Эпитет деген не?

0
15787

Адамның не заттың, не табиғат құбылыстарының өзгеше белгілерін көрсету, олардың бейнесін оқушылардың көз алдына елестету, ой-қиялына әсер ету үшін қолданылатын көркем сөздердің бір түрін э п и т е т дейді.

Мысалы: Сұр бұлт, түсі суық қаптайды аспан,
Күз болып дымқыл тұман жерді басқан.

(Абай ).

Алатау қаусырма өркеш шөгіп жатты,
Алабын ақ шудамен бүркеп жауып.
Арда өскен асау аңдар аясында,
Асыр сап ойнап жатты ауық-ауық.

( Ә.Тәжібаев).

Тұрақты эпитет. Тұрақты эпитет деп, көпшілігіне сол нәрсеге тұрақталып бекілген эпитеттерді айтады

Мысалы: Қызыл ту, шұбар төс , сұр жебе, бүлкілдеген бұлшық ет,
қызыл сырлы жебе.

Эпитет болатын сөз таптары:

1. Сын есім (ақшыл бұлт, ащы дауыс, қыпша бел, қарақат көз)
2. Зат есімдер: (күміс ай, алтын күн, меруерт жұлдыз )
3. Есімше: (қайнаған қан, жайнаған күн, күрсінген жүрек)
4. Көсемше: (гүлденіп өскен, аймалап сүю, тістеніп сөйлеу)

Нәрсенің жай қалпын, сынын білдіру үшін қолданылған сөздер эпитет емес, сын есім не анықтайтын сөздер ғана болады.

Эпитет сияқты көрінсе де, эпитет болмайтын сөздер:
Әуеде ұшып жүрген қара қарға,
Үй жанында жүретін ала қарға.
… Ішінде көп сиырдың қасқа сиыр.

Осындағы қара, ала, қасқа деген сөздер — сын есімдер.

Осы аталған сөздер екінші бір жерде эпитет болады.

Мысалы: Ақ қағаз, қара сия, қалам алдым…
Жұп — жұқа ала бұлттар күнді ұзартты.

Мұндағы ақ, қара, жұп-жұқа сөздері жай қалыпты білдіру үшін емес, сол нәрсенің әсерін күшейтіп, көріністі көзге елестету үшін, образ жасау үшін қолданылып отыр.

Адасқан күшік секілді,
Ұлып жұртқа қайтқан ой.
Өкінді жолың, бекінді,
Әуре болма оны қой!

(Абай ).

Бір жолда бір ғана емес, бірнеше эпитеттер қатар келсе, оны эпитеттің күрделі түрі не эпитеттің ұлғайған түрі дейді.

Мысалы: Шоқпардай кекілі бар қамыс құлақ,
Қой мойынды, қоян жақ, бөкен қабақ.
Ауыз омыртқа шығыңқы, майда жалды,
Ой желке үңірейген болса сағақ.

(Абай ).

Осындағы “шоқпардай кекілі бар” деген сөйлемдегі бір теңеуден басқасының барлығы да  э п и т е т.

Басқа материалдар:

  1. Метафора және оның түрлері
  2. Көркем әдебиет стилі туралы 7 факт
  3. Оқу сауаттылығынан мәтін тақырыбын қалай қояды?
  4. Вендинг кәсібінің артықшылығы мен кемшілігі
  5. Метонимия деген не?
  6. Аллегория дегеніміз не?
  7. Миф-әдебиеттің бастауы
  8. Эссе жазудың оңай жолдары
  9. Шығарманы талдай отырып, әдеби сын және эссе жазу
  10. Эссе жазу үлгісі

ПІКІР ҚАЛДЫРУ