Қара қылды қақ жарған (Айдабол, Едіге би)

0
1900

Айдабол Жанболдыұлы 1660 жылы туған. Қайтыс болған жылы белгісіз.

Орта жүз Арғыннан таралатын Сүйіндік руының бір атасы Айдаболдан Аққозы, Жанқозы, Малқозы, Қарақозы, Тайкелтір, Қожагелді, Қосжетер аталары шығады. Бұлардың бәрі шешен, би, батыр, он саусағынан өнері тамған шебер, ұста болған.

Айдабол — Ақбеттау, Далба болыстарында ұзақ жыл би болып, ел басқарған. Ол елді кейде Айдабол-Қаржас деп те атайды. Айдабол атына байланысты шешендік бітім, билік сөздер, қанатты нақылдар көп.

Едіге би. Едіге би Шоң бидің туған әкесі. Жазушы Қ.Исабаевтың айтуынша, Баянауыл маңындағы төрт рудың басын қосып, қарадан суырылып шығып, алғашқы аға сұлтан болған осы кісі.

Ал, оның би ретіндегі қызметін белгілі ғалым, зерттеуші С.Дәуітов М.Ж.Көпеевтің сөзімен  былайша көрсетеді: «М.Көпейұлының шежіреде Төле би мен Едіге бидің арасындағы әңгімені қысқаша баяндап бергені әрі қызық, әрі тартымды. Едіге Төленің ауылын көріп: «Әділ бидің елін дау араламайды, әділ патшаның жерін жау араламайды», — деген осы екен-ау деп қызығыпты.

Сонда Төле би Едіге бидің адамдарына қарап:Алты атасын арқалап жүрген бар ма екен, жеті атасын жетелеп жүрген бар ма екен? Алмасың болса мойным бар, асылың болса қойным бар. Бұ сөзімді ойлай бер, — деп аяғын баса бергенде, Едіге:

— Ақсақал, кішкене мойныңызды бұрыңыз, киіз кімдікі болса, білек сонікі, шыққан жеріне қайта сыймайды. Жарлық өзіңізден болды, жабдық та өзіңізден, — депті.

Бұл екі бидің терең толғамының қысқаша мән-маңызы: «Едіге елінің бітпей жүрген ескі дауы бар екен. Соны бұрын талай билер келіп бітіре алмапты. Он төрт жасар бала би Едіге ердің құнын екі-ақ ауыз сөзбен тәмамдап, екі елдің арасын жарастырыпты…»

Одан әрі зерттеуші: «Асқан шешендігімен ел ішінде аты аңызға айналған Едіге бидің бір-екі әңгімесін Мәшһүр шежіресінен келтіре кетейік:

«Жарқырап жаз, күркіреп көк шығысымен ат қара тіл болды десіп, Едіге би аттанып, бірсыпыра кісімен Тоғыс бидің еліне барды. Қым-қуыт, шым-шуыт, азан-қазан, у-шу болып жатқан жұрт жайын сұрады».

— Елімізде қаһарлы Жәңгір атанған ханымыз бар еді. Сол ханымыздың жалғыз баласы жардан құлап жайрап қалғанына бүгін сегіз күн болды. «Мен қандай зарлап қалған болсам, жан-жануар, мал да мендей зарласын», — деп жаңа туып жатқан жас төлді өзеннің бір жағына, енесін өзеннің екінші жағына қаматып, иіртіп, сегіз күн, сегіз түн бойы мал баласы жамырамағанына қарамай хан өзі теріс қарап жатып алды — дейді.

— Ханның өзі құдайдың құлы, Мұхаметтің үмбеті ме? — депті Едіге.

— Құдайға құл болмаған, Мұхаметке үмбет болмаған жан бола ма? — деп жауап қайырыпты.

Ертеңгі күннің таңы атып, күні шықты. Жәңгір ханның үйіне барысты… Хан қыбыр етпей жатыр. Сонда Едіге шарт жүгініп отырып, сөйлей жөнеліпті:

— Ақсұңқар ұшты ұядан,
Қол жетпейтін қиядан.
Тұяғы бүтін тұлпар жоқ,
Қияғы бүтін сұңқар жоқ.

Тұлпардың тұяғы
Тасқа байласа кетіледі,
Суға байласа жетіледі.
Теректен — бұтақ,
Теңізден- көбік!

Ақсұңқар әуелеп аспанға ұшты,
Алтын қоңырау үзіліп жерге түсті.

Хан, саған құдайдың бір жабдығы түсті,
Мойның жуан көтересің.
Күшті көтермегенмен, қайтесің!
Оны алған құдай
Одан да күшті,
Бұдан да күшті, -дегенде хан басын көтеріп, көзін ежірейтіп Едігеге қадалып қарай
қалады.

— Көзтаңбалы арғында Едіге деген бір жас бала бар деп естуші едім, солмысың, басқа біреумісің, өзіңді танытшы, — дейді.

— Болсақ, болармын, дейді Едіге.

— Айтқан аузыңнан айналайын, сені тапқан қатыннан айналайын. Көтере алмай жатқан басымды көтерттің, енді өзімді біржолата тұрғызып кетші, — депті. Сонда Едіге:

Сенің бұл қайғың
Жиналған көптің тобында қалады,
Түзу мылтықтың оғында қалады.
Жүйрік аттың тұяғында қалады.

Қыран құстың қияғында қалады.
Жыландай иіріліп,
Құйындай үйіріліп,
Аққан судың бойында қалады.

Аяғын бір басуға ерініп,
Ырғала басқан сұлудың
Қойнында қалады.
Өлім деген, шіркін, өрт емес пе?!

Осы айтылғандар
Оны сөндіретін су емес пе?!
Ит әз құйрығын өзі көтеріп жүрмесе,
Оның құйрыгын кім алып жүрмек дегені,
Адам өз көңілін өзі көтеруге керек,
Дегені емес пе?! — дегенде, хан орнынан ұшып түрегеліпті, — деседі.

Дереккөз: Бір туар дара тұлғалар, Қ.М. Алдабергенов, Е.М. Арын, Б.Т. Бапхкеева

Басқа материалдар:

  1. Қарадан шығып хан болған — Шоң мен Шорман би туралы
  2. Ел мен жердің намысын қорғап қалған батырлар (Қалқаман батыр, Сәти батыр, Сүйіндік батыр, Бөкенбай батыр, Шотана батыр)
  3. Ғасырлық туынды. Мұхтар Әуезовтың өмірі мен шығармашылығы туралы
  4. Зейін Шашкиннің өмірі туралы очерк
  5. «Бесатар» повесі немесе қызыл империяға қарсы атылған оқ
  6. Асқар Сүлейменовтың өмірі мен қызметі
  7. «Қаһар» романы туралы. Шығарманың тілдік ерекшелігі
  8. Ілияс Есенберлиннің өмірі туралы мәлімет
  9. Сәкен Сейфулиннің өмірі мен еңбек жолы
  10. Сәкен Сейфуллин өлеңдерінің идеясы мен мәні
  11. «Қайталау» теориясы туралы түсінік

ПІКІР ҚАЛДЫРУ