Сабақтың мақсаты:
— 6.2.3.2 — Әл-Фарабидің және басқа да ғалымдардың ортағасырлық ғылымның дамуына қосқан үлесін анықтау.
Зерттеу сұрағы
Әлем өркениетінің дамуына түрік мәдениеті қандай үлес қосты?
Оқулық
Әл-Фараби әлемнің ұлы ойшылы. 95–97 беттер.
Тірек сөздер
— Отырар
— Фараби
— Энциклопедия
— Ғылым
— Білім
— Бағдат
Ресурстар
1. Ислам. Энциклопедиялық анықтамалық. Алматы. Аруна Ltd. 2010
2. Отырар. Энциклопедия. Алматы. Арыс. 2005
3. Философиялық сөздік. Редколлегия. Р.Н. Нұрғалиев Ғ.Ғ. Ақмамбетов
Ж.М. Әбділдин т.б. Алматы. Қазақ энциклопедиясы. 1996.
4. Әл-Фараби. Таңдамалы трактаттары. / Құрастырған: Ә,Нысанбаев,
Ғ.Құрманғалиева, Ж.Сандыбаев. Алматы. Арыс. 2009.
Көрнекілік
Әл-Фараби, Фараб өлкесі, әл-Фараби жүріп өткен, өмір сүрген жерлерін қамтитын карта, әл-Фарабидің кітаптарының, трактаттарының, Дамасктегі әл-Фараби кешені суреттері.
Мақсатты айқындау
Түркі және шығыс әлемінің көрнекті ойшылдары қатарында Әбу Насыр әл-Фарабидің түркі және шығыс әлеміне ортақ екендігін, ортақ болу себебін ұғындыру.
Әбу Насыр әл-Фарабидің — “Әлемнің ұлы ойшылы” атануын және оның өмір жолымен таныстыру. Әбу Насыр әл-Фарабидің еңбектері туралы білімін қалыптастыру. Оқушыларды ғылыми ізденуге, шығармашылық қабілетінін арттыруға ұмтылдыру.
Сабақтың деректік материалдары
Орта Азиядан кетпей тұрғанда Әл-Фараби Шаш пен Самарқанға соғып,
біраз уақыт Бұхарада оқып, жұмыс істегені туралы әдебиетте деректер бар.
Ол Бағдатқа барар жолда Иранның көптеген шаһарларында: Исфахан, Хамадан,
Рей (Тегеран), және т.б. болады. Фарабидің саяхатқа шығып, Бағдатқа келген уақыты белгісіз. Кейбір дереккөздерде ол Бағдатқа халиф әл-Мұқтадирдің тұсында (908-932) келгені туралы айтылады.
Бағдатта әл-Фараби білім алуға және ғылыми-танымдық қызметке белсене араласып кетеді: ол әртүрлі тілдерді зерттейді, олардың ішінде парсы, грек, сирия және т.б. бар, бірақ бірінші кезекте өзі бұрын білмеген араб тілін үйренуге ден қояды. (Әл-Фараби. Таңдамалы трактаттары. Алматы. Арыс. 2009).
Сабақ түрі мен әдісі
Ғылыми-танымдық талдау. Тақырып оқушылардың білім мен дағдысын бір жүйеге келтіру, білімі мен дағдысын қалыптастыру мақсатында диспут сабақ өткізуге келеді.
Сабаққа қатысты ескертпелер
Әл-Фарабидің Дамасктегі кешені қызметіне тоқтала отырып, әл-Фараби мұраларын зерттеуге бағытталған халықаралық жобаларды атап, олардың мемлекетаралық маңыздылығын ұғындыру. Әл-Фараби атындағы оқу,ғылыми-зерттеу орталықтарын, жер-су аттарын оқушылардың өз бетінше ізденіп атауын ұйымдастыру керек. Оқушылардың білім мен ғылымға құштарлығын арттыру мақсатында әл-Фарабидің білім мен ғылым туралы нақыл сөздерін интерактивті тақтаға алдын-ала енгізіп қою керек.
Мысалы:
Білімді болу деген — жаңалық ашуға қабілетті болу.
Білім қуған жанның ойы күнделікті күйбеңнен көп алыста жатады.
Шын білім — ақиқат, анық білім.
Ғылым адам санасына болмысы бөлек, ерекше ұтқыр ұғымдарды орнықтыру
арқылы ғана терең ұялайды.
Ғылыммен айналыссам деген адамның ақыл-ойы — айқын, ерік-жігері — зор,
тілек-мақсаты — ақиқат пен адалдыққа қызмет етуге талап жолында болуы шарт.
Оқушыларды шыншылдыққа, адалдыққа тәрбиелеу мақсатында:
Ар-ождан алдындағы адалдық өз қадір-қасиетіңе, ізгі іс-әрекетіңе байланысты.
Шыншылдық адалдықпен ағалас.
Өрге жүзген өнегелі ісімен,
Таңда адал дос өз теңіңнің ішінен.
Адам мақсатына өзін-өзі жетілдіру арқылы жетеді.
Мінез-құлық міні — рухани кеселге жатады.
Өзгенің пікірін иемденіп кету — надандық һәм ниеті қара адамға лайық іс.
Бейқамдық сәтсіздікке бастайды.
Жүргендер көп достық атын малданып,
Қалмағайсың сен де бірде алданып.
Бағалау мүмкіндігі
Оқушылар әл-Фараби шығармаларын және олардың не туралы жазылғандығын нақты айтуын қамтығаны дұрыс.
Қосымша тапсырмалар
Мектеп немесе мектеп орналасқан аймақ кітапханасындағы әл-Фараби мұраларымен таныс.
Білімін шыңдауға берілетін тест.
Тесттен 3 дұрыс жауап тап:ъ
1. Әл Фарабидің еңбектерін табыңыз:
А) “Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары”
В) “Бірінші және екінші категория”
С) “Асыл тастар”
Д) “Риторика”
Е) “Білім мен парасаттылық”
F) “Азаматтық саясат”
G) “Мухаббатнама”
H) “Кодекс куманикус”.
2. Әл Фараби білім алған қалаларды көрсетіңіз:
А) Самарқанд
В) Ходжент
С) Мәскеу
Д) Бағдат
Е) Сарайшық
F) Бұхара
G) Үргеніш
H) Суяб.
Дереккөз: Қазақстан тарихы (Орта ғасырлар): Әдістемелік нұсқау. Жалпы білім беретін мектептің 6-сынып мұғалімдеріне арналған құрал. Т. Омарбеков, Г. Хабижанова, Т. Қартаева, М. Ноғайбаева.
Басқа материалдар:
- Түрiк қағанаты (552—603 жж.) тақырыбы бойынша сабақ жоспары
- Орта ғасырлардағы Қазақстан тарихына жалпы шолу (сабақ жоспары)
- “Ұлы Жібек жолының” халықаралық қатынастардағы орны (сабақ жоспары)
- Наймандар, керейттер және жалайырлар ( сабақ жоспары)
- Қыпшақ хандығы (ХI ғасырдың басы — 1219 ж.) (сабақ жоспары)
- Ислам дінінің орнығуы (сабақ жоспары)
- Түркітілдес халықтардың миграциясының Еуразия тарихына әсері (сабақ жоспары)