Қимақ қағанаты (IХ—ХI ғғ. басы) (сабақ жоспары)

0
1564
Иллюстрация: Freepik.com

Сабақтың мақсаты:

-6.4.2.1 Ұлы Жібек жолының қимақтардың қала мәдениетінің дамуына
әсерін анықтау;
— 6.4.1.1 көшпелілер мен отырықшылар арасындағы өзара экономикалық
байланыстарын анықтау.

Зерттеу сұрағы:

Қимақтарда қалалық мәдениетінің дамуын қандай деректер дәлелдейді?

Оқулық:
Қимақ қағанаты (IХ—ХI ғғ. басы). 43–45 беттер.

Ресурстар
Қазақстан тарихы. Көне заманнан бүгінге дейін. 5 томдық. 3-том. Алматы.
Атамұра. 2010.
История Казахстана с древнейших времен до наших дней (Очерк) Алматы.
1993.
Қазақстан (Қазақ елі) тарихы. 1-кітап. – Алматы, 2016.

Тірек сөздер:

— Қимақтар
— Имақия (Қимақия) қаласы.

Көрнекілік:

— Тарихи карта: Оқулықтың 46-бетіндегі Қимақ қағанатының картасы.
— Электронды оқулық;
— Тарихи суреттер

Мақсатты айқындау

Оқушылардың “Ұлы Жiбек жолы” атауының мән-мағынасын түсiнiп алуларына мүмкiндiктер беру. Мұнда бұл жолдар арнайы емес, ежелгi дәуiрден-ақ қазiргi Қазақстан аймағын мекендеген сақ, үйсiн, қаңлы тәрiздi тайпалардың өзара және басқа елдермен қарым-қатынастарында қалыптасқан байырғы соқпақтар негiзiнде жасалғанын көрсетеді.

Кейiнiректе Қытай тәрiздi алып империяның алыстағы алдыңғы Азия елдерiмен сауда-саттық және мәдени байланыстарының арта түсуiнiң осы жолды дамыта түсуге тiкелей ықпал жасағанын, бiртiндеп бұл жолдың көптеген елдер тағдырында шешушi рөл атқарғанын мұғалiм жан-жақты түсiндiредi.

Дамытушылық маңызы — нақты археологиялық және жазбаша деректер негiзiнде қазiргi Қазақстан жерiн мекендеген ежелгi халықтардың көптеген алыс-жақын елдермен байланыстарды нығайтуға о бастан-ақ ынталы болып, жаңа экономикалық деңгейге көтерiлуге ұмтылыстар жасап келгендерiн анықтап бередi.

Тәрбиелiк маңызы — Ұлы Жiбек жолы бойындағы материалдық және рухани қазыналарымызбен таныстыру арқылы жас ұрпақты ата-бабаларымыздың еңбекқорлық дәстүр салтында тәрбиелеуге көмектесу.

Сабақтың деректік материалдары. Сабақты түсiндiруде мұғалiмнiң Еуразия
кеңiстiгiндегi орта ғасырлардағы әртүрлi елдер бейнеленген түрлi түстi оқу картасын пайдаланғаны жөн.

Өткен сабақтардағы әртүрлi тайпалық бiрлестiктер мен қағанаттар туралы оқушылар бiлiмдерiн пайдалана отырып, оларға дейiн баратын сауда жолдарының тармақтарын анықтау қажет. Ұлы Жiбек жолының маңызы туралы деректі фильмнен үзiндiлер көрсетiп, оқушылардың тарихи санасын орта ғасырлар заманымен байланыстыру керек.

Олар сабақ материалдарын тыңдау барысында сауда жолдарының мұғалiм әңгiмелеп отырған замандарда жеке тайпаларды және халықтарды экономикалық тұрғыдан ғана емес, саяси және мәдени жағынан да байланыстырушы рөл атқарғанын айқын аңғарулары тиiс.

Осы сауда жолдары тармақтары ежелгi және орта ғасырлардағы Қазақстан аймақтарында отырықшылықтың және қала мәдениетiнiң жан-жақты өркендеуiне жол ашқандығын оқушылар әртүрлi тарихи, түрлi түстi альбомдардан алынған археологиялық деректер негiзiнде айқын ұғынулары керек.

Сабақты пысықтау барысындағы аса маңызды мәселе — Қазақстан аймағындағы Ұлы Жiбек жолының басты тораптарының бағыттарын оқушылар естерiнде қалдыру екендiгiн ескере отырып, оқушыларды бiрнеше топқа бөлiнiп жұмыс жасауға жұмылдыруға тура келедi.

Бiрiншi топ. “Миға шабуыл” әдісі. Ұлы Жiбек жолының ең басты және халықаралық екi тармақтарын жұмыс дәптерлерiне сызып көрсетедi. Олардың бiрiн тақтаға шақырып, жұмысты оқушылар алдында орындап шығуға мүмкiндiк беруге болады.

Екiншi топ. “Ой қозғау” сатысы. Сириядан Иран, Орта Азия, Оңтүстiк Қазақстан, Талас өзенi арқылы Шығыс Түркiстанға алып баратын жолды анықтаумен айналысады.

Үшiншi топ. “Айқындау” сатысы. Византиядан Дербентке дейiн барып, Каспий теңiзiн жағалай отырып, Маңғыстау арқылы Арал теңiзi жағалауындағы негiзгi жолға келiп қосылатын торапты дәптерлерiнде көрсетедi.

Төртiншi топ. “Анықтау” сатысы. Оңтүстiк Қазақстан мен Жетiсу арқылы өтетiн сауда жолы торабының Орталық және Шығыс Қазақстан аймақтарына апаратын бағыттарын анықтауға назар аударады.

Мұндайда әсiресе сауда жолының Отырар қаласынан шығып, Сарысу өзенiн бойлап Ұлытауға дейiн шығып кететiн “Сарысу жолын” және Тараз қаласынан Мойынқұм арқылы Бетпақдалаға, онан әрi Ертiс бойындағы қимақтарға аппаратын “Хан жолының” маңызы туралы айтуды ұмытпаған жөн.

Кері байланыс

Сабақ қызықты болды ма?
Нені түсінбей қалдың?
Менің сабаққа байланысты пікірім.

Сабақтың түрі мен әдісі

Аралас. Ақпараттық технологияны қолдану, оқушының шығармашылық қабiлетiн дамыту.

Сабаққа қатысты ескертпелер
— Қимақтар туралы қандай жазбаша деректер бар екендігін білеміз;
— Қимақтардың этникалық құрамы және Қимақ мемлекетi туралы
мәліметтер аламыз;
— Қимақтарда қала мәдениетінің қалай дамығанын анықтаймыз.

Бағалау мүмкіндіктері
1. Қимақтар туралы қандай жазбаша деректер бар?
2. Олардың этникалық құрамы жайында айтып берiңдер.
3. Қимақ мемлекетi қашан және қалай құрылды?
4. Олар көршiлес елдермен қандай саясат жүргiздi?
5. Қимақтарда қала мәдениетінің қалай дамығанын сипаттаңдар
6. Картадан Қимақ қағанатының аумағын көрсетiңдер.

Бағалау парақшасы.
Блум таксономиясы бойынша.

“Миға шабуыл” әдісі – 1 ұпай.

“Ой қозғау” сатысы – 1 ұпай.

“Айқындау” сатысы – 1 ұпай.

“Анықта” сатысы – 1 ұпай.

Қосымша тапсырма
1. Оқулық мәтiнiмен жұмыс. Берiлген сұрақтар мен тапсырмаларға жауап
беру.

2. Оқушылар жұмыс дәптерлерiне Ұлы Жiбек жолының бағыттарын толық
сызып, түсiрулерi керек.

3. Кестеге Ұлы Жiбек жолының хронологиялық негiзде өркендеуiн анықтап
көрсету керек.

4. “Мен — Ұлы Жiбек жолының бойындағы саудагермiн” (елшi, дiни миссионер, ғалым және әншi-бишi, суретшi, т.б. шығармада елдi мекендер, тауарлар, т.б. атаулары болуы керек) тақырыбына тарихи шығарма жазуды ұсыну.

Дереккөз: Қазақстан тарихы (Орта ғасырлар): Әдістемелік нұсқау. Жалпы білім беретін мектептің 6-сынып мұғалімдеріне арналған құрал. Т. Омарбеков, Г. Хабижанова, Т. Қартаева, М. Ноғайбаева.

Басқа материалдар:

 


ПІКІР ҚАЛДЫРУ