Түркітілдес халықтардың миграциясының Еуразия тарихына әсері (сабақ жоспары)

0
2886
Freepik.com

Сабақтың мақсаты:
— 6.3.2.1 тарихи оқиғалардың өзара байланысын табу арқылы түркі тілдес
тайпалардың миграциясын түсіндіру;

— 6.1.1.1 негізгі түркі тілдес тайпаларды атап, олардың Ұлы Далада
қыпшақтану үдерістерінің қалай жүзеге асқанын көрсету.

Зерттеу сұрағы
Түркітілдес халықтардың миграциясы Еуразия тарихына қаншалықты әсерін тигізді.

Оқулық
Түркітілдес халықтардың миграциясының Еуразия тарихына әсері. 54–56 беттер.

Ресурстар
Қазақстан тарихы. Көне заманнан бүгінге дейін. 5 томдық. 2-том. Алматы.
Атамұра. 2010.
Қазақстан (Қазақ елі) тарихы. 1-кітап. – Алматы, 2016.

Тірек сөздер
— Моңғол үстірті
— Байкөл (Байкал)
— Ұлы Гоби шөлі
— Татарлар
— Ұйғыр қағанаты
— Моңғолдар

Көрнекілік
Түркі тілдес халықтардың миграциясы бейнеленген карта, тарихи суреттер.

Мақсатты айқындау
V-VІІІ ғасырлардағы Моңғол үстірті мен Ұлы Дала аймағындағы түркі тайпаларының орналасуымен таныстырып, олардың біртіндеп батысқа жылжу себептерін анықтап, жаңа этникалық топтардың, тайпалардың қалыптасуындағы түркі тілдес халықтардың миграциясының әсерін оқушыларға түсіндіру.

Дамытушылық маңызы — Еуразияның далалық аумағындағы VI — IX ғасырларда орын алған түркі тілдес халықтардың миграциялық үдерістері ортағасырлық Қазақстан территориясындағы қағанаттар мен тайпалар тарихына маңызды этно-саяси өзгерістер әкелгенін көрсету.

Тәрбиелік маңызы — Түркі тілдес халықтардың миграциясы кейініректе қалыптасқан қазақ тәрізді көптеген түркі тілдес халықтарының тарихи тамырларын нығайтуға зор үлес қосып, олардың дербес ұлт ретінде түркілік келбеттерін жоғалтып алмауларына айтарлықтай ықпал жасағандарын оқушыларға түсіндіру.

Сабақтың деректік материалдары.
Мұғалім көрнекілік картадағы түркі тілдес тайпалардың орналасу аумағы мен қоныс аудару үдерісін баяндай отырып, түркі тілдес халықтардың миграциясының Еуразия тарихына әсерін оқушыларға нақты түсіндіреді,себептерін көрсетеді.

Ертіс өзенінің бастауында бұл тұста байырғы Қаңғайлар (Қаңлылардың бабалары), ал олардан оңтүстікте Құйғырлар (Ұйғырлардың бабалары) мекендеген болса, шығысқа қарай Керуленді бойлап, Тоғыз Ғулар (Тоғыз оғыздар бабалары), Белерлер, Тыбалар, Қанаштар, Сір-Ендалар (Қыпшақтардың бабалары), Қоқсырлар, Сегеттер, Янғырлар, Ғидар, Септер (Керейттердің бабалары), Сепсіндер, Ғұндар (байырғы Ғұндардың тарихи отанында қалған ұрпақтары) мекендеген.

Осы түркітілдестерге оңтүстік шығыста манчжуртілдес Қытандар (Қидандар) теңізге дейінгі аймақта қоныстанып, көрші болғанын баяндап, мұғалім солтүстікте Онон өзенінің бастауларынан шығысқа қарай Агни, Қыбыт, Телен немесе Төлеңгіт (Жалайырлардың бабаларының бір бөлігі),Бүркіт (Арғындардың бабаларының бір бөлігі), Тоңра, Байырқы (Алшындардың бабаларының бір бөлігі), Едіз, Тоңра, Ғи, Ақсеп (Керейлердің бабаларының бір бөлігі), Үшет, Ағуан, Арағұн (Арғындардың бабалары), Киік, Күтукиік, Тайған, Құтшы, Мүркет (Меркіттердің бабалары) мекендеген.

Ал Байкөлден терістік батысқа қарай Алақшындар (Алшындардың бабаларының бір бөлігі) орналасқан болса, олардың оңтүстік батысында Кенгундар (Қырғыздардың
бабалары) көшіп-қонып жүрді. Аттарынан байқалып тұрғанындай, Моңғол үстіртіндегі құнарлы өзендер аймағы негізінен түркі тайпаларының атамекені болғанын баяндайды.

Кейіннен Ұлы көшпелі дәстүр-салт және әскери аристократиялық жүйеге негізделген мемлекеттік билік қыпшақтардың Еуразия кеңістігінде этникалық және саяси тұрғыдан кеңінен тарауына алып келді. Осы аймақта өмірге келген көптеген түркі тілдес мемлекеттер өздерінің этникалық және саяси дамуында қыпшақ дәстүрін жалғастырды. Қыпшақ тілі орасан зор аймақта бірқатар түркі халықтарының ұлттық тілінің және мәдениетінің қалыптасуына тікелей ықпал жасады.

Олардың арасында Алаш қауымдастығының негізінде кейіннен жеке ұлт
болып қалыптасқан қазақ халқы да бар. Ұлы Даладағы көптеген тайпалық
одақтар өздерінің тарихи тамырларын осы қыпшақ бірлестігімен байланыстыратынын ұмытуға болмайды.

Сабақтың түрі мен әдісі
Аралас сабақ. Баяндау, пiкiр алмасу, ой бөлiсу, оқушының шығармашылық қабiлетiн дамыту.

Сабаққа қатысты ескертпелер
Тарихи зерттеулерден білетініміз VІІІ ғасырдың орта шеніне дейін Моңғол үстіртін негізінен түркі тайпалары мекендеген. Түркілер отанында біраз уақыт VIІІ-IX ғасырларда Ұйғыр хандығы үстемдік жасады. Бұлар билік жасаған кезінде тарихқа ұйғырлармен қатар Моңғол деп аталатын тайпалық бірлестік шықты.

Сабақтың жоспары
Оқытушы сабақ өткізу барысында оқушылар назарын төмендегідей
мәселелерге аударады;
1. V-VІІІ ғасырлардағы Моңғол үстірті мен Ұлы Дала аймағындағы түркі тайпаларының орналасуы;
2. Олардың біртіндеп батысқа жылжу себептері;
3. Ұлы Далада қыпшақтану үрдісі күшейген тұста орын алған этно-саяси өзгерістер.

Бағалау мүмкіндіктері
1. ІХ-Х ғасырлардағы түркілердің батысқа ығысу себептерін анықта.
2. Қыпшақтардың батысқа жылжуының Ұлы Дала аймағындағы түркі
тайпаларын қандай этно-саяси өзгерістерге ұшыратқанын анықта.

Кері байланыс
Сабақ қызықты болды ма?
Нені түсінбей қалдың?
Менің сабаққа байланысты пікірім.

0 – мүлдем қатысқан жоқ. 1 – орташа қатысты. 2- жақсы қатысты. 3- өте жақсы қатысты.

Қосымша тапсырма
1. Оқулық мәтінімен жұмыс.
2. V-VІІІ ғасырлардағы Моңғол үстіртіндегі түркі тайпаларының орналасуларын картаға түсір.

Дереккөз: Қазақстан тарихы (Орта ғасырлар): Әдістемелік нұсқау. Жалпы білім беретін мектептің 6-сынып мұғалімдеріне арналған құрал. Т. Омарбеков, Г. Хабижанова, Т. Қартаева, М. Ноғайбаева.

Басқа материалдар:


ПІКІР ҚАЛДЫРУ