Әке жолын қуған ұл. Мұса Шорманов туралы

0
1402
Ұлттық қолөнер - эстетикалық тәрбиенің негізі

…Шорман бидің төрт ұлы: Мұса, Әужан, Мұстапа, Иса және Зейнеп атты қызы болыпты. Зейнеп Шыңғыстың әйелі, Шоқанның анасы.

Біржан салдың Мұсаға арнаған мынадай өлеңі бар:

Ассалаумағалейкум, мырза Мұса,
Жүзіңді бір көруге едім құса.
Қуандық, Сүйіндіктің қазығысың,
Кешегі өтіп кеткен әкеге ұқса.

Шорманнан туған екен төрт асыл тас,
Дәуірлеп орнап отыр мал менен бас.
Мұстапа, Әужан, Иса, Мұса мырза,
Ығыңды паналаған дос пенен қас.

Атың Мұса болғанда, әкең — Шорман,
Артық қылса әркімді тәңірім қылған.
Өзің сұлтан болғанда, інің — болыс,
Егіз болып бар ма екен сендей туған.

Сіз шыққан арғы атаңнан шынжыр балақ,
Орнаған Сізге бақыт аямай-ақ.
Мұсеке, сізге өтірік, маған шын,
Тай-құнан топтан озып болдым саяқ.

Мұсеке, біздің әнге кенелерсің,
Әнімді естігенде бұлбұл дерсің.
Ән салсам даусымды көкке шырқап,
Бұл үйдің сындырады терезесін.

Айтса айтқандай, Мұса Шорманұлы ой-өрісі кең, жатпай-тұрмай елінің қамын ойлаған, орыс әкімдерімен тең дәрежеде именбей, қазақ халқының атынан сөйлесе білген қоғам қайраткері болған.

Баянауылдың аға сұлтаны боп сайланды. Мұса мырза атанды. Атақты күйші Тәттімбеттің «Бес төре» деген күйі бар. Төрелер болғанда «қарадан шығып хан атанған» Құнанбайға, Ыбырайға, Ерденге арналған ішінде Мұса мен Шыңғыс та бар.

Мұса мырза қазақ өмірін, тұрмысын, салт-санасын өте жақсы білген. Этнография, тарих саласында көптеген мақалалар жазып қалдырған: «Павлодар уезінің қазақтары туралы» (1861), «Қазақтың халық дәстүрі» (1871), «Батыс Сібір қазақтарының мал шаруашылығы» (1883) және тағы да басқа еңбектер.

Бас штабтың офицері А.К.Гейнстің айтуынша, Баянауылға 1865 жылы келген оған Мұса мырза саятшылық, қойды күзеу, соғым сою, мал терісін өңдеу, жүнді түту, иіру, жер
ерекшелігін ескере отырып, қыстау салу, жұлдызға қарап ауа райын болжау, көшу-қону туралы сүзілтіп әңгіме айтып, іздесе таппайтын мәліметтер берген екен.

«Соңғы қазақ ханзаданың үйінде» деген мақаласында Г.Н.Потанин Мұса мырза туралы былай деп жазады: «Омбы шаһарында ол табиғатынан ақылды, қазақ өмірін терең білетін адам болып саналушы еді. Жарты ғасырдың шамасында, Омбы әкімшілігі дала халқына ықпал жасауда үш адамның ақыл-кеңесін тыңдады: дала дәстүрін мейілінше
жетік білетін Шыңғыс сұлтанның, оның ұлы Шоқанның, туысы Мұса Шорманұлының.

Омбы кеңесінің архивінен Шоқан жинаған деректер мен Мұсаның айтуымен жазылған қазақтардың шаруашылығы, сот мәселелері сияқты тақырыптағы нелер трактаттар мен ұсыныстарды табуға болар еді».

Ол рас. Шоқан шығармаларының ішінде «Қазақтың Ұлы жүзін басқару туралы» деген Мұса мырзаның да қолының ұшы тиген мақала бар. Мақалада Қоқан хандығының ықпалын азайтып, Ұлы жүздің жалайыр, дулат руларының тұрмыс-салтының қаймағын бұзбай, жайылымдарына қол сұқпай, тарылтпай өздеріне сүйене отырып билеу керектігі айтылады.

Әскери үкіметтен гөрі, азаматтық билікке қарай көшіру ұсынылады. Батыс Сібір генерал-губернаторы Г.К.Гасфорттың атынан жазылған бұл қағазға 1856 жылдың 23-қазанында ІІ-Александр император былай деп қарындашпен бұрыштама соғады: «Әскери үкімет туралы ұсыныс маған қалдырылып, азаматтық басқару жайлы ұсыныс
Сібір комитетінің талқысына берілсін».

Мұса мырзаның тепкен тасы үнемі өрге домалай бермеген. Әсіресе, Сібірде бармағын майға малып байыған неміс билеушілері, Сібір облысы қазақтарының соғыс губернаторы Г.К. Фридрихс, оның кеңсесін басқарушы — Г.К.Кури, Сібірдің жеке корпусының штаб бастығы — А.С.Кроериус т.с.с. Мүса мен Шыңғысқа, Шоқанға оң көзімен қарамаған.

Шоқан генерал-губернатор Г.К.Гасфорттың кетуіне орай 1864 жылы 24-наурызда К.К. Гутковскийге жазған хатында: «Бәрі жаңа тәртіпті күтуде және басқарушының жоқтығын пайдаланып жатыр. Көзді бақырайтып қойып пара алуда. Бүгін қызметтен босатса, ертеңіне ақшаның күшімен бұрынғы жарлық өзгертіле салынады. Менің әкем
Омбыға келуден қалды. Мұса мырза жарға соғылған шабақтай кімге жақындарын білмей жүр»,- дейді.

1860 жылы 1-маусымда Лондонда шыққан А.И.Герценнің «Колокол» газетінің 72 парағында қызық мәлімет берілген: «ІІ-Александр таққа отыруына байланысты келген әртүрлі халықтар өкілі ішінде -Батыс Сібірден келген ақылды, әр нәрсені жеңіл аңғарғыш адам — Мұса Шорманұлы атты қазақ та бар еді.

Москвада жүргенде қызықты әңгіме айтып, қоғамды қарық қылған жас неміс жігітін көріп: «Ақылды немісті көріп түрғаным осы», — деп мақтау сөз айтқан екен. Ауыздан шығып кеткен осы сөз Сібірде немістің іскер сирек кездесетіндігінің айғағы
сияқты»,- деп қорытады газет.

Жиені Шоқанды мейілінше жақсы көрген Мұса мырза оның өсіп жетілуіне, азамат болуына үлкен үлес қосқан. Бертін қартайған шағында да, Шоқанның атын айтқанда екі көзінен жас парлап орыратындығын Г.Н. Потанин жазады.

Жастардың оқуына, білім алуына Мұса мырза қатты көңіл бөлген. 1881 жылы желтоқсанның жетісінде Ақкелін елді мекенінен Г.Н Потанинге жазған хатында: «Көшпелі гимназия туралы ойларыңызды бір жүйеге келтіремін деген ниетіңізді құптай отырып, Сізден сұрайтынымыз: сол жазғандарыңызды бізге жіберсеңіз екен. Өйтпеген күнде халқы надандықтан азып барады» — деп түйеді.

1884 жылдың 26 желтоқсанында алпыс алты жасында Омбы қаласында Мұса мырза Шорманұлы дүние салады. Ақан сері:

«Қаржаста Шорманұлы асты Мұса,
Бақ-дәулет сондай-ақ қой дүние жиса.
Омбының қаласында опат болды
Ғажап емес жігіттер, тәңірім қылса», — деп өкінсе, Мәшһүр Жүсіп Көпеев:

«Мұса бала атанып,
Он үште орын сайлаған.
Бас қосылса жиында
Бұлбұлдай болып сайраған.

Бұлақтай ағып қайнаған,
Сөйлеген шақта көздері
Шамшырақтай жайнаган.
Дүниеден қашан өткенше
Басынан бағы таймаған.

Көп мақсұты бар еді
Халқы үшін ойлаган.
Баяны жоқ сұм дүние,
Кімдерге опа ойлаған», -деп күңіренеді, азалы халықтың ойындағысын айтады, көңілін білдіреді.

Дереккөз: Бір туар дара тұлғалар, Қ.М. Алдабергенов, Е.М. Арын, Б.Т. Бапхкеева

Басқа материалдар:

  1. Торайғыр би өмірінен деректер
  2. Қарадан шығып хан болған — Шоң мен Шорман би туралы
  3. Ел мен жердің намысын қорғап қалған батырлар (Қалқаман батыр, Сәти батыр, Сүйіндік батыр, Бөкенбай батыр, Шотана батыр)
  4.  Қара қылды қақ жарған (Айдабол, Едіге би)
  5. Шорман бидің өмірі туралы
  6. Ғасырлық туынды. Мұхтар Әуезовтың өмірі мен шығармашылығы туралы
  7. Зейін Шашкиннің өмірі туралы очерк
  8. «Бесатар» повесі немесе қызыл империяға қарсы атылған оқ
  9. Асқар Сүлейменовтың өмірі мен қызметі
  10. «Қаһар» романы туралы. Шығарманың тілдік ерекшелігі

ПІКІР ҚАЛДЫРУ