінше көп көшірмесін жасауға мүмкіндік туғызатын еді. Көрменiң iнжу-маржандарының бірі қолданбалы өнерге бағышталған Империя павильоны болды. Эйфель мұнарасына қарағанда Париждің сол жағалауының керемет көрінісі, атап айтақанда Дүниежүзілік көрме өтіп жатқан «Марс» алаңы ерекше көз тартып тұрды.

Индустрия сарайы

Индустрия сарайының алғашқы жобасы шынымен де керемет дүние болды. Өйткені, ғимарат жоба бойынша таза әйнек пен металдан ғана салынуы тиіс болатын. Алайда консерваторлық көзқарастағы Париж саулетшілер коллегиясы бұл жобаны қабылдамай тастады. Нәтижесінде бастапқы әсем модель қабырғалары таспен қаланған биік ғимарат болып шыға келді. Тек әйнек болып оның төбесі ғана қалды.

Марибо (Marbeau) бұл сарай «раушан гүлдері толы гүлзарды таптап келе жатқан өгізді» елестететінін айткан. Тіпті арада 30 жыл өткен соң Донкур (Doncour) мырза: «Индустрия сарайы стильден жұрдай болған алып құрылым ғана болып қалғанын, оның Елисей алаңының көркін кіргізіп емес, оны бұзып тұрғанын» жазған.

Ғимараттың сыртқы сипатына келсек, оның үзындығы 208 метрді құрайды. Оның орталық бөлігі үлкен арка түрінде жасалған. Елисей алаңынан павильонның орталық бөлігіне дейінгі екі аралықты жалғап тұр. Арканың жоғарғы жағы Роберт Элиастың мүсін ансамблімен безендірілген. Бұл композиция Францияның сипатын беруді мақсат тұтқан болатын.

Нысанның қабырғаларында сол заманның ұлы оқымыстыларының аттары ойылып жазылған: Aрагo, Ампер, Вольт, Ватт және т.б

Сыртқы жағы көмескілеу болғанымен ғимараттың iшi жарық әрі кең болатын. Ол төрт павильоннан тұрды. Ал жертөле мен бірінші қабаттың арасын байланыстырып тұрған ұзын саны 12 баспалдақ бар еді. Сарайдың жалпы аумағы 45 000  құраса , оның 27000  жертөленің үлесіне тиді. Ал бірінші қабаттағы 18 000  аумақ галерея үшін бөлінді.

Іс-шараны 5 миллион адамның тамашалағанына қарамастан, көрме француз мемлекетіне табыс әкелген жоқ. Дегенмен исператордың өзі оған дән риза еді. Өйткені, ауқымды шара француз испериясының даңқын аспандатты. Оның құдіретті де заңды  монархы Наполеон ІІІ мәртебесін асырған болатын.

Дереккөз: Лондоннан Астанаға дейін: халықаралық көрмелер тарихы кітабы

Әзірлеген: Мәлік Мади Арманұлы
Тұран университеті
3 курс студенті


ПІКІР ҚАЛДЫРУ