ХІV–ХVІІІ ғасырлардағы ұлттық әдебиетіміздің жыраулары мен ақындары шығармашылығының негізгі ерекшеліктері

0
738
Иллюстрация: Freepik.com

Ежелгі  заманнан бергі қазіргі Қазақстан мен оған іргелес аймақтардың негізгі басыбайлы тұрғыны,  ата мекен иесі болып тірлік кешіп келе жатқан қазақтар тарихының шамамен отыз ғасырлық уақыт кеңістігін қамтитындығы аян (Арриан. Поход Александра. М-Л,1962);

Пьянков И.В.Средняя Азия в известиях античного историка Ктесия. Душанбе, 1975; Кляшторный С.Г.,  Султанов Т.И.Казахстан. Летопись трех тысячелетий. Алматы,  1992 ж., т.б.). Бұл уақыт ішінде, әрине осы халықтың мәйегі болып табылатын көптеген қазақ рулары,  яки қазіргілердің арғы аталары сандаған халықтармен майдан даласында айқасты. Жеңді. Жеңілді. Басқа жұрттардың санын толықтырды. Сапасын арттырды. Кей тұстарда белгілі бір уақытқа есімін де өзгертті. Қайтадан бұрынғы атын иеленді. Діні мен ғұрпына да өзгеріс енбей қалған жоқ. Мұның өзі оның тілінің өзгеруіне де ықпал жасады. Бірақ, дүниеден мүлде құрып кеткен жоқ.

Бұл аймақтың талай жат жұрттық елдердің әр қилы азаматтарының назарын ертеден-ақ өзіне аударып келгені де ешкімге құпия емес. Өйткені,  ең алдымен мұндай шалқар дала, апайтөс атырапты дүниеге тойымды білмейтін обыр көздер көреді. Қызығады,  иеленсем дейді. Сол мақсатын жүзеге асыру үшін тездете бел шешіп әрекет етеді. Сосын мұндай елдерге жиһанкездер, саяхатшылар,ғалымдардың ынта-ықыласы аумай тұрмайды.

Ал, бұлардың көңіл күйі кейде тек танысам,  білсем дейтін адал ниетті пенделік қызығушылықтан бастау алса, кейде өзінің өмір сүрген қоғамы мен мемлекетінің байысам, өзімдікі етсем дейтін тойымсыз аранына қызмет етумен астасып отырады. Осының өзі  қазақ сахарасына дүниенің әр қиырынан әртүрлі жұрттардың  ат ізін салуына себепкер болды. Қылышын жарқылдатып жеткен парсылар мен макендондықтардың, арабтар мен моңғолдардың, т.б. ауыр қолдары сайын даланың үстін талай рет сайыс алаңына айналдырған. Олардың пәрменділері жорық жолдарын, билік жүргізген тұстарын хатқа түсіріп отырған.

ХVІІІ ғасырдан бергі қазақ елінің тірлігі Ресей жұртымен байланысты болып келгені аян. Бұл елдің де қазақ даласын аралаған саяхатшыларымен, ел билеген әкімдері көрген-білген мағлұматтарын қағазға түсіруден жалықпаған. Олардың бірсыпырасы, тіптен қазақтың өткен өмірі, салт-дәстүрін зерттеп жеке кітаптар жазды. Фольклорлық мұраларын жинақтатып, тасқа бастырып шығарды.

Бертін келе Ш.Уәлиханов,  Ы.Алтынсарин, А.Құнанбаев, Ш.Құдайбердиев, т.б. өзіміздің ұлт өкілдері қазақтың өткен өмірі,  қол бастаған батырлары мен ел басқарған билеушілері, салт-дәстүрі жайлы қалам тербеп,  еліне ой салар шығармаларды дүниеге келтірді. ХХ ғасырдың басында, “Шайыр”, “Көксілдір” сияқты өткен замандардың жыраулары мен ақындарының мұраларын елге таныстыратын кітаптар басылып шықты.

ХХ ғасырдың басында, Кеңес дәуірінде қазақтың білімдар азаматтары М.Тынышбаев, А.Байтұрсынов, Ә.Бөкейханов, Х.Досмұхамедов, С.Аспандияров, М.Әуезов, Қ.Сәтбаев, М.Дулатов, С.Сейфуллин, М.Жұмабаев, Ж.Аймауытов, С.Мұқанов,  Ә.Марғұлан, Е.Бекмаханов, С.Аманжолов, Қ.Жұмалиев, Е.Ысмайылов, М.Ғабдуллин, Б.Кенжебаев, Ә.Қоңыратбаев, т.б. елінің өткен тарихын өзге ұлт өкілдерімен жарыса зерттеді.

Батырлар жырындағы, ақын-жыраулар туындыларындағы көптеген көркемдік жайларға, тарихи деректердің мәні мен мазмұнына ерекше назар аударды. Осындай еңбектердің нәтижесінде, біздің оқу курсымыздың басты обьектісі болып саналатын қазақ әдебиетінің тарихы пәні қалыпты. Оның әсіресе бұлыңғыр жайы мейлінше көп — ХІV-ХVІІІ ғасырлардағы шырғалаң тағдырлы авторлары туралы біраз мәселелердің күмәнді жайлары айқындалады.

Бұл ретте әсіресе Ы.Дүйсенбаев, Х.Сүйіншәлиев, М.Мағауин, Ә.Дербісәлин, Ш.Сәтбаева, Ж.Тілепов, М.Жармұхамедов, Ө.Күмісбаев, А.Қыраубаева, т.б. секілді ғалымдардың атқарған еңбектері ескерілуге тиіс.

Дереккөз: ҚазҰУ, филология факультетінің дәрісі

Ұқсас материал: 

  1. Көркем троптар, олардың түрлері
  2. Әдебиет – сөз өнері.  Әдебиет туралы ғылым, оның салалары.
  3. Өнерінің эстетикалық табиғаты
  4. Сөз өнерінің образдық табиғаты. Образ, жасалу жолдары және оның түрлері
  5. Көркем туынды – әсемдік әлемі. Тақырып пен идея бірлігі
  6. Ғылыми стильдің тілдік амал-тәсілдері
  7. Қазақ әдебиеті бойынша тақырыптық тест жинағы
  8. Көркем шығарма тілі туралы ақпарат
  9. «Бесатар» повесі немесе қызыл империяға қарсы атылған оқ
  10. Өлең сөздің табиғаты. Өлең жүйелері туралы

 


ПІКІР ҚАЛДЫРУ