Эпостық тек, эпикалық жанрлар. Әдебиеттің үш текке бөлінуі. Әдебиетті текке бөлудің негізінде өмір шындығын бейнелеу тәсілдерінің ерекшеліктері жататындығы. Эпостық тек – эпикалық бейнелеу ерекшелігі. Оның авторлық баяндау-әңгімелеуге құрылатындығы. Эпикалық жанрлар және олардың өзіндік ерекшеліктері.
Эпос (грекше–баяндау, әңгімелеу, тарихтап айту)- көркем әдебиеттің байырғы, негізгі тектерінің бірі, өмір шындығын мейлінше мол қамтып кең суреттейтін, адам мінезін мүмкіндігенше терең ашып, жан-жақты танытатын, іргелі, күрделі жанр.
Эпос – жан-жақты жанр: эпикалық шығармада адамның өмір жолы кеңінен баяндалады, оның басынан кешкен тағдыр мен тіршілік толық жинақталады, ол қатысқан оқиғалар молынан суреттеледі, ол жасаған іс-әрекеттер тұтас бейнеленеді, адамдар арасындағы қарым-қатынастар әр қырынан, айқын көрсетіледі.
Өмір шындығын қамту, адам мінезін ашу мүмкіндіктеріне қарай эпикалық жанр үш түрге бөлінеді: шағын көлемді эпикалық түр; орта көлемді эпикалық түр; кең көлемді эпикалық түр.
Шағын көлемді эпикалық түрге жататын көркем туынды — миф, одан кейінгі әр тұстардағы үлгілері — аңыз, ертегі, мысал, новелла. Миф — табиғат құпияларын, адам не қоғам өмірінің сан алуан сырын қиял ғажайып оқиғаға айналдыра бейнелейтін фантастикалық баян. Бұл байырғы халықтардың бәрінде бар, бірақ түпкі туған төркіні Греция; кейін римдіктерге ауысқан. Мифологиялық эпос — жалпы эпос атаулының басы.
Бұл эпостың идеялық-тақырыптық негізі — адам баласының табиғат пен қоғам туралы ғылым тумай тұрғандағы, алғашқы қауымға тән идеологиялық синкретизм тұсында етек алған анқау әрі аңғырт ұғым-нанымдары. Эпостың көне түрлерінің бірі — аңыз. Бұл да миф секілді әсіресе қиял аралас фантастикалық хикая. Мифтен өзгешелігі — аңыздың негізінде шындыққа жанасымды, көбіне тәтті өмірде болған, халық жадында сақталған оқшау оқиғалар жатады.
Әр халықтың тарихындағы әлдебір абзал адамдар — аса көрнекті қайраткерлер хақында да талай аңыздар туған. Қазақ ауыз әдебиетінде Асан Қайғы туралы аңыз бар. Шағын көлемді эпикаға тән жанрлық түрлердің бірі — ертегі, миф пен аңызға ұқсас, адам өмірінде, не хайуанат дуниесінде болуға лайық, ар алуан қызық, кейде тіпті ғажайып оқиғаларды ойдан шығарып, өсіре әңгімелейтін көркем баян, әсерлі хикая. Ертегілердің тақырыбы ғана емес, табиғаты да әр алуан.
Осы ертегілерден, оның ішінде хайуанат жайындағы ертегілерден туындап шығып, шағын эпостың өзгеше бір түріне айналған нәрсе — мысал (басня). Мысал — эпостық шығармалардың ішіндегі ең қысқа түрі. Әрқашан сатиралық сипатта, көбіне аң, хайуанат, кейде зат туралы жазылады да, сол арқылы адам бойындағы мін, әлеуметтік ортадағы кемшілік күлкіге, келекеге, мазаққа айналдырылып, сықақпен сыналады. Мазмұны бүкпелі болғанмен, идеясы астарсыз ашық, тура, тілі мірдің оғындай өткір, шымшыма, шымыр келеді.
Ежелгі Грециядағы аты шулы Эзоптан басталған (б. э. б. VI ғ.) мысал көне дүниеден күні бүгінге дейін көбіне өлеңмен жазылып келеді: Италияда Федр, Францияда Лафонтен, Германияда Геллерт, Англияда Мур, Россияда Крылов, қазақта Абай. Феодализм мен капитализм тұсында шағын эпоста жаңадан туған түрдің бірі — новелла (итальянша-жаңалық, соны сөз) — «бұрын-соңды көз көріп, құлақ естімеген тамаша оқиға туралы шындыққа сыйымды әңгіме». Новелланың алғашқы белгілері грек әдебиетінде біздің дәуіріміздің басында көріне бастағанымен, ол шағын эпикалық түр ретінде Европадағы Қайта өрлеу дәуірінде туып қалыптасты. Новелла біздің дәуірімізде көркем әңгімемен ұласып, екеуінің ара жіктері жойылып бара жатыр. Әңгіме новелладан кейінірек туған, ұғым болғанымен, екеуінің табиғаты бір. Әңгіме-қиын жанр.
Алдымен, көлемі шағын. Ол — жазушыдан барынша жинақы болуды талап етеді. Содан соң оқырманды бірден үйіріп әкету үшін, сол шағын көлемдегі өмір эпизодының өзі соншалық тартымды, сюжет желісі қызғылықты болуға тиіс. Әңгіменің ең елеулі ерекшелігі — жинақылығы, ал «нағыз күшті, нағыз құдіретті проза — жинақы проза; одан басы артық, айтпауға болатын жайдың бәрі алынып тасталған да, тек айтпауға болмайтын шындық қана қалған. Жинақылық – мұқият мықтының ісі».
Шағын эпостың әңгімеге жақын тұрған бір түрі — очерк. Бұл да қысқа көлемді көркем шығарма. Мұнда да үлкен шындықтың кішкене бір бөлігі, адам өмірінің аздаған эпизоды нәрлі тілмен, әрлі суреттер арқылы шебер, тартымды бейнеленуге тиіс. Бірақ очерктің әңгімеден бірнеше өзгешілігі бар. Ең бастысы: очеркте суреттелетін шындық — ойдан шығарылған нәрсе емес, өмірде болған не бар ақиқат; очерктің қаһарманы — ойдан жасалған бейне емес, өмірде болған не бар адам.
Содан соң, очерк өткен шақтың көне шьндығынан емес, осы шақтың жаңа шындығынан ғана туады. Бұл ретте, очерк —өз кезінің үні, жаңаның жаршысы. Эпостың шағын түріне жататын очерк секілді аралық жанрдың бірі — фелъетон (французша—парақ); бұл да әрі әдеби жанр, әрі газет жанры. Өлеңмен де, қара сөзбен де жазыла береді. Мұның әдеби қасиеті мол жақсы үлгілерінде кәдімгідей көркем бейнелер, қызық мінездер, сатиралық типтер жасалған.
Повесть — орта көлемді эпикалық түрдің үлгісі. Повестің жанрлық ерекшелігі көлемінде емес, мазмұн тереңінде жатады. Орта көлемді эпостың повестен басқа тағы бір түрі — поэма (грекше роіета — туынды) — өлеңді повесть, өмірде болған, не болуға тиіс күрделі құбылыстар мен келелі оқиғаларды, алуан-алуан адам тағдыры мен заман шындығын көлемді, желілі, эпикалық не лирикалық сипаттағы өлең мен суреттеу.
Поэмалар түрлі-түрлі: сюжетті поэмалар да, сюжетсіз поэмалар да болады. Поэмаларда жасалатын адам образдары да әр алуан: эпикалық, образ да, лирикалық образ да, романтикалық образ да, реалистік образ да болады. Поэма —қазіргі қазақ поэзиясындағы мол өркендеп, кең өріске шыққан шешуші жанрлық түрлердің бірі.
Жанрдың үшінші саласы — кең көлемді эпикалық түр. Эпостың бұл түрінде жазылған шығармалар шындықтың жекелеген эпизодтарын суреттеумен тынбайды, әдеби шығармаға арнау болған адам мен қоғам тіршілігін мейлінше кең қамтып, алуан-алуан даму кезеңдерімен тұтас жүйелеп, толассыз қимыл-қозғалыс қалпында жан-жақты жинақтайды. Эпостың осы түрін көбіне роман деп атап жүр. «Роман деген сөз — дейді Пушкин,— ойдан өрбіте баяндалған тарихи дәуір ұғымын береді»..
Белинский да романды «жаңа дәуір эпопеясы» деп түсіндірген болатын. Ал дәуірлік шындықты көркем жинақтау үшін жекелеген адам тағдыры жеткіліксіз, әр алуан әлеуметтік топтардың қым-қиғаш күрделі қарым-қатьнастары, олардың мақсат-мүдделеріндегі бірліктер мен қарама-қарсылықтар, өмір тіршіліктеріндегі өзекті оқиғалар мен кезеңді құбылыстар кең қамтылып, терең тұтастырылуға, сол арқылы жалпы қоғамдық дамудың заңдылықтары танытылуға тиіс. Романның көлемі үлкен, мазмұны қат-қабат, сюжеті меп композициясы орасан күрделі болу себебі де осыған байла-нысты.
Проза — қазақ әдебиетінде кешеңдеу туған, бірақ орасан шапшаң дамыған сала. Абайдың ғақлиясы, Ыбырайдың әңгімелері, Міржақыптың «Бақытсыз Жамалы», Спандиярдың «Қалың малы», Сұлтанмахмұттың «Қамар сұлуы» жаңа туған жас жанрдың алғашқы тәжірибелері ғана болса, тарихи жағынан қысқа мерзім ішінде Б.Майлиннің, М.Әуезовтің, С.Мұқановтың, Ғ.Мүсіреповтің, Ғ.Мұстафиннің, Ә.Нұрпейісовтің күрделі де кесек шығармалары арқылы қазақ әдебиетін дамытты.
Бұл — қазіргі қазақ прозасын, оның ішінде роман жанрын, сөз ете қалғанда атап айтар айрықша сипат. Біздің дәуір — үлкен эпиканың гүлдену дәуірі, роман жанрының жаңа белеске, кең өріске шыққан кезі.
Негізгі әдебиеттер:
- Мақпыров С. Әдебиеттің тектері мен түрлері. Алматы, 1994.
- Қабдолов З. Сөз өнері. Алматы, 1992, 2002.
- Жұмалиев Қ. Әдебиет теориясы. Алматы, 1969.
Қосымша әдебиеттер:
- Ахметов К. Әдебиеттану әліппесі. Алматы, Қазақпарат, 2000.
- Ахметов К. Әдебиеттануға кіріспе. Қарағанды, 2004.
- Джуанышбеков Н.О. Введение в литературоведение. Алматы, 2005.
Дереккөз: ҚазҰУ, филология факультетінің дәрісі
Ұқсас материал:
- Көркем троптар, олардың түрлері
- Әдебиет – сөз өнері. Әдебиет туралы ғылым, оның салалары.
- Өнерінің эстетикалық табиғаты
- Сөз өнерінің образдық табиғаты. Образ, жасалу жолдары және оның түрлері
- Көркем туынды – әсемдік әлемі. Тақырып пен идея бірлігі
- Ғылыми стильдің тілдік амал-тәсілдері
- Қазақ әдебиеті бойынша тақырыптық тест жинағы
- Көркем шығарма тілі туралы ақпарат
- «Бесатар» повесі немесе қызыл империяға қарсы атылған оқ