Өлең сөздің табиғаты. Өлең жүйелері туралы

0
6304
Иллюстрация: Freepik.com

Өлеңдегі ырғақ, дыбыс қайталаушылық. Өлең жүйелері: метрикалық, тоникалық, силлабикалық, силлаботоникалық, әрқайсысының өзіне тән ерекшеліктері. Қазақ өлеңінің силлабикалық жүйеге жататындығы, соған сай ерекшеліктері. Өлең құрылысын талдау.

Қазақ өлеңіндегі шумақ пен тармақ, бунақ, ұйқас түрлері. Өлең – еркін сөйленетін жай сөздер тіркесі емес, ырғағы мен ұйқасы белгілі қалыпқа түскен, шумағы мен бунағына дейін белгілі тәртіпке бағынған нақысты сөздер тізбегі, Абайша айтсақ, өлең – «сөз патшасы, сөз сарасы».

Бүкіл әлем әдебиетіндегі өлеңдер әр халықтың тіл ерекшеліктеріне лайық әр түрлі жүйеде жазылады. Әлем әдебиетіндегі өлең жүйесі төртке бөлінеді: метрикалық, силлабикалық, тоникалық, силлабо-тоникалық. Ең көне түрі – метрикалық (грекше metron — өлшем) өлең жүйесі. Бұл жүйе тұңғыш рет көне Грецияда – б.з.б.ҮІІІ ғасырда пайда болған да, кейін (б.з.б.ІІІ ғасырда ) латын әдебиетіне ауысқан.

Грек пен латын тілдеріндегі дауысты дыбыстардың айтылуында екі түрлі (созымды, созымсыз) машық, яки мақам бар. Көне үнді тілі мен қазіргі араб тіліндегі дауысты дыбыстар да сондай. Грек пен латын, араб пен парсы әдебиетіндегі өлең жүйесі бұл тілдердегі дәл осы ерекшеліктерден туған.

Метрикалық жүйе – әуезді жүйе, оның арқауында ән жатады. Көне дүние әдебиетіндегі өлеңдер әрқашан әнмен айтылған, жай оқылмаған, музыкалы мақаммен оқылған. Метрикалық жүйенің бірнеше түрлері бар: ямб, хорей (трохей), дактиль, амфибрахий, анапест, антипаст, бакхий, антибакхий, амфимакр, екі түрлі  (көтеріңкі, бәсең) ионик, пиррихий, спондей, тримакр, дипирихий, диспондей, гекзаметр, пентаметр, триметр, төрт түрлі пеон,төрт түрлі эпитрит т.б.

     Силлабикалық өлең өлшеміндегі ең шешуші нәрсе – буын: ырғақ пен шумақ, тармақ пен бунақ – бәрі де буынға негізделеді. Силлабикалық жүйе – көп елдің әдебиетінде өткенші ғана құбылыс болды. Мәселен, орыс ақындары (С.Полоцкий, А.Кантемир, Ф.Прокопович, В.Тредиаковский) бұл жүйемен 16-ғасырдың бас жағында силлабо- тоникалық жүйеге көшті. Демек, силлабикалық өлең жүйесі екпіні аумалы- төкпелі тілдерде емес, сөз тіркестерінің буын сапалары бірдей, дыбысталу әуендері ұқсас тілдерде ғана тұрақты.

Айталық ежелден екпін, акцент дегендері көп құбыла бермейтін , құбыла қалған күнде де осылардың өзін онша бұйым көрмейтін чех, поляк, серб, итальян немесе француз өлеңдері секілді, қазақ өлеңі де силлабикалық өлең, буын мәселесі – қазақ өлеңінің құрылысын байыптаудағы басты мәселе. Силлабикадан басқа басты жүйелердің бірі – орыс поэзиясындағы Тредиаковский реформасынан кейін ресми ат алып, айдар таққан тоникалық (грекше tonos – екпін), яки акцентті  (латынша accentus – екпін) өлең.

Бұл өлеңнің өлшемі – екпін : ырғақ пен шумақ, тармақ пен бунақ – бәрі де екпінге негізделеді. Егер силлабикалық өлеңде буын атаулының бәрі есепке алынатын болса, тоникалық өлеңде екпін түсетін буындар есептелмейді. Силлабика мен тоникадан бөлек, сөйте тұра екеуімен де ұқсас негізгі жүйелерінің бірі – силлаботоникалық өлең. Бұл өлеңнің өлшемі — әрі буын , әрі екпін: ырғак пен шумақ, тармақ пен бунақ- бәрі де буын мен епінге бірдей негізделеді. Мұнда буын мен екпін бірдей есепке алынады. Бұл жүйенің  әр бунағындағы екпінді, екпінсіз буындар метрикалық жүйедегі созымды, созымсыз буындарға сыбайлас.

  Ырғақ, яғни ритм – қимылдың,құбылыстың үннің жүйелі, мерзімді, мөлшерлі қайталануы. Ырғақ жасанды емес, табиғи нәрсе, өнерге ғана емес, өмірдің өзіне де тән нәрсе: мезгілімен келіп, мерзімімен кетіп тұратын жаз бен қыс, көктем мен күз, күннің шығуы мен батуы, толқынның жағаға соғуы мен қайтуы –  ырғақты құбылыстар. Адамның аяқ алысы, жүрек соғысы…-бәрі ырғақ. Міне, дәл осылар секілді, өлең де, бәрінен бұрын ырғаққа негізделеді.

Александр Блоктың «ақын-үндестік ұлы»,ақындық-«сөз бен дыбысты үндестікке  әкелу» деген түйінді пікір жай емес. Поэзиядағы ұлы қасиет-үндестік –гармония! Ал сөз бен дыбысты үндестікке әкелетін күш-ырғақ. В.Маяковскийдің: «Өлеңдегі негізгі күш, негізгі қуат-ырғақ»,  деуі де сондықтан болса керек.

В.Маяковский өзінің «Өлеңді қалай жасау қажет?» деген көлемі шағын болғанмен, мазмұны терең мақаласында өлеңнің тууын, демек, ақындық өнердің қиын және қызық құпмясын соншалық тртымды толғайды. Әсіресе, ақынның Сергей Есенинге арналған өлеңінің тууы айта қалғандай! Бұл әңгімесінде де ең шешуші рольді ақын ырғаққа береді. Оның айтуынша, бәрінен бұрын жазылар өлеңнің ырғағы туады. Өзі сол жаңа ырғақты іштей қайталап, қолын соның ыңғайымен сермеп, аяғын соның әуенмен басып, мұрнымен әндетіп келе жатады.

Ырғақ —  өмірде де, өнерде де көп нәрсенің кілті; Өлеңде сөз бен дыбыс үндестігінің арқауы. Өлеңнің әр сөзі – ырғақты сөз. Өлеңді оқу, тыңдау, түсіну, өлеңге тұшыну, толқу, тебірену – бәрі ырғаққа байланысты. Сөз өнерінің өзге түрінен өлеңнің басты ерекшелігі де ырғақта жатыр. Шумақ, тармақ, бунақ – бәрін туғызып жүрген ырғақ.  Жалпы, адам атаулыға ән салдыратын ақын біткенге өлең жаздыратын ырғақ.

Қазақ поэзиясының күллі дамуының кезең-кезеңдерінде қалыптасып, уақыт сынынан өткен, жұрт санасына сіңген буын түрлері: он бір буынды, он буынды, тоғыз буынды, сегіз буынды, жеті буынды, алты буынды, аралас буынды өлең болып келеді.

Дереккөз: ҚазҰУ, филология факультетінің дәрісі

Ұқсас материал: 

  1. Көркем троптар, олардың түрлері
  2. Әдебиет – сөз өнері.  Әдебиет туралы ғылым, оның салалары.
  3. Өнерінің эстетикалық табиғаты
  4. Сөз өнерінің образдық табиғаты. Образ, жасалу жолдары және оның түрлері
  5. Көркем туынды – әсемдік әлемі. Тақырып пен идея бірлігі
  6. Ғылыми стильдің тілдік амал-тәсілдері
  7. Қазақ әдебиеті бойынша тақырыптық тест жинағы
  8. Көркем шығарма тілі туралы ақпарат
  9. «Бесатар» повесі немесе қызыл империяға қарсы атылған оқ
  10. Асқар Сүлейменовтың өмірі мен қызметі
  11. «Қаһар» романы туралы. Шығарманың тілдік ерекшелігі

ПІКІР ҚАЛДЫРУ